Accessibility links

"Уральская неделя" газеті Instagram аккаунттары бұғатталғанын хабарлады

Қазақстандағы санаулы тәуелсіз басылымдардың бірі "Уральская неделя" газетінің Instagram желісіндегі екі аккаунты 8 шілдеде әлдебір қолданушының шағымдары бойынша бұғатталып қалғанын бас редактор Тамара Есләмова мәлімдеді.

Есләмованың айтуынша, бұған дейін басылым Конституциялық сот қазір билікте отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік өкілетінің мерзімі қайтадан басынан есептеле алады деп ұйғарым жасағаны жайлы материал жариялаған. Жазба астында биліктегі мерзімді ұзартуға қатысты сыни пікір көп жиналған.

Тамара Есләмованың сөзінше, басылым аккаунттары нақты қандай жазбаға бола бұғатталғаны көрсетілмеген. Ол басылымның Instagram-парақшаларына байланысты проблема осымен екінші рет қайталанып отырғанын айтты.

"Уральская неделя" — Батыс Қазақстан облысы орталығы Орал қаласында шығатын тәуелсіз басылым. Елдегі тәуелсіз журналистер мен медиалар бұған дейін де әлеуметтік желілердегі аккаунттары қиындыққа ұшырағанын мәлімдеген.

7 шілдеде бірнеше қазақстандық журналист WhatsApp аккаунттары бұзылғанын я бұғатталғанын хабарлаған. Олардың арасында Лұқпан Ахмедияров, Асхат Ниязов, Назымгүл Күмісбаева және Respublika.kz.media сайты редакторы Ирина Петрушова бар.

Лұқпан Ахмедияровтың WhatsApp аккаунтынан бөлек Instagram парақшасы да бұғатталған, сондай-ақ Facebook желісіне кіру қиындаған. Журналист Meta платформаларына аккаунтына қатысты көптеген шағым түскенін айтты.

Айдар
XS
SM
MD
LG