Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзі басқаратын мемлекеттік мекеме БАҚ және журналистердің әлеуметтік желідегі аккаунттарын бұғаттаумен айналыспайтынын мәлімдеді.
Балаеваның сөзінше, мемлекет азаматтардың ой-пікірін білдіру құқығын және сөз еркіндігін шектеуге мүдделі емес.
"Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес. Керісінше, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ бұл Министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіреді", – деп жазды Балаева Facebook-парағына.
Ол өзі басқаратын министрлік масс-медиа саласындағы уәкілетті орган ретінде ең алдымен сөз бостандығына кепілдік беретін заңды құқықтардың жүзеге асуына қолдау көрсететінін, сонымен бірге сөз бостандығы таратылатын ақпарат үшін жауапкершілікті де талап ететінін айтқан.
"Бір адамның құқығы екінші адамның құқығын бұзу есебінен жүзеге аспауға тиіс. Қоғамдағы мәртебе де ешкімге заң талаптарын елемеуге артықшылық бермейді" деген шенеунік.
Бұған қоса министр әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін "заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге" шақырды.
"Алайда заңға қайшы материал мен заңды түрде айтылған пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың ара-жігін нақты ажырату аса маңызды. Заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуге тиіс" деді ол.
Балаева мұны қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушы бңр топ ұйым Қазақстанда Құрылтай сайлау қарсаңда елде тәуелсіз журналистерді қудалау күшейгеніне алаңдап, Астананы қысымды доғаруға шақырып мәлімдеме жасағаннан кейін айтып отыр.
Мәлімдеме авторлары Қазақстан билігін журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қысымның кез-келген түрін дереу тоқтатуға үндеген. Олар қылмыстық және әкімшілік заңдарды тәуелсіз журналистикаға кедергі жасауға немесе оларды жазалау үшін қолданбауға, оған қоса журналистер мен БАҚ-тарға алдағы болатын сайлау және қоғамдық маңызы бар мәселелер жөнінде қудалау мен қысымға тап боламын деп қорықпай еркін хабар таратуына мүмкіндік беруге, олардың еркін жүріп-тұруын шектемеуге шақырған.
Олар кейінгі кезде Қазақстанда журналистер Динара Егеубаева, Лұқпан Ахмедияров, Александра Алехова (Сенцова) және саяси шолушы Азамат Омаровқа қатысты қозғалған істерді сөз еркіндігіне қысымның айқын көрінісіне жатқызған.
14 тамыз күні Алматыда өтіп жатқан сот процесінде прокурор Қуаныш Қанапиянов сотқа Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенованы тағылған айыптардың жиынтығы бойынша сегіз жылға бостандығынан айыруды және жазаны өтеуді екі жылға кейінге қалдырып, Бажкенованы бес жыл журналистік, қоғамдық және басшылық қызметпен айналысу құқығынан айыруды ұсынды. Жалған ақпарат таратты, ұйымдасқан топ құрамында немесе аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденді, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты деген айыптар тағылып, 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бері үйқамақта отырған Бажкенова өзіне тағылған айыптардың ешбірін мойындамайды.