Accessibility links

Азаттық зерттеуі жарияланғаннан кейін оның аккаунттарына шабуыл күшейіп, сайты ашылмай қалды. Неге?

"ВД Строй-Инжиниринг" құрылыс компаниясы туралы Азаттық зерттеуі жарияланғаннан кейін, Азаттық және "Азаттық Азия" сайттары Қазақстанда ашылмай қалды, ал әлеуметтік желідегі аккаунттарына шабуыл үдеді. Зерттеуде айтылған компанияның бұрынғы құрылтайшылары арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туыстарымен іскерлік байланыста болған адамдардың есімдері аталған. Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі мен жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері Азаттық сауалына берген ортақ жауабында бұл бұғаттауға қатысы жоғын айтты.

Зерттеу жарияланған күн

"Сайтқа кіру мүмкін емес" — Қазақ тіліндегі Азаттық сайты және Орталық Азия аймағында орыс тілінде хабар тарататын "Азаттық Азия" сайтына кірмек болған қазақстандық пайдаланушы құрылғысында осындай жазу шығып тұр.

azattyq.org және azattyqasia.org сайттары 18 мамырдан бері дұрыс ашылмайды. Дәл осы күні Азаттықтың "ВД Строй-Инжиниринг" компаниясы туралы зерттеуі жарық көрген. Материалда ірі мемлекеттік тапсырыстар алатын кәсіпорынның құрылтайшылары мен менеджерлерінің арасында бұрын Қазақстан президентінің қарындасымен және жиендерімен байланысы болған адамдардың есімдері аталған.

Мысалы, 2020 жылдан 2023 жылға дейін құрылтайшылардың бірі болған Бағдат Өміржанова қазір бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы Қарлыға Ізбастинаға тиесілі болған компанияларды басқарады. Ал "ВД Строй-Инжиниринг" компаниясының бұрынғы директоры Рустам Қарағойшин 10 жылдан астам уақыт бойы квазимемлекеттік секторда Тоқаевтың жиені Қаныш Ізбастинмен бірге қызмет істеген.

Зерттеуде редакция бұрынғы құрылтайшылардың құрылыс компаниясымен қазір де байланысы бар деп тұжырым жасамайтыны айтылған.

Ізбастиндер, Өміржанова және Қарағойшин жарияланымға қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ. Редакцияның сауалдарына жауап болмады.

Зерттеу жарық көргеннен екі күн өткен соң, "ВД Строй-Инжинирингтің" қазіргі құрылтайшысы Азамат Өсімбеков қазақстандық Ulysmedia басылымына берген бейнесұхбатында компанияның бұрынғы құрылтайшыларын да, президенттің туыстарын да жеке танымайтынын және Тоқаевпен ешқашан жеке кездеспегенін айтты.

Бұл уақытта зерттеуді жариялаған сайттар Қазақстан аумағында ашылмай қалған еді. Ал басқа елдерде олар еш қиындықсыз ашылып тұр.

19 мамырда қазақстандық провайдерлер — "Қазақтелеком" мен Beeline "тексеру нәтижесі бойынша ешқандай проблема табылмағанын" хабарлады. Дегенмен сайттар сол қалпы ашылмай тұрды.

Ашылмай қалған сайттардың өзі ғана емес. 18 мамырдан бастап сайттардың көшірмелерін (ашылмай тұрған жарияланымды басқа сілтемемен кіріп көруге мүмкіндік беретін дубликаттар) ұсынатын провайдерге DDoS-шабуылдар басталды: серверлерге әлемнің әр түкпіріндегі IP-мекенжайлардан өте көп мөлшерде сағаттар бойы сұраныстар түсе бастаған.

"Тәжірибем бойынша, мұндай шабуылды ұйымдастырушының кім екенін анықтау мүмкін емес, өйткені олар әдетте сервер, маршрутизатор, мобильді телефон және дербес компьютер сияқты сансыз көп құрылғыны қолдану арқылы жасалады. Көп жағдайда иелері өз техникасы шабуыл мақсатында пайдаланылып жатқанынан мүлдем бейхабар болады", — дейді Азат Еуропа/ Азаттық радиосының дата-инженері Кирилл Феокистов.

Желілерден өшіру

Серверлерге шабуылмен қатар, әлеуметтік желідегі парақшаларға да шабуыл жасау әрекеттері болды. Жалған аккаунттардан түскен "авторлық құқықты бұзу" туралы шағымдардан кейін Meta компаниясы "ВД Строй-Инжиниринг" туралы жазбаларды өшірді. Google да осындай шағымдарға байланысты мақалаларды жаһандық іздеу нәтижелерінен алып тастады.

30 мамырда Instagram парақшасында жарияланған видео өшірілсе, 1 маусымда дәл сол видео Facebook-тен де жойылды (Әлеуметтік желілердің иесі Meta компаниясы бұл контентке "үшінші тараптан авторлық құқығының бұзылуына байланысты шағым түскенін" хабарлаған). Редакция бұл туралы жаңалық жариялап еді, ол да Google іздеу жүйесінде индекстелмей қалды. 5 маусымда редакция апелляция беру арқылы өшірілген контентті жартылай қалпына келтіртті. Facebook-тегі пост пен видео да қалпына келді. Редакция әзірге Google-ға жіберген өтінішке жауап алған жоқ.

Зерттеуді көшіріп басқан басқа басылымдар да нысанаға ілікті, соның бірі – Fergana.media. Орталық Азия туралы жазатын бұл ресурстың бас редакторы Даниил Кисловтың айтуынша, Meta оның Азаттық зерттеуі туралы жеке посттарын өшіріп, монетизациялау мүмкіндігін өшірген.

"Азаттықтың Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасы мен туыстарының бизнесіне қатысты зерттеуіне арналған бірнеше жазба жариялаған едім. Көп ұзамай Meta-дан "қуаныш хаттарын" алдым. Онда xbm9888@aol.com деген ойдан шығарылған мекенжайдан өзін "Азаттық Азия" деп таныстырған әлдебір қолданушы жазбаларыма авторлық құқығы бар екенін жазған. Meta посттарымды бірден бұғаттап, лентамды монетизациялау мүмкіндігінен де айырды", — дейді басылым редакторы.

Кислов бұл — Қазақстан билігінің өзіне ыңғайсыз ақпараттың жолын кесу әрекеті деп санайды.

"Мұны дәлелмен, ашық түрде істей алмайтындықтан, осындай жолмен тасадан әрекет етуге мәжбүр. Олар шындықты жасыра алмайды, тек өздерін күлкілі жағдайға қалдырып жатыр", — деп есептейді журналист.

3 маусымда Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі редакцияның сауалына жауабында Азаттық пен "Азаттық Азияға" қатысты ешқандай шара қолданбағанын мәлімдеді.

Осы күні Азаттық сайттары Қазақстанда қалыпты режимде әлі де ашылмай тұр. Сайттарды ашу үшін VPN қолдану керек.

OONI қасақана бұғаттау белгілері бар дейді

Италияның Рим қаласында орналасқан, бүкіл әлемдегі интернет-цензураны қадағалайтын OONI (Open Observatory of Network Interference) халықаралық ұйымы жағдайға талдау жасады. Ұйым маманының айтуынша, 29 сәуір мен 29 мамыр аралығындағы көрсеткіштер azattyq.org және azattyqasia.org домендерінде "тұрақты аномалияны" тіркеген.

Мұның кездейсоқ еместігін тексеру мақсатында мамандар салыстыру үшін дәл сондай желілік инфрақұрылымда орналасқан tiktok.com доменін де бақылады. OONI-дің пікірінше, бұл техникалық ақау бар деген тұжырымды жоққа шығарады. Әлдебір кездейсоқ жағдайлар себеп болған болса, ол дәл сол желідегі басқа ресурстарға да әсер етер еді.

"Жиналған мәліметтерге сүйене отырып, бұл жерде қасақана бұғаттау схемасына сәйкес келетін белгілер анық байқалады деп айтуға болады, бұл OONI өлшемдерінен көрініп тұр", — дейді OONI атқарушы және техникалық директоры Артуро Филасто.

OONI тіркеген бұғаттаудың ең көп таралған түрі — парақша ашылмай жатып-ақ браузердің сайтпен байланысы үзіліп қалуы.

"Бұғаттау Deep Packet Inspection (DPI) технологиясының көмегімен жүзеге асырылатын көп елде дәл осындай көріністі байқаймыз", — деді Филасто.

Пайдаланушы үшін мұның себебі түсініксіз, жай ғана қосылудағы ақау сияқты көрінеді: бар болғаны сайт жұмыс істемей тұрғандай әсер қалдырады.

Артуро Филасто ресми емес, "жасырын" бұғаттау тәжірибесі, әсіресе саяси себептермен контентті шектеуде көп қолданылады дейді.

"Билік өкілдері көбіне эмпирикалық дәлелдер келтірілгенге дейін мұндай айыптауды теріске шығарады. Тек дәлел келтірілгеннен кейін ғана контентті ашуға тосқауыл қою фактісін мойындайды", — дейді ұйым өкілі.

"Цифрлық үрей"

Астанадағы "Құқықтық медиаорталық" ұйымының жетекшісі Диана Окремова саяси контент пен билікті сынайтын материалдар жиі нысанаға ілігеді дейді.

"Президентке, сыбайлас жемқорлыққа қатыстының бәрі, сондай-ақ саяси тұрғыдан сезімтал тақырыптар. Мысалы, сайлау мәселесі. Басқа кез келген авторитар мемлекетте қандай болса, бізде де сондай. Бірақ біздің ерекшелігіміз, меніңше, шығысқа тән нәзіктік пен қулықта жатыр, яғни бізде Ресейдегідей интернетті немесе бір нәрсеге қолжетімділікті бірден тарс еткізіп өшіре салмайды. Бізде бәрін бір-бірлеп, нысаналы түрде жасайды. Бұл сырт көзге демократияға қайшы, авторитарлық болып көрінбейтіндей, бірақ сонымен бірге өзін цензуралауды үнемі қоздырып отыратындай етіп жасалады. Өзін цензуралау әбден қалыпты жағдайға айналып барады", — дейді ол.

"Құқықтық медиаорталық" интернеттің қазақстандық сегментіндегі бұғаттау мен алып тастауды тіркеп отырады. Окремованың пікірінше, цифрлық шектеулерде келесі нысана не болатынын болжауға мүмкіндік беретін нақты бір қисын жоқ.

"Бізде көп нәрсе саяси оқиғаларға байланысты болады. Мұндай цифрлық цензураның өршуі жаңа Конституция бойынша референдум алдында және ол өтіп жатқан тұста болды. Бұл Meta-дан келген бұғаттаулар мен ескерту хаттарының тасқыны еді. Оның үстіне, мен мұны тек Meta-мен ғана емес, осы құралдарды пайдаланып отырған үкіметтің мақсатты әрекеттерімен байланыстырамын", — дейді Диана Окремова.

Қазақстандық медиадағы жарияланымдарды бұғаттау және өшіру жағдайларын "Шекарасыз тілшілер" халықаралық үкіметтік емес ұйымы да зерттеген. 18 мамырда бұл ұйым "Орталық Азиядағы цифрлық үрей" атты материал жариялады.

"Өздерін L’Oreal компаниясының өкілдері немесе белгілі журналист деп таныстырған адамдар авторлық құқық немесе сауда белгісі құқығы бұзылды деген жалған шағымдар жолдағаннан соң Қазақстан мен Өзбекстандағы ақпарат құралдарында жарияланған бірнеше жүз жарияланым Facebook, Instagram және YouTube платформаларынан өшірілді", — деп жазады "Шекарасыз тілшілер" (RSF).

RSF мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында Тоқаевтың Жаңа жылдық құттықтауына жасалған сыни талдаудан кейін, Facebook "Республика" газетінің бас редакторы Ирина Петрушованың жеке парақшасындағы жазбаларды өшіріп тастаған. Тек 8 наурыздың өзінде жүзге жуық пост өшірілген.

Сол күні "Бәсе" медиасының парақшасынан 150 пост өшірілді. Екі күннен кейін оның "Бәсенің" негізін қалаушы авторы Наталья Садықованың Facebook-тегі жеке парақшасы да дәл осындай шабуылға ұшырады. Оның күйеуі, журналист әрі белсенді, "Бәсенің" авторы Айдос Садықов 2024 жылы жазда Киевте қастандықпен өлтірілгені белгілі.

11 наурызда "ҚазТАГ" ақпарат агенттігінің Facebook-тегі постына да шағым түсті.

Ертесінде тағы бірнеше журналистің постты жаппай өшірілді. Олардың қатарында "Уральская неделя" басылымының бас редакторы Тамара Еслямова, оппозициялық көзқарастағы журналистер Динара Егеубаева, Әсем Жәпішева және Мұрат Данияр бар.

Ұйым барлық постқа бір ғана әдіс қолданылғанын анықтады: Meta компаниясына Giorgio Armani S.p.A. компаниясының атынан авторлық құқық бұзылды деген шағымдар жолданған, олар loreal@sipi.sg электронды пошта мекенжайынан жіберіліп отырған. Франциялық L’Oreal компаниясының өкілдері RSF-тің сауалына жауабында бұл email-ды "бөгде адамдар жалған хабарлама жіберу үшін заңсыз пайдаланған болуы мүмкін" деген тұжырым жасаған.

Сонымен қатар, L’Oreal-дың контрафакт өнімдердің онлайн сатылымына қатысты шағымдарды өңдеумен айналысатын тағы бір қосалқы мердігер компаниясы — Authentix өкілі бұл шағымдарды "жіберу, тексеру немесе растау" үшін олардың ешбір сервері пайдаланылмағанын мәлімдеді.

"Құқықтық медиаорталықтың" жетекшісі Диана Окремова
"Құқықтық медиаорталықтың" жетекшісі Диана Окремова

"Қазақстан билігі бұл онша жағымды емес іске қатысын көрсеткісі келмейді. Бірақ, меніңше, бұл кері нәтиже беріп жатқан сияқты. Дәл референдум кезінде "Georgio Armani" деп аталатын аккаунттан шағымдар түсті. Адамдар Үндістанда отырған қандай да бір Джорджио Арманидің Қазақстанда не болып жатқанына назар аударуы екіталай екенін түсінеді", — дейді "Құқықтық медиаорталықтың" жетекшісі Диана Окремова.

Окремованың пікірінше, контентті көрсетпеуге мүдделі тұлғалар үшін ашық пікірталасқа түскеннен гөрі оны бұғаттай салған әлдеқайда жылдам әрі арзан.

"Ең өкініштісі әрі ең қорқыныштысы: аудитория да, біз де бұған бой үйретіп барамыз. Бұл жағдай бұрынғыдай ашу-ыза тудырмайды, тек күлкіңді келтіреді, өйткені бұл жиілеп, үйреншікті жағдайға айналып кетті. Сондай-ақ парақшаңды не үшін бұғаттап тастайтынын, қандай ақпаратты қауіпті деп есептейтінін ешқашан алдын ала болжай алмайсың", — дейді Окремова.

Қазақстан кейінгі жылдары баспасөз бостандығының халықаралық рейтингілерінде төмен сырғып барады. 2026 жылы "Шекарасыз тілшілер" ұйымы елді 180 мемлекеттің ішінде 149-орынға қойды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен сегіз сатыға төмен. Әсіресе журналистердің қауіпсіздігі санатында көрсеткіш тым қатты құлдыраған. Қазақстан 2025 жылғы 118-орыннан 2026 жылы 138-орынға түскен. Қазақстан бұл рейтингте көршілері — Қырғызстан (146-орын) мен Өзбекстаннан (147-орын) артта, ал Тәжікстаннан (155-орын) ілгері тұр.

Айдар
XS
SM
MD
LG