Accessibility links

"Қытайдың мазағы". Ұйғыр спортшыға олимпиада алауын жаққызған Қытай сынға қалды


Ұйғыр спортшы Дилнигәр Илхәмжан (сол жақта) мен хан ұлтынан шыққан шаңғышы Чжао Цзявэнь (оң жақта) олимпиада алауын ұстап тұр. Пекин, 4 жыл 2022 ақпан.
Ұйғыр спортшы Дилнигәр Илхәмжан (сол жақта) мен хан ұлтынан шыққан шаңғышы Чжао Цзявэнь (оң жақта) олимпиада алауын ұстап тұр. Пекин, 4 жыл 2022 ақпан.

Пекин олимпиадасында ұйғыр шаңғышы Дилнигәр Илхәмжан әйелдер арасындағы 30 шақырымдық скиатлон жарысында жүлдеге іліне алмады, нәтижесі 43-орын. Бірақ ол олимпиаданың алғашқы күні ең көп талқыланған спортшылардың біріне айналды. Қытай ұйғыр спортшысына олимпиада алауын жағуға мүмкіндік берген еді. Динигердің алау жағуын халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар "Қытайдың ойластырған әдейі әрекеті" деп атады.

"ҚЫТАЙ ОЛИМПИАДАНЫ САЯСИЛАНДЫРЫП ЖАТЫР"

Пекин олимпиадасы "Қытай билігі Шыңжаңдағы мұсылмандарға қысым жасады" деген мәлімдемелер мен дәлелдер көбейіп, Батыстың сыны күшейген тұста өтіп жатыр.

Қытайдың Шыңжаң жұртына жасап жатқан қысымынан соң АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Эстония, Жапония, Австралия олимпиадаға дипломатиялық бойкот жариялап, Пекинге ресми өкілдерін жіберген жоқ.

Ал Қытай 4 ақпанда Пекин ойындарының ашылу салтанатында олимпиада алауын жағу құрметін ұйғыр спортшы Дилнигәр Илхәмжан мен хан ұлтынан шыққан шаңғышы Чжао Цзявэньге тапсырды. Әдетте олимпиада алауын әлемге белгілі спортшылар, чемпиондар, жүлдегерлер жағатын. Ал Қытай бұл міндетті алғаш рет олимпиадаға қатысып жатқан ұйғыр шаңғышыға тапсырды.

Шыңжаңдағы мұсылмандарға жасалып жатқан қысым жайлы мәселе көтеріп жүрген Бүкіләлемдік ұйғыр конгресі Қытайдың 20 жастағы Дилнигәр Илхәмжанды таңдауын саяси пропаганда деп мәлімдеді.

Ұйғыр спортшы Дилнигәр Илхәмжан (сол жақта) мен хан ұлтынан шыққан шаңғышы Чжао Цзявэнь (оң жақта) олимпиада алауын әкеле жатыр. Пекин, 4 жыл 2022 ақпан.
Ұйғыр спортшы Дилнигәр Илхәмжан (сол жақта) мен хан ұлтынан шыққан шаңғышы Чжао Цзявэнь (оң жақта) олимпиада алауын әкеле жатыр. Пекин, 4 жыл 2022 ақпан.

"Қытай олимпиада ойындарын саясиландырып жатыр. Бұл туралы біз Халықаралық олимпиада комитетіне ескерткенбіз. Бірақ олар бізді тыңдағысы келмеді. Шыңжаңда мұсылмандар геноцидке ұшырап жатқанда ұйғыр спортшыны бұлай пайдалануы - сұмдық жағдай. Қытай билігі осы арқылы ойымызға келгенді істейміз және ол үшін жауап бермейміз дегенді білдірді" дейді Бүкіләлемдік ұйғыр конгресінің өкілі Зумретай Аркин Guardian сайтына.

Ал Гонконг университетінің Қытай тарихы бойынша профессоры Cюй Гуоци Wall Street Journal басылымына Қытайдың ұйғыр спортшыны алау жағушы ретінде таңдауын "әдейі жасалған әрекет" деп санайды.

"Қытай ұйғыр спортшыны таңдау арқылы әлемге сендердің айтып жатқандарың өтірік дегісі келді" дейді ол.

Ал "Ұйғырларды жұмысқа жегуді тоқтату коалициясының" мүшесі Беннет Фриман Пекиннің ашылу салтанатындағы әрекетін "Қытайдың арам мазағы" деп атады.

Ұйғыр спортшы Дилнигәр Илхәмжан (29 нөмерде) Пекин олимпиадасында. 5 ақпан 2022 жыл.
Ұйғыр спортшы Дилнигәр Илхәмжан (29 нөмерде) Пекин олимпиадасында. 5 ақпан 2022 жыл.

Канададағы Саймон Фрейзер университетінің халықаралық зерттеулер кафедрасының доценті Даррен Байлер Associated Press агенттігіне берген комментарийінде "бұл – көп ақылдасып, ойластырылған таңдау" деген.

"Мұны Қытайдың Шыңжаңда жасап жатқанымыздан бас тартпаймыз, ал әлем не ойласа да бізге бәрібір деген мәлімдемесі ретінде қабылдауға болады" дейді сарапшы.

5 ақпанда Пекинде өткен брифингте журналистер Халықаралық олимпиада комитетінің ресми өкілі Марк Адамстан ұйғыр спортшыға қатысты сұрағанда ол "алау жағушыны таңдағанда ұлтына қарамайды" деп жауап қатты.

"Ол – мұндағы олимпиадаға қатысатын атлет. Бұл атлет қайдан келсе де, қайда өссе де олимпиадаға және ашылу салтанатына қатысуға толық құқығы бар" деді ХОК өкілі.

ҚЫТАЙ ӘРЕКЕТІН ҚОРҒАП ӘЛЕК

Халықаралық ұйымдардан сын күшейген тұста Қытай елшілері, шенеуніктері және Компартияның сөзін сөйлейтін газеттер Пекиннің ұйғыр спортшыға алау жаққызғанын мақтап жазып жатыр.

Мәселен, Қытайдың Танзандиядағы бас консулы Жанг Жишенг Тwitter желісінде Дилнигәр Илхәмжанның отбасының алау жаққан сәтін теледидардан тамашалап, жылап отырған видеосын жариялады.

Ал Қытайдың Кубадағы елшісі Амб Ма Хуэй де Twitter желісінде Дилнигәр Илхәмжаннің анасының қызына сәттілік тілеген видеосын шығарды. Видеода спортшының анасы "отбасың және елің сенімен мақтанады" дейді.

Қытай Компартиясының газеті Global Times ашылу салтанаты туралы мақаласында ұйғыр спортшысы жайлы жазған Батыс және америкалық басылымдарды "таяз ойлайды" деп айыптады.

"Спортшы өмірінде олимпиаданың ашылу салтанатында алау жағуды армандайды. Америкалық кейбір басылымдардың логикасын салсақ, Қытай спортшының өмір бойғы арманын орындауға мәжбүрлеген. Бұдан асқан абсурд бола ма?" деп жазды Компартия газеті.

Биылғы олимпиадаға Қытай құрамасы сапында Шыңжаң өңірінен үш қазақ және бірнеше ұйғыр спортшы қатысып жатыр.

4 ақпанда Пекинде олимпиада ашылу салтанаты өтіп жатқан тұста әлемнің бірнеше қаласында ойындарға қарсы наразылық шарасы болды. Түркияның Стамбул, Канаданың Торонто, Чехияның Прага қаласында бір топ адам ойындарды "геноцид олимпиадасы" деп атап, жарысқа бойкот жариялауға, көрермендерге ойындарды көрмеуге шақырды.

БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандары саяси лагерьлерге қамаған. Халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаңдағы мұсылмандарды жұмысқа жегіп, бала туу деңгейін азайтып жатқанын анықтаған. Қытай Шыңжаңдағы саясатын "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орталығы" деп атайды.

Қытай Шыңжаңға БҰҰ және батыстық сарапшыларды жібермей отыр. 6 ақпанда БҰҰ бас хатшысы Антонио Гуттериш Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездескен. БҰҰ кездесуден кейін жариялаған мәлімдемесінде "бас хатшы Қытай билігі БҰҰ жоғарғы комиссиарларын Қытайға, соның ішінде Шыңжаңға келуге рұқсат береді деген сенімін білдірді" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG