Accessibility links

Қазақстандық журналистер кәсіби қызметіне кедергіні жоюды сұрап парламентке ашық хат жазды

Сөз еркіндігін қорғауды талап етіп акцияда тұрған адамдар. Азаттық архивіндегі сурет.
Сөз еркіндігін қорғауды талап етіп акцияда тұрған адамдар. Азаттық архивіндегі сурет.

Қазақстандық журналистер мен медиа қауымдастық өкілдері парламент депутаттарына ашық хатында сайлау кезеңіндегі қоғамдық пікір сауалнамаларын өткізу мен жариялауға қатысты заң ережелерін нақтылауды талап етті. Бұл туралы ҚазТАГ агенттігі жазды.

Хат авторлары қазіргі заң нормалары журналистік материалдар мен кәсіби социологиялық зерттеулердің аражігін нақты ажыратпайтынын айтып, бұл жағдай БАҚ қызметіне қысым көрсету қаупін арттырады деп мәлімдеді. Олар блиц-сауалнама, көшедегі қысқа сұхбат пен азаматтардың пікірлері үшін БАҚ пен журналистер әкімшілік жауапқа тартылып жатқанына наразылық білдірген.

Медиа қауымдастық өкілдері депутаттарға "Сайлау туралы" заң мен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізіп, журналистік материалдарды социологиялық зерттеу ретінде қарастырмауды ұсынып отыр.

Ашық хатта журналистік материалдар репрезентативті зерттеу белгілеріне ие емес екені және олардың мақсаты сайлау нәтижесін болжау еместігі айтылған. Соған қарамастан, елдегі қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша жарияланған сұхбаттар мен сауалнамалар үшін журналистер мен редакциялар әкімшілік жауапқа тартылады дейді олар.

Ашық хат авторлары қолданыстағы заңға жоғарыда аталған олқылықтарды жоятын өзгерістер енгізу журналистер мен редакцияларды кәсіби қызметі үшін негізсіз жауапқа тарту тәжірибесін тоқтатуға мүмкіндік береді деп есептейді. Олар журналистер қоғамдық маңызы бар тақырыптарды еркін жариялап, азаматтарға пікір білдіру алаңын әкімшілік қудалау қаупі төнбейтіндей етіп ұсынуы керек деп мәлімдеді.

Медиа қауымдастық өкілдері депутаттарды социологиялық зерттеулер мен журналистік материалдар арасындағы нақты шекараны заң жүзінде бекітуге шақырған.

Қазақстан заңдары бойынша, сайлау және референдум кезінде қоғамдық пікірді анықтайтын социологиялық сауалнама жүргізумен биліктің арнайы рұқсатын алған ұйымдар ғана айналысады деп белгіленген. Ондай рұқсатсыз сауалнама жүргізгендер әкімшілік жауапқа тартылады.

Алайда медиа қауымдастық өкілдері мен құқық қорғаушылар заңда социологиялық зерттеулер мен журналистік материалдарға пайдаланылатын сауалнамалардың аражігі ажыратылмағаны БАҚ редакциялары мен журналистерді негізсіз жауапқа тартуға ілік болатынын бұрыннан айтып жүр. Олар билікті заңға тиісті өзгертулер енгізіп, журналистердің кәсіби қызметіне қойылған кедергіні жойып, баспасөз еркіндігін қамтамасыз етуге шақырып келеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG