Accessibility links

"Билік бақылауды күшейту жолын таңдады": Әлеуметтанушы сайлау қарсаңындағы Қазақстанды сипаттады

Сайлау алдындағы үгіт-насихат қағаздары ілінген стендтің жанынан өтіп бара жатқан жастар. Астана 2026 жылғы шілде.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат қағаздары ілінген стендтің жанынан өтіп бара жатқан жастар. Астана 2026 жылғы шілде.

Қазақстанда парламент сайлауы жақындап келеді. Азаттық Азия редакциясы PaperLab зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаевпен сөйлесіп, сайлау науқанының қалай өтіп жатқанын талқылады.

Биыл Қазақстанның жаңа конституциясы қабылданып, парламенттегі қос палатаның орнына Құрылтай дейтін жалғыз палата құрылмақ. Сайлау 23 тамыз күні өтеді. Оған жеті партия тіркелген: "Ақ жол", Respublica, Халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, "Ауыл", "Байтақ" және биыл маусымда құрылып, артынша билік партиясы болған "Аманатты" өз құрамына қосып алған "Әділет".

Олардың ешқайсысы оппозициялық партия саналмайды: барлығы президенттің бағытын қолдайтынын мәлімдейді. Жаңа парламентте 145 мандат болса, партиялар барлығы 545 кандидат ұсынған. Бұл сайлауда өзін-өзі ұсынған кандидаттар болмайды.

Сайлау қарсаңындағы Қазақстан

Азаттық Азия: Қазақстандағы сайлау алдындағы ахуалды қалай бағалайсыз?

Серік Бейсембаев: Меніңше, біз әлі де Қаңтардан кейінгі кезеңде өмір сүріп жатырмыз және қазіргі оқиғалардың көбі 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларымен байланысты. Билік Қаңтар кезіндегі наразылық мобилизациясынан қорқып қалды. Ақорда халықтың ұйымдасып, режимге қарсы шығып, талап қойып, қарсылық көрсете алатынын көрді.

Содан кейін биліктің алдында таңдау тұрды деп ойлаймын: либерализация мен саяси реформалар жолына түсу немесе билікті одан әрі шоғырландырып, бақылауды күшейту. Көріп отырғанымыздай, екінші жол таңдалды. Бұрын қысымның негізгі нысанасы ірі медиалар мен партия құруға талпынған саясаткерлер болса, қазір бұл шеңбер кеңейді: журналистер, блогерлер, стендапшылар, белсенділер, тіпті қарапайым әлеуметтік желі қолданушылары да қысымға ұшырай бастады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікті толық шоғырландырып, Нұрсұлтан Назарбаевтың ықпалынан шығып, толыққанды президентке айналды. Жаңа Конституция – оның Қазақстандағы билік қандай болуы керек деген көзқарасының көрінісі. Енді жаңа парламент болады, онда өзін-өзі ұсынған депутаттар болмайды, оған тек дербестігі жоқ партиялардың тізімі арқылы ғана өтуге болады.

Азаттық Азия: Қанды Қаңтардан кейін өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік беретін аралас жүйе енгізілді. Кейін одан бас тартты. Себебі неде?

Бейсембаев: Қаңтардан кейін қоғам өзгеріс күтті. Билік халықты тыныштандырып, өзінің легитимдігін нығайту үшін белгілі бір қадамдарға баруы керек болды. Сөйтіп мажоритарлы жүйені [ішінара] қайтарды. Онымен шектелмей, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау туралы да айтылды. Қазір сол реформалардың бәрінен бас тартып, қайтадан пропорционалды жүйеге оралғанын көріп отырмыз.

Азаттық Азия: Билік пропорционалды жүйеде сайлаушының назары жеке тұлғадан партия бағдарламасына ауысады, ал партиялар азаматтардың түрлі топтарының мүддесін жақсырақ білдіреді және түрлі мәселені шешуде кәсіби әрі білікті болады деп түсіндірді.

Бейсембаев: Парламенттің басты функциясы – кәсібилік емес, өкілдік ету. Парламентке азаматтардың мүддесін қорғайтын адамдар келуі керек. Ал кәсібилікті кім және қандай өлшеммен анықтайды?

Меніңше, мажоритарлық жүйе енгізілген кезде өңірлерден сайланған депутаттардың әлдеқайда дербес болатыны байқалды. Олардың дербестігі партия ішінде де көрінді. Өйткені сайлаушылардың қолдауын сезінетін депутат – мүлде басқа депутат. Оны бақылау қиынырақ.

Азаттық Азия: Бірақ өзін-өзі ұсынған депутаттар азшылық болды ғой...

Бейсембаев: Иә, бірақ билік сол шағын арнаның өзін жабуды жөн көрді, өйткені қорықты. Жүйе қандай да бір баламаға дайын емес екенін көріп отырмыз. Авторитарлық жүйелерде халық арасында танымал болып кетуі мүмкін саясаткерлерден қорқады. Барлығы президенттен төмен, әлсіз әрі көзге түспейтін болуы керек. Ешкім Тоқаевқа көлеңке түсірмеуге тиіс.

Азаттық Азия: Әлеуметтану тұрғысынан алғанда, "шағын арнаның" жабылуы халыққа қалай әсер етеді?

Бейсембаев: Адамдар биліктен, саясатқа қатысудан одан сайын алшақтай түседі. 2023 жылы сауалнама жүргізген едік, сол кезде респонденттердің 65 пайыздан астамы партиялар сайлаушылардың мүддесін көздемейтінін айтқан. Қазір, өкінішке қарай, сайлау алдында сауалнама жүргізуге мүмкіндігіміз жоқ, өйткені Орталық сайлау комиссиясы сауалнама өткізуге келісім бермейді.

Азаттық Азия: Бұл көрсеткіштердің қалыптасуына негіз болған себептер қандай?

Бейсембаев: Біріншіден, адамдардың сайлаудан көңілі қалған. Осы жылдар ішінде партияларға деген қызығушылық та жоғалды. Қарапайым сайлаушы үшін партиялардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ.

Мен университетте сабақ беремін. Студенттерден қандай партияларды білетінін сұрасаң, бір-екі студент "Нұр Отанды" ("Аманаттың" бұрынғы атауы – ред.) атауы мүмкін – бар болғаны сол.

Бірақ осыған қарап, олар саясатқа қызықпайды деп айтуға болмайды. Оларға АҚШ-та болып жатқан оқиғалар, Израиль мен палестиналықтар арасындағы соғыс және тағы басқа тақырыптар қызық. Әлемдегі жағдайдан хабардар. Бірақ Қазақстандағы саясат оларды қызықтырмайды. Мұның себебі – адамдар ұзақ жылдар бойы саясатқа, шешім қабылдау процесіне, сайлауға қалай да бір ықпал ете алатынын сезінбеді.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев. 2 тамыз 2026 жыл.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев. 2 тамыз 2026 жыл.

Сайлаушылардың мінез-құлқы мен көңіл күйі туралы

Азаттық Азия: Құрылтай сайлауы қарсаңында сайлаушыларды шын мәнінде не қызықтырады деп ойлайсыз?

Бейсембаев: Ең алдымен әлеуметтік-экономикалық мәселелер: бағаның өсуі, экология және жемқорлық. Адамдарды мемлекеттік басқарудың сапасы, яғни көшелерді жөндеу, бюджетті игеру сияқты мәселелер алаңдатады. Жалпы, бұл күн тәртібі жария саясатта мүлде өзекті тақырыпқа айналмай отыр.

Мысалы, қазір сайлау кезінде бизнес өкілдерін алаңдататын Салық кодексі бойынша пікірталастарды көруіміз керек еді. Немесе экологиялық мәселелерді қалай шешу керектігі туралы пікірталас болуға тиіс. Мысалы, Алматы үшін ауа сапасы – негізгі проблемалардың бірі.

Қазақстанда пікірсайыстар бірнеше кезеңнен тұратын болып жоспарланған. Біріншісі 29 шілдеде "Қазақстанның болашағы – адами капитал" тақырыбында өтті. 5 тамыздағы теледебат білім тақырыбына арналды. 12 тамыздағы пікірсайыс тақырыбы – "Әділетті қоғамның негізі ретінде заң үстемдігі". 19 тамызға теледебаттың соңғы ірі кезеңі – партия төрағаларының сөзжарысы жоспарланған.

Азаттық Азия: Бұрын қос палаталы парламент болған кезде сенат бар еді. Оның құрамына әр облыстан екі депутат кіретін. Енді сенат болмайды. Бұл облыс тұрғындарының парламенттегі өкілдігіне әсер ете ме?

Бейсембаев: Бұл көбіне формалды өкілдік болатын. Соған қарамастан, адамдар өз өңірінен осындай бір сенатор депутат сайланғанын айта алатын. Бірақ бұл функцияны мажоритарлық жүйе бойынша сайланған депутаттар әлдеқайда жақсы атқарды. Ол адамдарға билікпен байланысын сезінуге мүмкіндік берді.

Қазір ондай мүмкіндік жоқ болғандықтан, шешім қабылдау жүйесі мен қоғамның арасында орасан зор алшақтық бар екенін көріп отырмыз. Бұл тек өкілдік мәселесі емес. Жүйелі мәселелер көлеңкеде қалып отыр. Ал алдыңғы қатарға қауіпсіз әрі өте тар топтардың мүддесіне жауап беретін мәселелер шығарылмақ.

Азаттық Азия: Ол қандай мәселелер?

Бейсембаев: Цифрландыру, креатив индустриясы сияқты тақырыптардың көтеріліп жатқанын жиі естимін. Тіпті осы бағыттарға арнайы ведомстволар құрып, ақша бөліп жатыр.

Бұл – өз белсенділігіңді көрсетуге, мәселе көтеруге, заң бастамаларын ұсынуға болатын бір "құмсалғыш" сияқты. Бірақ бұл проблемалар адамдарды шын мәнінде қаншалықты алаңдатады? Міне, осы мәселе назардан тыс қалып отыр. Бұл – өте тар топтың айналасына шоғырланған және азаматтардың мүддесі өкілдік таппаған жүйенің айқын салдары.

Байланыстың жоқтығынан қоғамды шын мәнінде алаңдататын мәселелер шешім қабылдау орталығына жетпей қалып жатыр.

Бұл – кез келген жабық саяси режим тап болатын тұзақ. Төменде проблемалар жиналады, шиеленіс күшейеді, ал жоғарыда "Хабар" телеарнасынан көрсететін әдемі көрініс жасалады. Осы алшақтық ұлғайған сайын шиеленіс те күшейе береді және ерте ме, кеш пе тағы бір жарылыс болады.

Азаттық Азия: Қандай мәселе қауіпті саналады?

Бейсембаев: Меніңше, ең алдымен саяси және азаматтық құқықтар, азаматтық еркіндік мәселелері. Саяси тұтқындар (Ақорда Қазақстанда саяси тұтқындар мен пікір білдіргені үшін қудаланған азаматтар жоқ деп мәлімдейді — ред.), ашық сөйлегені үшін қылмыстық жаза алған адамдар мәселесі. Бұл тақырыптарды парламенттен көрмейміз.

Сондай-ақ өте күрделі келісімдерді талап ететін, олигархиялық топтардың мүддесіне қайшы келетін мәселелер бар. Мысалы, экология, жылу электр орталықтары, көмірден газға көшу мәселесі.

Бұрын азаматтық белсенділер наразылық акциялары, жұмылдыру арқылы қалай да бір ықпал ете алатын. Қазір оның жоқ екенін көріп отырмыз. Бейбіт жиналыстар да қауіпті тақырыптардың қатарында. Сайлау өткізу, сөз еркіндігі мәселелері де солай. Саясатқа, азаматтардың мүддесіне қатыстының бәрі ысырылады.

Азаттық Азия: Қазір сайлау алдындағы көңіл күй қандай?

Бейсембаев: Белсенді де, бәсең әртүрлі топтар бар. 2019 жылды бастапқы нүкте деп алайық. Сол жылы Назарбаев президенттіктен кетті. Содан бері өрлеу де, құлдырау да болды. Бір кездері өзгерістерді күтіп жүрдік, ауада еркіндік рухы сезілді. Кейін жұрттың көңілі қала бастады. Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертті, адамдар ұсталды, жаппай митингілер өтті, 2021 жылғы қаңтарда парламент сайлауы болды.

2021 жылдың желтоқсаны үміт пен көңіл қалу арасындағы алшақтық шарықтау шегіне жетіп, артынан Қаңтар оқиғасы болды. Қаңтардан кейін өзгерістерді күту қайта күшейді және 2023 жылға дейін жалғасты. Сол жылы парламент сайлауы өтіп, үміт ақталмады – түрлі саясаткерлер тобына партия тіркеуге мүмкіндік бермеді. Сол кезде қоғам ескі режимнің ешқайда кетпегенін түсіне бастады.

Кейін Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуін енгізді (2024 жылғы наурыз), АЭС бойынша референдум өтті, салық кодексі қабылданды. Осы секілді бірқатар шешім адамдардың үкімет пен режимге деген көңілін қатты қалдырды. Сол кезде "Назарбаевтың кезіндегіден де жаман болып кетті" деген сөздер айтыла бастады. Назарбаевтың "менен кейін қиын болады" деген ескі видеоларына қатысты әзілдер тарады. Яғни қоғамның бір бөлігінде ностальгиялық көңіл күй пайда болды.

Бұл уақытта инфляция жүріп, халықтың тұрмысы нашарлады. Конституциялық реформадан кейін көңіл қалу күшейді. Тоқаев басқа президент болады деген үміт сейілді. Қазір қоғам апатиялық күйде. Оған қоса, жұрттың көңілін үрей басқан.

Бір-екі ай бұрын сауалнама кезінде билікті сынау қаншалықты қауіпті екенін сұрадық. Респонденттердің 70 пайызға жуығы билікті сынау белгілі бір деңгейде қауіпті екенін айтты. Бұл – қоғамда қорқыныш, апатия, немқұрайлылық және жеке өмірге ойысу үрдісі басым екенін көрсетеді.

Азаттық Азия: Жеке өмірге ойысу дегенді қалай түсінуге болады?

Бейсембаев: Қоғамдық және жеке өмір бар. Авторитарлық режимдердің ерекшелігі – олар адамдардың саясатқа қызықпағанын және төрт жылда бір рет қана сайлауға барып, өздерінің адалдығын көрсеткенін, ал қалған уақытта жеке өмірімен айналысқанын қалайды.

Сондықтан "Өзіңнен баста", "Саясатқа тек кәсіби мамандар келуі керек", "Саясатқа араласпа", "Жоғарыдағылар өздері шешеді" деген нарративтерді жиі естиміз. Адам ипотекасын төлеп, ауласын, үйін реттеумен өмір сүре береді.

Бірақ бәрібір адамдардың көкейінде әділетке деген сұраныс бар. Қорқыныш күшейген кезде бұл сұраныс дауысы бәсеңдейді. Бірақ жұрт әділетсіздікті іштей сезіп жүреді. "Бұл дұрыс емес, бұлай болмауы керек еді" деген ішкі дауыс болады.

Мысалы, белсенділерді түрмеге қамағанда осындай күй пайда болады. Ал біз "мүмкіндіктер терезесі" деп атайтын уақыттарда, яғни өзгерістер, сайлау болған кезде, ішкі дауыс сыртқа шығады.

Қазір адамдар үнсіз, пікірін білдірмейді, өз шаруаларымен айналысады. Бірақ бұл олардың ішінде "бұлай болмауы керек" деп тұрған дауыс жоқ дегенді білдірмейді. Қазақстан қоғамы кейінгі 20 жылда қатты өзгерді. Өз пікірін білдірудің жолын іздейтін, өзгерістерді қалайтын және биліктен басқа қарым-қатынас күтетін ұрпақ өсті. Қоғамның өзгеріске деген сұранысы жоғалған жоқ. Біз үнемі сауалнама жүргіземіз, онда респонденттердің 70 пайыздан астамы өзгерістер қажет деп жауап береді.

Азаттық Азия: Халық үшін ең маңызды мәселе қандай?

Бейсембаев: Ең басты мәселе – сайлаудың қалай өтетіні. Бұған дейінгі сайлаулар оның бұрмаланатынын, дауыс санаудың ашық еместігін, бюллетеньдердің сақталмай, бірден жойылатынын көрсетті. Сайлаудан шеттетіліп, оған жіберілмейтін тәуелсіз бақылаушылар мәселесі талқыланбайды.

Адамдардың дауыс беру, қатысу, кандидат ретінде өзін ұсыну сияқты конституциялық құқықтарына қатыстының бәрі талқыланбайды. Бірде-бір партияны қолдамайтын адамдардың партиялық тізімге енуі мүмкін емес екенін білеміз. Яғни өте көп адам саясатқа қатысудан шеттетілді. Бұдан: "егер менің атымнан ешкім өкілдік етпесе, менің кандидатым немесе партиям болмаса, сайлауға не үшін баруым керек?" деген сұрақ туындайды.

Қазақстандағы сайлауға берілетін бағалар әртүрлі: билік әдетте сайлауды ашық әрі стандарттарға сай өтті деп бағалайды, ал ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның тәуелсіз бақылаушылары әр сайлау сайын сол баяғы кемшіліктерді атап жатады. Мәселен, 2023 жылы ДИАҚБ миссиясы партияларды тіркеуге қойылатын талаптар жеңілдетілгенімен, кейбір партиялардың әлі де сайлауға қатыстырылмайтынын және мұның халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін атап өтті. 2022 жылғы президент сайлауында бақылаушылар ДИАҚБ-ның бұған дейінгі ұсынымдары орындалмағанын, ал нормативтік база ЕҚЫҰ стандарттарына толық сәйкес келмейтінін айтты. Қазақстан билігі мұндай сындарды қабылдамайды: 2023 жылы Сыртқы істер министрлігі миссияның бағасы "басқа беделді халықаралық ұйымдардың қорытындыларымен үйлеспейді" деп мәлімдеді және бұл – миссияның біржақты екенін көрсетеді деді.

Азаттық Азия: Бірде-бір партияны қолдамайтын сайлаушылар үшін "Бәріне қарсымын" деген баған қосылды.

Бейсембаев: "Бәріне қарсымын" деген бағанды әдетте оппозициялық электорат таңдайды. Бірақ бұл адамдар қазір жұмыла алмай отыр. Сол себепті олар не сайлау учаскесіне бара қоймайды, барса да ең белсенділері барады.

Реформалар және олардың халыққа ықпалы

Азаттық Азия: Әңгімеміздің басында ауыл әкімдерін сайлау туралы айттыңыз. Енді бұл сайлауды алып тастап отыр. Бұл шешімді "елде сайлау тым көбейіп кетті, азаматтар саяси науқандардан шаршай бастады" деп түсіндірді. Мұны президенттің өзі де айтқан.

Бейсембаев: Келіспеймін. Иә, бізде әкімдерді сайлау жүйесі енгізді-ақ. Бірақ іс жүзінде бұл "көзбояушылық" болды. Көбіне бұрынғы әкім орынбасарлары, не әкім болуы керек деп жоғарыдан көрсетілген адамдар сайланды. Формалды түрде бұл сайлау болғанымен, іс жүзінде тағайындау еді.

Бірақ жекелеген учаскелерде бақылаушылардың арқасында шын мәнінде сайлау өтті. Мысалы, "Жария" тәуелсіз бақылаушылары (Қазақстанның батысында) бірнеше округте әділ дауыс беруге қол жеткізді. Ол жерде адамдар шынымен дауыс берген әкімдер сайланды. Бар болғаны бірнеше адам, бірақ солардың өзі-ақ өзге әкімдерден ерекшелене түсті. Бұл өте қызық.

Депутаттар жайында да осыны айтуға болады. Екі-үш адам осы бақылаушылардың арқасында депутат болып сайлана алды. Олардың риторикасы, белсенділігі мүлде басқа. Дей тұрғанымен, мұның бәрі – ережеден тыс санаулы жағдайлар. Мұндай кейстер теңіздегі тамшыдай болғандықтан, "жаңа" Қазақстанға жүйелі өзгеріс әкеле алмайды.

Мемлекеттік талдау құрылымдары 2022 жылғы қарашада аудан әкімдері мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлауды енгізуді, ал 2023 жылы оны "пилоттық" түрде іске қосуды азаматтардың саяси құқықтарын кеңейту және электоралдық мәдениетті арттыруға жасалған қадам деп бағалады. Алайда бірқатар басылым жеңімпаздардың арасында қазіргі әкімдер немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ биліктегі партия мүшелері жиі кездескенін атап өтті. Бұл сайлаудың шынайы бәсекелестігіне күмән туғызды. Vlast.kz басылымының дерегінше, 2023 жылы жеңіске жеткен 45 адамның 29-ы бұған дейін әкім қызметін атқарған, 12-сі әкім орынбасары болған. BES.media мәліметінше, жеңімпаздардың басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 37 адам билік партиясы "Аманаттың" мүшесі болған.

Азаттық Азия: Әкім сайлауы жүйелі түрде көп нәрсені өзгерте алмаса, неге одан бас тартты?

Бейсембаев: Өйткені жартылай жүкті болу мүмкін емес. Егер жүйені өзгертсең, оны толық өзгерту керек. Бір компонентті алып, сол жерде сайлау енгізсең, ал қалған жерде вертикаль сақталса, жүйеден ақау шығады.

Оған қоса, бұл қымбат шара болып шықты – сайлау өткізу шығынды талап етеді, бәрін үйлестіру де қиын. Сондықтан одан бас тартып, бұрынғы тәжірибеге қайтуды жөн көрді. Жаңа жүйе құруға саяси ерік болмады. Сондықтан бастапқы жағдайға өте тез оралдық. Жағдайды тұрақтандыру міндеті орындалды. Сонымен бітті. Одан әрі демократ болып көрінудің не қажеті бар?!

Әкім сайлауын тоқтату мен халықтың шаршауы арасында байланыс жоқ. Халық шаршаса, ештеңе шешпейтін сайлаудан шаршаған болуы мүмкін. Кейінгі жылдары екі референдум, бір парламент сайлауы өтті. Мәселе рәсімде емес, мазмұнда. 2019 жылы Тоқаев пен [кандидат Әміржан] Қосанов кандидат болған кезде белсенділіктің қаншалық артқанын көрдік. Менің жауабым мынадай: мәселе сайлаудың өзінде емес, мәселе сайлаудың қалай өткізілетінінде.

Сөз еркіндігі және қоғаммен коммуникация

Азаттық Азия: Жақында өз арнаңыздағы сайлауалды үгіт-насихатқа қатысты пікір білдіріп, балама пікірдің жаппай басылып-жаншылып жатқанын жаздыңыз және "қызыл сызықтар" деп аталатын ұғымды атадыңыз. Осы ойыңызды тарқатып айта аласыз ба?

Бейсембаев: "Қызыл сызықтар" тақырыбы алғаш рет [мемлекеттік кеңесші, қазір президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ерлан] Кариннің ("Казахстанская правда" газетінде) мақаласында айтылды. Бұл – өте қауіпті риторика. Мұны жоғары лауазымды шенеуніктердің аузынан естігенде, оның салдары мүлде бөлек болады.

Мемлекеттік жүйе сигналдарды өз түсінігіне қарай қабылдап, кейін соған сәйкес әрекет ететіндей етіп құрылған. Бұл – күш құрылымдарына, ішкі саясат бөлімдеріне берілетін сигнал. Іс жүзінде оның кез келген балама пікірмен күреске айналып жатқанын көріп отырмыз. Бұл тек билік үшін сайлау сияқты сезімтал кезеңдерде ғана емес, тұрақты түрде жүріп жатыр.

Кейінгі уақытта блокқа түспеген, шабуылға ұшырамаған, жабылмаған немесе әкімшілік, одан да сорақысы – қылмыстық баптарға тап болмаған бірде-бір БАҚ-ты, журналисті немесе блогерді атай алмаймын.

Мен сөйлескендердің көбі Назарбаевтың кезінде "қызыл сызықтар" түсінікті болғанын айтады: Назарбаевтың өзіне және оның жақындарына тиіспеу керек, ал жалпы алғанда билікті сынауға белгілі бір кеңістік болды. Қазір бұл шекаралар мүлде бұлыңғыр: ешкім "не үшін басына бәле келуі мүмкін" екенін түсінбейді. Соның салдарынан өзін-өзі цензуралау пайда болып, адамдар үндемеуді жөн көреді.

Негізінде, мұның бәрі биліктің өзіне қарсы жұмыс істейді. Кері байланыс тетіктері сыр беріп: жоғарыға қажетті сигналдар дер кезінде жетпейді. Мысалы, өңірде өзекті мәселелерді көтеріп жүрген журналист немесе белсенді енді бірдеңе жазса, қиындыққа тап боламын деп үндемей қоюды жөн көреді. Нәтижесінде Ақорда ушығып бара жатқан дағдарысты назардан тыс қалдырып, бұрмаланған есептерге сүйенеді.

Азаттық Азия: Билік бұл туралы бірнеше рет өз ұстанымын түсіндіріп, мемлекеттік органдарды сынауға тыйым салынбағанын, бірақ сын конструктивті болуы керек екенін айтты.

Әлем өзгеріп жатыр, қоғам тез өзгеріп келеді. Ал жүйе сол күйінде қалып отыр.

Бейсембаев: Оның конструктивтілігін кім және қалай анықтайды? Барлығын бір қалыпқа салу мүмкін емес. Әр өңірдің контексті әртүрлі. Адамдар да әртүрлі. Барлығына ортақ нұсқаулық ойлап табу мүмкін емес. Жергілікті деңгейде белсенділіктің пайда болуына мүмкіндік беру керек. Бұл бәрі жақсы деген стерильді көріністен әлдеқайда жақсы.

Бірақ биліктің осы стерильділікке ұмтылып отырғанын көріп отырмыз. Бәлкім бұл оларға өз жұмысының табыстылығын көрсету үшін керек шығар. Бәлкім, жоғарыдағылар олардан соны талап ететін шығар. Әлем өзгеріп жатыр, қоғам тез өзгеріп келеді. Ал жүйе сол күйінде қалып отыр. Яғни бұрынғыдай басқарғысы келеді, бірақ қоғам өзгерді. Негізгі қайшылық осында.

Азаттық Азия: Мемлекеттік органдар сөз бостандығы конституцияда бекітілгенін, оны ешкім шектеп отырмағанын айтады. Бірақ жалған ақпарат таратуға жол берілмейтінін қоса жеткізіп, халықты ресми ақпаратқа сенуге шақырады.

Бейсембаев: Бастапқыда заңда мұндай тармақ болмауы керек еді, өйткені "дезинформация", "манипуляция" дегендер – абстрактілі категориялар. Мұндай заңдарды жазатын адамдардың осал екенін осыдан көруге болады. Мұнда қоғамда балама пікірлердің пайда болуынан қорқу байқалады.

Бұл – сөз бостандығын тікелей шектеу. Азамат үнемі сөзін сүзгіден өткізіп, айтқанының қайсысы "көрінеу жалған ақпарат" деп бағалануы мүмкін екенін ойлап, қорқуға мәжбүр. Шекаралары бұлыңғыр, ал баға субъективті, өйткені біреуге ұнамай қалған кез келген адамды осы бап бойынша жауапқа тартуға болады.

Бұл белгісіздік қоғамның бір бөлігін сөзге, ақпаратқа байланысты кәсіптерден алыстатады, адамдардың ынтасын жояды. Журналистердің мамандықтан кете бастағанын көріп отырмыз. Ұзақ мерзімді перспективада бұл тұтас медиа саласын бұзады. Үгіт-насихат ресурстары мен ойын-сауық контенті ғана қалады. Оның салдары жаман болады: қоғамның проблемалары шешілмей қалады, ал билік олар туралы білмей жүреді.

Сыртқы қауіптер және "шетелдік агенттер"

Азаттық Азия: Кейінгі уақытта сыртқы геосаяси қауіптерге байланысты бірігу қажеттілігі туралы жиі айтылады. Мұндай мәлімдемелер қоғамға қалай әсер етеді?

Бейсембаев: Мінеки, жасым 40-тан асты. Кейінгі 20 жыл бойы әлемде жағдай қиын, қауіп төніп тұр, сондықтан басшының айналасына жұмылу керек, сыртқы арандатуға жол бермеу керек деген сөздерді жиі естіп келемін. Қаржы дағдарысы (2007-2008 жылдары) мен Жаңаөзен оқиғасы кезінде Назарбаев та соны айтты. Мұны теңге девальвациясы кезінде де естідік.

Геосаяси қақтығыс тақырыбы — авторитарлық режимдер үшін жұмақ іспетті. Өйткені кез келген нәрсені сыртқы тұрақсыздыққа жаба салуға болады. Өткен жылы қоғамның геосаяси қауіптерге байланысты топтасу қажеттілігі туралы риторикаға қаншалықты сенетінін зерттедік.

"Қазақстан сыртқы мәселелерге көбірек назар аударуы керек пе, әлде ішкі проблемалармен көбірек айналысуы керек пе?" деген сұрақ қойдық. Көпшілік екінші нұсқаны таңдады. Фокус-топтарды зерттеу барысында қоғамымыздың "жаһандық тұрақсыздық" тақырыбынан шаршағанын анықтадық.

Совет одағы сыртқы жау идеясын пайдаланып, үнемі соғысқа дайын болуға шақыратын. Қазір біздің сыртқы жауымыз жоқ екенін көріп отырмыз. Бірақ саяси технологтарымыз ішкі жау іздеп жүргендей әсер бар. Олардың қатарына ЛГБТ өкілдерін де, "грант жейтін шетелдік агенттерді" де жатқызады — қоғамды тұрақсыздыққа дәл солардың нұқсан келтіріп жатқаны туралы қорқынышты әңгімелермен үрейлендіреді.

Астанадағы саябақтардың бірінде отырған адамдар. 2026 жылғы тамыз.
Астанадағы саябақтардың бірінде отырған адамдар. 2026 жылғы тамыз.

Азаттық Азия: Кез келген "шетелдік агенттер" туралы жазбаның астындағы пікірлерге қарасаң, биліктің бұл қадамын ақтайтындар көбейіп келе жатқандай көрінеді. Шын мәнінде солай ма?

Бейсембаев: Онда шетелдік агенттер идеясын қолдау бар деген көріністі әдейі қалыптастыру элементі өте көп. Кейбір жекелеген топтарға мұндай нарратив әсер етеді. Бірақ біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, шартты түрде алғанда, үкіметтік емес ұйымдардың не істейтінін жақсы түсінетін адамдар шамамен 10 пайыз, шетелдік агенттерді қудалау идеясын қолдайтындар да шамамен 10 пайыз. Тағы бір үлкен топ үкіметтік емес ұйымдардың немен айналысатынын, олардың кім екенін мүлде білмейді.

Үкіметтік емес ұйымдар жұмысының мазмұны ашылған кезде бұл адамдарда түсінік пайда болады және олардың "шетелдік агенттер" тақырыбына көзқарасы да өзгереді. Сонда құндылық тұрғысынан демократия мен еркіндік идеясын қолдайтындардың бақылау, репрессия және шектеу идеясын қолдайтындардан әлдеқайда көп екені анықталады. Сондықтан Қазақстан қоғамында үкіметтік емес ұйымдарға түбегейлі теріс көзқарас қалыптастыру мүмкін емес.

Азаттық Азия: Билік, соның ішінде депутаттар, шетелден қаржы алатын ұйымдар мен жеке тұлғаларды есепке алу үшін арнайы тізілім жүргізу қажеттігін түсіндіргенде, олардың қызметінің ашық болуы маңызды екенін айтты. Ал үкіметтік емес ұйымдар өкілдері онсыз да ашық жұмыс істейтінін, барлық дерек жарияланатынын айтады.

Бейсембаев: Барлық есеп, барлық зерттеу жарияланады. Демек, ашықтық мәселесі қолдан жасалған. Бірақ тізілімдерді түрлі үгіт-насихат мақсатында, соның ішінде ақпараттық шабуылдар үшін пайдалануға болады. Негізгі мақсат осы, бәрі ашық болсын деген ниет емес. Бұл – үкіметтік емес ұйымдардың беделін түсіруге бағытталған әрекет.

Азаттық Азия: Үкіметтік емес ұйымдардан қорқудың астары қандай?

Бейсембаев: Біріншіден, қолдануға ыңғайлы ішкі ережелерді қалыптастыру керек болды. Қоғамға "осы жаман ұйымдар болмағанда, бізде бәрі керемет болар еді" деген ойды сіңіреді. Яғни барлық мәселені жабатын, ел ішінен барлық келеңсіздіктің көзі ретінде көрсетілетін топты тауып алу керек.

Екіншіден, бүкіл саяси саланы бақылауға алу үшін жүйеге бағынбайтын, жаңа ережелер мен жаңа тәртіпке көнбейтіндермен күресу маңызды. Қандай ұйымдар шабуыл мен арандатудың нысанына айналатыны да содан туындайды.

Бірақ осыған дейін айтқанымдай, қоғамды үкіметтік емес ұйымдарға қарсы қою мүмкін емес.

Айдар
XS
SM
MD
LG