Accessibility links

Бірқатар журналист WhatsApp аккаунты бұзылғанын хабарлады

Журналист Асхат Ниязов WhatsApp аккаунты бұзылғанын хабарлады.

"Білмеймін, WhatsApp-ым ғана әзірге істемейді, Instagram әлі де істеп тұр. Бұл партиялар туралы түсіре бастағандығыммен байланысты ма деп ойладым. Съезді түсірген бірінші күні WhatsApp-ым бірден бұғатталды. Менің ойымша, бұл сонымен байланысты. Содан кейін Лұқпан Ахмедияровтың WhatsApp-ы да сол уақытта бұғатталғанын көрдім. Бұл тіке байланысты ма, жоқ па, білмеймін" деді Асхат Ниязов ҚазТАГ агенттігіне.

Ақпарат агенттігінің жазуынша, "Өткір күрек" парақшасының редакторы Назымгүл Күмісбаева мен "Просто журналистика" авторы Лұқпан Ахмедияровтың да WhatsApp аккаунттары бұғатталған.

Бір күн бұрын ҚазТАГ редакторлары Алена Субботина, Дильназ Абдулбакиева және Лилия Галеева да WhatsApp аккаунттарының бұғатталғанын хабарлаған еді.

"Өткір күрек" парақшасының хабарлауынша, Назымгүл Күмісбаева мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға үндеу жасап, өзінің аккаунтын қалпына келтіруге көмектесуді сұраған. Әзірге жауап келмеген.

"Бұл оқиғалардың өзара байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па, әзірге белгісіз. Алайда бұғаттаулар сайлауалды кампания мен құрылтай сайлауы басталған шақта бір мезетте болып отыр және бұл журналистер қауымдастығы арасында сұрақтар туындатады" деп жазды "Өткір күрек" парақшасы.

Қазақстанда кейінгі кезде ақпарат құралдары мен журналистерінің әлеуметтік желі аккаунттарының бұғатталуы немесе ондағы материалдардың өшірілуі жиіледі.

Бұған дейін халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы Қазақстан мен Өзбекстанда саяси тақырып қозғайтын журналистер мен баспасөз құралдарына онлайн-цензура күшейгенін, бұған Facebook, Instagram және YouTube платформаларындағы модерация жүйесі жол беріп отырғанын мәлімдеген.

"Шекарасыз тілшілер" ұйымының жазуынша, аталған әлеуметтік желі платформалары шағымның рас-өтірігін тексермей жатып, журналистер мен БАҚ аккаунттарын, жазбаларын бұғаттайды.

Айдар
XS
SM
MD
LG