Азамат Омаров кім?
"Бір күні бірыңғай уақыт белдеуі, жаңа Салық кодексі мен жаңа Конституция бас қосыпты. Сосын қырып-жойып оқ жаудыра бастапты" — Азамат Омаровтың "Ахуал сегодня" жобасындағы видеоларының бірінде осылай делінеді.
Журналист өз видеоларында Қазақстан қоғамында қызу талқыланған саяси және әлеуметтік өзгерістерді мысқыл сөзбен шымшып, әжуа етеді. Ол сюжеттерінде Қазақстанның батысынан шығысына дейін үш мың шақырымнан асатын ұлан-байтақ жерде бірыңғай уақыт белдеуінің енгізілуі, қосылған құн салығын көтерген жаңа Салық кодексі және президенттің өкілеттігін кеңейткен жаңа Конституциядағы өзгерістер жайлы сөз қозғады.
Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, егер парламент маңызды мемлекеттік лауазымдарға ұсынылған кандидаттарды мақұлдамаса, президент оны тарату құқығына ие болды. Осы және өзге де өзгерістер қоғамда кең талқыланып, түрлі пікір туғызған еді.
Азамат Омаров елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларды астарлы әңгіме, әжуа-мысқыл сөз арқылы жеткізіп отырды. Кейінгі бір хабарында ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған дейінгі президенттік өкілет мерзімін есепке қоспай, қайтадан басынан есептеуге болады деген мәселеге байланысты өз мақамына салып пікір білдірген еді (2026 жылғы 7 шілдеде Конституциялық сот негізгі заңда президент жеті жылдық бір ғана мерзімге сайланатыны туралы талап болғанына қарамастан, Тоқаев қайтадан президенттікке үміткер бола алады деген шешім шығарған).
"Енді әр президент жеті жылдық бір мерзіммен 30 жыл бойы тақта отыру үшін Конституцияны бес-алты рет қайта шығаратын болды", – деді Омаров YouTube-арнасында жариялаған видеода.
Арада апта өтпей жатып үйіне келген билік өкілдері тінту жүргізіп, Омаровтың өзімен қоса телефондары мен компьютерлерін, қатқыл дискілерді алып кетті. Журналистің Тоқаевтың президенттік мерзімі жайлы айтқан және өзге де көптеген видеосы "Ахуал сегодня" YouTube-арнасынан жойылды.
Қазір Азамат Омаров Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру" деп аталатын 174-бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті ретінде тергеліп жатыр.
Журналиске тықыр таяп келе жатқаны ол ұсталмай тұрып-ақ байқалған. Биыл сәуір айында Омаров бұрынғы YouTube арнасын жауып, жаңа арна ашуға мәжбүр болғанын хабарлаған еді.
Өз айтуынша, оның ескі арнасына қарсы "авторлық құқықты бұзғаны" жайлы бірнеше шағым түскен. Солардың бірі Азаттық радиосының Қазақ қызметі атынан әрекет еткен әлдебір қолданушыдан түскен (Азаттық ешқашан ондай шағым жібермеген). Арнаға бұғатталу қаупі төнгендіктен Омаров бұрын жариялаған видеоларын өшіріп, жаңа материалдарын басқа YouTube-арнасында жариялай бастаған.
Маусым айында журналист Азамат Омаров әлдебір велосипедшінің шағымынан кейін полиция бөліміне жеткізілді. Велосипедші "өзін Омаров итеріп жібергеннен кейін көшеде құлап қалғанын" айтып арызданған. Алайда арыз иесі полиция бөліміне сол күйі келмегеннен кейін, Омаровтың сөзінше, құқық қорғау органдары өкілдері оған дау-дамай шешілгенін айтқан. Сол кезде журналист осы оқиғадан біраз бұрын белгісіз біреулер әкесінің көлігінің дөңгелектерін тесіп кеткенін де хабарлаған.
Кейінірек Азамат Омаров полициядан шыққан соң телефонынан "күмәнді қылықтар байқағанын" мәлімдеді. Оның сөзінше, полиция бөлімшесіне кірер алдында смартфонын холлдағы арнайы жәшікте қалдырып, кейін қайта алған кезде оның бұғаттан шығарылғанын аңғарған.
Осыдан кейін смартфонына SMS-хаттар қаптап келе бастағанына қарап, журналист әлеуметтік желідегі аккаунттары мен WhatsApp мессенджеріне әлдекімдер бұзып кіруге талпынған болуы мүмкін деген ой түйген.
Осы оқиғалардан кейін оның үйіне сау етіп жетіп келгендер тінту жүргізді. 18 шілде күні Астана қаласының тергеу соты Азамат Омаровты екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.
"Теріс көзқарас қалыптастырады"
Астана қаласының полиция департаменті Азамат Омаровқа қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Журналистің мүддесін қорғайтын адвокат Төлеген Шайықов Азаттық Азия тілшісіне берген сұхбатында Омаровтың үстінен 174-бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Сот қаулысында оның президент туралы сатиралық мазмұнда пікір білдіргені көрсетілген: "Омаров видеоларында президентті, қазіргі билікті әжуалап, елдің әлеуметтік-экономикалық саясаты мен мемлекеттік басқару мәселелерін қозғаған. Оның әзіл-қалжың әрі сыни сипаттағы сөзі халық арасында теріс пікір қалыптастырады" делінген, – деді адвокат.
Заңгердің сөзінше, тағылған айыптарға келіспеген Омаров өзі жариялаған материалдарды "кәдімгі сатира мен әзіл-сқақ" санайды.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Омаровтың қамалуына байланысты 22 шілде күні Facebook-те пост жазды. Оның сөзінше, сатира мен әзілдің өзі құқық бұзушылық болып саналмайды және ол үшін заңнамада жауапкершілік көзделмеген.
"Егер таратылған ақпараттан немесе контенттен қандай да бір алауыздықты қоздыру белгілері анықталса, оның сатира немесе әзіл түрінде ұсынылғанына қарамастан, заңнамада белгіленген жауапкершілік туындайды. Меніңше, бұл мәселеде баршамызға ортақ жауапкершілік жүктеледі. Жаңа Конституцияда "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілгенін білесіздер. Заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік азаматтардың қызмет саласына немесе кәсібіне қарамастан, барлығына бірдей қолданылады" деген Балаева.
Медиақауымдастық реакциясы
Азамат Омаров қамауға алынғаннан кейін көп ұзамай "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры мәлімдеме жасап, полиция мен прокуратурадан журналистке қатысты жағдайға ресми түсініктеме беруді талап етті.
"Азамат Омаров ісіне байланысты тергеу кезеңінде біз тап болған негізгі мәселе — құқық қорғау органдары әрекеттерінің ашық еместігі. Сондай-ақ 174-баптың қолданылуы алаңдатады. Тұжырымы бұлыңғыр бұл бап сөз еркіндігіне қысым жасау құралы ретінде көптен бері және жиі қолданылып жүр", — деді қор жетекшісі Нәзира Дәрімбет Азаттық Азия редакциясына.
Қор өкілдері Азамат Омаровқа қатысты істі Qaznews2 сатиралық паблигінің негізін қалаған Темірлан Еңсебекті қудалау ісімен салыстырды. Еңсебек те 174-бап бойынша жауапқа тартылған. 2025 жылдың сәуірінде сот Темірлан Еңсебекке бес жылға бостандығын шектеу жазасын кесіп, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған. Еңсебек 2024 жылы қаңтарда өзі жүргізетін пабликте ресейлік тележүргізуші Тина Канделакидің Қазақстандағы елді мекендер мен теміржол станцияларының атауларын өзгерту үдерісіне қатысты айтқан пікірінен кейін жариялаған әзіл жазба үшін жауапқа тартылған. Еңсебек өзіне тағылған айыптарды мойындамай, сот үкімін "шамадан тыс қатаң" деп бағалаған.
"Бұл екі іс бір-біріне өте ұқсас. Мұндай істерде негізгі рөл атқаратын филологиялық сараптама көбіне әзіл-сқақ, сатира мен гипербола сынды тәсілдерді алауыздық қоздыру немесе ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде бағалайды", — деді "Әділ сөз" қорының жетекшісі.
Қор өкілдері кейінгі жылдары журналистер мен блогерлерді қылмыстық қудалау кезінде олардың кәсіби қызметіне тікелей қатысы жоқ баптарды қолдану үрдісі жиілегеніне назар аударады.
"Билік мұндай істерді сөз бостандығына қатысты дау ретінде емес, қоғамға қауіпті іс-әрекеттер бойынша жүргізіліп жатқан қылмыстық іс ретінде көрсетуге тырысады. Бұл қоғамдық талқылаудың бағытын өзгертіп, пікір білдіру еркіндігі мәселесіне назарды азайтады. Кей жағдайда пікіріне бола қудалауды кәдімгі қылмыстық іс деп бүркемелеу – біздегі биліктің қалыптасқан тәсілдерінің бірі", – деді "Әділ сөз" қорының басшысы.
Үкімет өкілдері елде сөз бостандығына кепілдік берілгенін және цензураға заң жүзінде тыйым салынғанын үнемі айтады.
Ал "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры Азамат Омаровтың тұтқындалуын "ақпараттық кеңістік аясын тарылту бағытында күш алып келе жатқан жүйелі үрдістің көрінісі" деп атайды.
"Азамат Омаровтың ісі Қазақстандағы сөз бостандығын шектеуге қатысты алаңдатарлық үрдісті күшейте түседі. Айып қандай бап бойынша тағылғанына қарамастан, бұл қоғамға жария түрде пікір білдірудің аяғы қылмыстық қудалауға апарып соғуы мүмкін деген белгі береді.
Мұндағы қауіп жекелеген істерде емес, әрбір жаңа сот процесі қоғамда үрей мен беймаза ахуал қалыптастыратын әсерінде жатыр. Соның салдарынан журналистер мен блогерлер материалдарының сапасы мен қоғамдық маңызына емес, жариялаған дүниесі қылмыстық іске түрткі болмай ма деген ойға көбірек мән бере бастайды", – деп есептейді Нәзира Дәрімбет.
"Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының директоры Диана Окремова (қордың сайты жақында хакерлік шабуылға ұшыраған) "Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторына қатысты істі "сөз бостандығын қылмыстық сипатқа айналдырудың айқын мысалы" деп бағалайды.
"Біріншіден, саяси сатира мен билікті сынау – халықаралық стандарттар бойынша, пікір білдірудің барынша қорғалатын түрлерінің бірі. Ол біреудің көңіліне келетін, түрпідей тиетін, жағымсыз әсер тудыратындай болуы мүмкін. Бірақ бұл адамды жазалау керек және [сын мен сатирадан] бас тарту қажет дегенді білдірмейді. БҰҰ комитетінің жоғары лауазымды тұлғалардың қоғамдағы өзі жайлы айтылған сынға барынша төзімділік таныту керектігі қағидасы туралы қабылдаған шешімдері бар. Ал бұл жағдайда біз сол қағиданың және халықаралық стандарттардың іс жүзінде мүлде еленбей отырғанын көріп отырмыз", – деді Диана Окремова.
"Құқықтық медиа-орталық" басшысы журналист Омаровтың тұтқындалуына байланысты істі "қауіпті әрі алаңдатарлық жағдай" деп бағалайды. Оның пікірінше, бұл оқиға елдің медиакеңістігінде ахуал нашарлап бара жатқанын білдіреді.
Окремова мұндай жағдайлар журналистер мен қоғам белсенділері арасында өзін-өзі цензуралау күшеюіне, жалпы сөз бостандығының шектелуіне алып келеді деп есептейді. Ол кейінгі кезде журналистер тап болып жатқан жайттар 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлаумен байланысты болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.
"Тәжірибе көрсеткендей, сайлау қарсаңында шенеуніктер ақпараттық кеңістікті бақылауға көбірек көңіл бөледі. Бұл жағдайда мені ең қатты алаңдататыны — осының бәрі биліктің әлдебір үрей-қорқынышына бола туындайтыны. Яғни, олардың ойынша, қоғамда шенеуніктер туралы жағымсыз пікір қалыптасса, ол қандай да бір төңкерістерге ұласуы мүмкін", – деді Окремова.
Құқық қорғаушылар Азамат Омаровқа билік белгілеген бұлтартпау шарасын "шамадан тыс қатаң" деп бағалады.
"Зорлық-зомбылыққа шақыру қаупі болмаса да журналисті қамауда ұстау – оны сот шешімі шықпай тұрып-ақ жазалау сияқты көрінеді", – деп мәлімдеді Нәзира Дәрімбет.
"Шекарасыз тілшілер" (RSF) халықаралық құқық қорғау ұйымы мәлімдемесінде Азамат Омаровқа қолдау білдіріп, биліктің журналисті тұтқындауын сынға алды. RSF журналистке тағылған "алауыздық қоздыру" айыбы алынып, оған құрал-жабдықтары қайтарылсын деп мәлімдеді.
"Тәуелсіз журналистика кеңістігі тарыла түсті"
Қазақстанда кейінгі жылдары журналистер мен медиаконтент авторлары түрлі қысымға ұшырады. Бірқатар журналистің үстінен іс қозғалып, сот процестері жүріп жатыр.
Алматыда қазір ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтің сот жалғасып жатыр. Оған "көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша айып тағылған. Маусым айында Қасенов кінәсіз екенін айтқан видео интернетте жарияланғаннан кейін, ол үйқамақтан тергеу абақтысына ауыстырылған.
Шілде айының басынан бері Алматыда Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың соты өтіп жатыр. Оған тағылған бірнеше айыптың арасында "көрінеу жалған ақпарат тарату" да бар.
Әмір Қасенов пен Гүлнәр Бажкенова өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.
Медиа қауымдастығы өкілдері мессенджерлері мен әлеуметтік желідегі аккаунттары бұғатталғанын, сондай-ақ кейбір материалдарының өшірілгенін айтып жүр.
Шілде айының басында Қазақстандағы бірнеше тәуелсіз журналист WhatsApp-тағы аккаунттарына шабуыл жасалып, бұғатталып қалғанын мәлімдеді. Олардың арасында Лұқпан Ахмедияров, Асхат Ниязов, Назымгүл Күміспаева, Respublika.kz.media басылымы бас редакторы Ирина Петрушова, сондай-ақ ҚазТАГ агенттігінің журналистері мен редакторлары Алена Субботина, Ділназ Абдулбакиева және Лилия Галеева бар.
Лұқпан Ахмедияровтың WhatsApp аккаунтынан бөлек, Instagram парақшасы да бұғатталған. Сонымен қатар "Уральская неделя" тәуелсіз басылымының Instagram аккаунттарына да шектеу қойылған.
27 шілде күні Динара Егеубаева мен Лұқпан Ахмедияров әлеуметтік желідегі аккаунттарына кіре алмай қалғанын хабарлады. Бұған дейін Ахмедияров Астанада автокөлігіне белгісіз біреу бояу шашып кеткенін де айтқан еді.
"Кейінгі айларда біз куә болып отырған жайттардың бәрі Қазақстанның халықаралық беделіне кері әсер етеді. Былтырғымен салыстырғанда биыл рейтингіміз бірнеше сатыға төмендедік, алдағы уақытта да бірқатар позициядан айырыламыз деп ойлаймын", – деді "Құқықтық медиа-орталық" қорының басшысы Диана Окремова.
Ал "Әділ сөз" қорының жетекшісі Нәзира Дәрімбет қазіргі жағдай журналистер арасында өзін-өзі цензуралаудың күшеюіне және тәуелсіз журналистика кеңістігінің тарылуына әкелері сөзсіз деп есептейді. Оның пікірінше, бұл азаматтардың тәуелсіз ақпарат көздерінен алатын мәлімет көлемінің азаюына себеп болмақ.
"Бұл журналистердің кәсіби қызметіне қатысты құқықтарына ғана емес, азаматтардың ақпарат алу құқығына да әсер етеді. Ең үлкен қауіп — Қазақстан ресми мемлекеттік ақпарат пен мемлекеттік насихат қана заңды саналатын диктатураға айналуы мүмкін", – деді Нәзира Дәрімбет.
Азамат Омаровтың қапастағы жағдайы жайлы айтқаны
Азамат Омаров ұсталғаннан бері екі аптаға жуық уақыт өтті. Осы аралықта оның адвокаты тергеу сотының журналисті қамауда ұстау туралы шешіміне қарсы шағым түсірді, алайда Астана соты апелляциялық өтінішті қанағаттандырмады.
Омаровтың зайыбы Венера Мұстафина әлеуметтік желідегі парақшасына күйеуінің қамауға алынуына байланысты отбасы бірқатар қиындыққа тап болғанын жазды. Оның ішінде журналисті білікті заң көмегімен қамтамасыз ету және қорғауға байланысты шығындар барын да айтқан. Осыған байланысты көпшіліктен қаржылай көмек жинау шарасы жарияланып, ол жақында аяқталған.
Мұстафинаның айтуынша, ол күйеуімен тергеу абақтысында кездесіп, одан естіген ақпаратты қоғамға жеткізген.
"Сенбі күні жуынуға екі рет душқа апарған, бірақ екі жағдайда да су қысымы болмаған. Қысқасы, жуына алмаған. Сол күні серуенге де шығармаған. Бұған дейін камераға жуынуға деп леген сұраған, бірақ ондай зат болмаған. Қызметкерлер бұл мәселені шешуде "тапқырлық" танытыпты: камераға өз легені бар адамды кіргізген", — деп жазды Венера Мұстафина.
Әйелінің сөзінше, Омаров қиындықтарға мойымай, көңіл-күйін түсірмеген. Ол өзіне тағылған айыпты "сандырақ" деп санайды.
"Жалпы, мұнда тыныш. Рас, түнде 20 мың тарақан рұқсатсыз митингіге шығады, — деп Азамат Омаров абақтыдағы жағдайын өзіне тән әжуа-мысқылмен сипаттаған. — Камераны "Жаңа Қазақстан" деп атадық, тек енді едендегі әжетхана ойығының үстіне бір адамның портреті жетіспей тұр".