Қазақстан астанасында "Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы, журналист Азамат Омаров ұсталып, кейін екі айға қамауға алынды. Мұны құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.
Омаровтың мүддесін қорғаушы адвокат Төлеген Шайықов сейсенбі күні Азаттық Азия тілшісіне журналистің қамауға алынғанын растады.
"АРАЗДЫҚ ҚОЗДЫРУ БАБЫ БОЙЫНША КҮДІКТІ"
Тергеу соты Азамат Омаровты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру") бойынша екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.
"Сот қаулысында ол президент туралы сатиралық сөздер айтқаны баяндалған: "Бейнежазбада Омаров қазіргі президент жайлы сатиралық пікірлер айтады, әлеуметтік-экономикалық саясат және мемлекет қызметі туралы мәселелерді қозғайды. Оның сөздері ирония мен сыни сипатта, осылайша халық арасында теріс пікір қалыптастырады" делінген, – деді адвокат.
Заңгердің сөзінше, билік өкілдері Азамат Омаровты үйінен ұстап, мекенжайын тінтіп, компьютерін, қатқыл дискілерді және телефондарын өзімен қоса алып кеткен.
Бұған қоса адвокат тергеу сотының Омаровты қамауда ұстау жайлы 18 шілдеде шығарған шешіміне қарсы шағым түсіргенін, қазір сол бойынша сот ұйғарымын күтіп отырғанын айтты.
Омаров өзіне тағылған айыптарға келіспейді және өзі жариялаған материалдарды "кәдімгі сатира мен юмор" санайды деді адвокат.
Астана қаласының полиция департаменті мен қалалық соттың баспасөз қызметтері Азамат Омаровтың ісіне байланысты Азаттық Азия редакциясының сауалдарына әзірге жауап берген жоқ.
"ӘДІЛ СӨЗ" ҚОРЫ БИЛІКТЕН ЖАУАП КҮТЕДІ
21 шілде күні қазақстандық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қоры құқық қорғау органдары мен прокуратураны "Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы, журналист Азамат Омаров ұсталғаны туралы хабарға байланысты ресми ақпаратты шұғыл түрде жариялауға шақырды.
"Атап айтқанда, оның қазір қайда екені, қандай қылмыстық құқық бұзушылыққа күдік келтіріліп отырғаны, сондай-ақ қандай нақты жарияланымдары мен таратқан мәліметтері негізінде қамауға алынғаны туралы ақпарат беруді сұрайды. Бұл мәліметтер қоғам үшін маңызды әрі олардың жариялануы тергеуге кедергі келтірмейді. Себебі ұсталу фактісі туралы ақпарат бұған дейін жария түрде таралған" деп жазды "Әділ сөз" қоры.
Азамат Омаров "Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы ретінде танымал. Арнада ол Қазақстандағы оқиғалар жөнінде әлеуметтік-саяси мазмұндағы материалдар мен түсініктемелер жариялайды. Өз арнасында Омаров Қазақстандағы оқиғаларға байланысты жеке көзқарасын айтады.
Оның кейінгі жариялаған материалдары арасында елдің қазіргі және бұрынғы президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаев туралы пікірін білдірген бейнежазба болды. Бірақ ол қазір арнада жоқ. Ол материал "авторлық құқықты бұзу туралы шағымға байланысты" алынып тасталған деп хабарлады қазақстандық БАҚ.
"ЖАЛҒАН АЙЫПТАУМЕН АРНАНЫ ЖАБУ ӘДІСІ"
Биыл сәуір айында журналист Азамат Омаров бұрынғы YouTube-арнасын жауып, жаңасын бастауға мәжбүр болғанын хабарлаған. Өз айтуынша, әлдебір адамның авторлық құқық бұзылғаны жөнінде "Азаттық радиосы" атынан берген бірнеше шағымы себеп болған. Азаттық радиосы Азамат Омаров пен оның YouTube-арнасына қарсы ешқашан және ешқандай шағым берген емес.
Омаров арнасын бұғаттап тастайды деген қауіппен әлгі бейнежазбаларын жойып, басқа арнада жариялай бастағанын мәлімдеген еді.
Биыл 11 маусым күні Азамат Омаров Астанада полиция бөлімшесіне жеткізілген еді. Блогердің сөзінше, полиция оның үстінен бір адам "итерді" деп арыз түсіргенін алға тартқан. Омаров ешкімді итермегенін, бұған дейін президент саябағына бара жатқанда қарсы алдынан жолыққан велосипед жетектеген ер адам өзімен қатарласа бергенде бір жағына қисайып, жол шетіне құлаған. Омаров әлгі адамның құлағанын көрмегенін, оның қолы өзіне тигенін сезгенін айтқан. "Жедел жәрдем шақырайын ба" деп сұраған кезде әлгі адам керек жоқ деп жауап қатқан.
"Бұл кездейсоқ жайт па, әлде сценарий бойынша жасалған нәрсе ме, әзірге белгісіз" деп жазды блогер өз YouTube-парақшасында.
Полицейлер оған "оқиға бақылау камерасына түсірілгенін де" айтқан. Бірақ ақыры видеоны блогерге көрсете алмаған. Арыз иесі де полицияға келмеген. Ақыр соңында қысқа түсініктеме жазып алғаннан кейін полиция Омаровты босатқан. Астана полициясы ол оқиғаға байланысты түсініктеме бермеді.
Азамат Омаров YouTube платформасында жүргізетін "Ахуал сегодня" арнасына 86 мыңнан астам қолданушы жазылған. Автор елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларды әзілмен жеткізеді. "Сіздің ойыңызға келіп, бірақ айтпағаныңызды біз айтып қойдық. Саясат бізбен бірге әрдайым күлкілі" деп жазылған арнаның сипаттамасында.