Accessibility links

"Шекарасыз тілшілер" биліктің Азамат Омаровты тұтқындағанын айыптады

"Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаров суретінен коллаж
"Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаров суретінен коллаж

Баспасөз еркіндігін қорғаумен айналысатын "Шекарасыз тілшілер" (RSF) халықаралық ұйымы Астанада осы аптаның басында екі айға тұтқындалған "Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровқа қолдау білдіріп мәлімдеме жасады.

"Шекарасыз тілшілер" штаттан тыс журналист Азамат Омаровтың үкіметтің атына сатиралық пікір айтқан видеоға бола екі айға қамауға алынуын айыптайды. Оған тағылып отырған "араздық қоздыру" айыбы алынып, оның жабдықтары өзіне қайтарылуы керек", — делінген RSF ұйымы Х әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемеде.

Халықаралық ұйымның мәлімдемесіне байланысты Астана қандай да бір реакция танытқаны жөнінде әзірге ақпарат болған жоқ.

"Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровты осы аптаның басында Астанада билік өкілдері үйінен ұстап әкетіп, кейінірек тергеу соты оны Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру") бойынша қозғалған істе күдікті ретінде екі айға қамауға алу туралы шешім шығарған.

Оның адвокаты Төлеген Шайықовтың Азаттық Азия тілшісіне айтуынша, сот қаулысында Омаровтың үстінен іс қозғауға журналистің ел президенті мен үкіметі жайлы сатиралық мазмұндағы сөзін жариялағаны себеп болғаны жазылған.

Бұған қоса адвокат қамауға алынған Омаров өзіне тағылған айыптарға келіспейтінін және өзі жариялаған материалдарды "кәдімгі сатира мен юмор" деп санайтынын жеткізген еді.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары әрі мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 22 шілде күні Facebook-те жазған постында Азамат Омаровтың ұсталуына байланысты ойын айтқан.

"Қылмыстық кодекстің 174-бабында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны үшін жауапкершілік белгіленген. Менің түсінуімше, Азамат Омаров дәл осы бапта көзделген құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен ұсталған. Егер таратылған ақпараттан немесе контенттен қандай да бір алауыздықты қоздыру белгілері анықталса, оның сатира немесе әзіл түрінде ұсынылғанына қарамастан, заңнамада белгіленген жауапкершілік туындайды" деген Балаева.

Қазақстанда кейінгі жылдары журналистер мен желіде жарияланатын контент авторлары цензура мен қылмыстық заң бойынша қудалауға жиі ұшырайды дейді құқық қорғаушылар. Билік өкілдері елде баспасөз еркіндігіне кепілдік берілген, цензураға тыйым салынған деген уәж айтады.

Қазір Алматыда ҚазТАГ жеке меншік ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов "көрінеу жалған ақпарат таратты" деген айып тағылып, сотқа тартылып жатыр. Маусым айында үйқамақта отырған журналистің өзінің кінәсі жоғын мәлімдеген видеосы интернетте жарияланғаннан кейін сот оны тергеу абақтысына қамау туралы шешім шығарған.

Шілденің басынан бері Алматыда Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың соты өтіп жатыр. Оған тағылған айыптардың арасында "көрінеу жалған ақпарат тарату" айыбы да бар. Қасенов пен Бажкенова өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Айдар
XS
SM
MD
LG