Accessibility links

Жас қыздың мәйіті, қара қап, "жолбарыс" орындық. Шыңжаң лагерін көргендердің айтқаны


Шыңжаңдағы лагерь куәгерлері Келбинур Сыдық (сол жақта), Гүлбахар Хаитиуажи (ортада жақта) және Өмірбек Бекәл (оң жақта) Әлемдік ұйғыр конгресінің жиынында. Прага, 12 қараша 2021 жыл.
Шыңжаңдағы лагерь куәгерлері Келбинур Сыдық (сол жақта), Гүлбахар Хаитиуажи (ортада жақта) және Өмірбек Бекәл (оң жақта) Әлемдік ұйғыр конгресінің жиынында. Прага, 12 қараша 2021 жыл.

12-14 қарашада Прагада (Чехия) өткен Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің бас ассамблеясында Шыңжаң лагерін көрген екі ұйғыр мен бір қазақ бастарынан өткен қиындықтарын баяндап берді. Ал жиында сөйлеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының өкілі Қазақстанда Шыңжаңдағы туысын іздегендерден екі мың арыз түскенін айтады.

"ҚИНАЛҒАН ӘЙЕЛДЕРДІҢ ДАУЫСЫ ҒИМАРАТТЫ БАСЫНА КӨТЕРЕТІН"

- Лагерьде 18-20 жастағы қызға бедеулік екпесін салып, ол қыз екі ай қан кетіп, қайтыс болды. Мәйітін арбаға салып әкетіп бара жатқанын көрдім. Лагерьде әйелдерге өмір бойы бала көтере алмайтын дәрілер береді.

Шыңжаңдағы лагерьде еркімнен тыс қытай тілінен сабақ бердім деген ұйғыр әйел Келбинур Сыдық бұл сөзін айтқанда қыстығып жылап жіберді.

Ол "Шыңжаң лагерінде көрген адам төзгісіз жауыздықтар" көз алдынан әлі кетпейтінін, есіне түссе көзіне жас іркілетінін айтады. Қытай билігі оны 2017 жылы наурызда лагерьге қытай тілінен сабақ беруге мәжбүрлеп жіберген.

- 40-50 тұтқын камерада цементтің үстінде жататын. Қытай сақшылары оларды адам құрлы көрмейтін. Сабаққа қолдары кісенделіп келеді. Дәретке күніне үш рет бір минуттан ғана баратын. Сақшылар оларды кез келген уақытта, сабақ оқып отырса да алып кетіп тергейтін, - деді ол Шыңжаң мәселесі көтерілген Прагадағы жиында.

Қытай сақшылары лагерьдегі адамдардың сыртынан қарап тұр. 2018 жылғы сурет
Қытай сақшылары лагерьдегі адамдардың сыртынан қарап тұр. 2018 жылғы сурет

Келбинурдің сөзінше, ол кейін 2017 жылы қыркүйек-қараша арасында тек әйелдер отырған лагерьге ауысып, онда да сабақ берген. "Сол жерде әйелдердің қиналған, жалынышты дауысы бүкіл ғимаратқа естіліп жататын еді" деп күрсінді ол.

- Лагерьде негізінен 18-40 жастағы әйелдер жатты. Араларында 70 жасқа дейінгі әйелдер де болды. Әйел-қыздардың шаштары түгел алынған. Олар сақшылар тарапынан зорлауға ұшырады. Зорланғаннан кейін де тоқпен ұрып, темір-терсекпен қинады. Қиналған қыздарды жүріс-тұрысынан, отырысынан сезесің. Осындай зұлымдықтарды көрсек те үндемей отырмыз. Отанымыздағы [Шыңжаңда – Ред.] осындай ашықтан ашық зорлыққа қарсы күресті тоқтатпау керек, - дейді ол.

Келбинур лагерьдегі жұмыстан шығып, Нидерландыға қашқан. Қазір ол Дүниежүзілік ұйғыр конгресімен бірге Қытай режимінің Шыңжаңдағы қысымын геноцид деп таныту үшін бірге жұмыс істеп жүр.

"БАСЫМЫЗҒА ҚАРА ҚАП КИГІЗІП, АЯҒЫМЫЗҒА ШЫНЖЫР САЛДЫ"

Ал Шыңжаңдағы лагерьде отырдым деген Гүлбахар Хаитиуажи қамауда отырғанда "белгісіз укол салған соң 30 градус суықта далада жалаң аяқ жүрген".

- 2006 жылы отбасымен Францияға қоныс аудардым. 2016 жылы қарашада Қарамайға келіп, қағазға қол қой деп шақырған соң Шыңжаңға келгенде ұстады. "Қоғамға қауіп төндірді" деп деп адамдарға топтап айып тақты, қол қоюға мәжбүрледі. Тергеу түрмесінде және лагерьде үш жыл болдым, - деп жылап жіберді ол.

Гүлбахардың сөзінше, лагерьге апарғанда аяғына кісен салып, саусақ іздерін алған, қан тапсырған.

- Барлық жерде видеокамера, жүрген-тұрғанымыз, дәретке барғанымыз бақылауда. Лагерьде отырғандардың көбі ұйғыр әйелдер екен. Ана тілімізде сөйлеуге қатаң шектеу қойды. Көкеніс қайнатып, суын берді. Сұраққа апарарда қол-аяғымызға кісен салып, басымызға қара қап кигізеді. Апарғаннан кейін темір орындыққа отырғызады. Қол-аяғымызды сол темір орындыққа бекітеді. Кейде әйелдерді шынжырмен төсекке байлап қояды. Тұмаудың алдын аламыз деп екпе салған еді, кейін әйелдердің көбінің етеккірі тоқтап қалды. Кейін лагерьге әйелдер сыймай қалған соң бізді басқа лагерьге ауыстырды, - дейді ол.

Келбинур Сыдық (сол жақта) пен Гүлбахар Хаитиуажи (оң жақта) Прагадағы жиында. 12 қараша 2021 жыл.
Келбинур Сыдық (сол жақта) пен Гүлбахар Хаитиуажи (оң жақта) Прагадағы жиында. 12 қараша 2021 жыл.

Гүлбахар 2019 жылы тамыздың соңында лагерьден шығып, қолына төлқұжатын алып, Францияға оралған.

- Жағдайымды Франция үкіметінің біліп қоюынан сақтанды ма, лагерьде мені 8 әйел сақшы, 3 ер сақшы бақылауға алды. Франциядағы отбасыммен өте сирек сөйлестіретін, ал сөйлестірер алдында айтатын сөздерімді дайындап берді. Мені босатарда "лагерьде көргеніңді ешкімге айтпайсың. Айтсаң Шыңжаңда қалған туыстарыңды қамаймыз" деп ескертті, - дейді ол.

"ЖАРТЫ КҮН ҚИНАҒАННАН КЕЙІН ҰРҒАНДЫ ДА СЕЗБЕЙСІҢ"

Прагадағы жиынға келген қазақ Өмірбек Бекәлі де Шыңжаңдағы лагерьде "өзі жасамаған қылмысты мойындату үшін қинағанын" айтты. Ол 2008 жылы Қазақстан азаматтығын алса да, 2017 жылы Шыңжаң өлкесіндегі Тұрпанға барғанда ұсталып, лагерьде отырып шыққан.

- Ауыр күндер 2017 жылы 26 наурызда басталды. Қазақстан-Қытай арасында туризмді дамыту үшін туристік компания ашып, жұмыс істеп жүргенде ұсталдым. Террорист, мемлекетті ыдыратушы деген айып тақпақ болып, қинады. Қол қоюға мәжбүрледі. Лагерьге басымызға қап кигізіп кіргізді, темір "жолбарыс" орындыққа отырғызып, тоқ соққызса да қол қоймадым. Қинауға жарты күн шыдасаңыз, денеңіз ұрғанды сезбей қалады екен. Қинауға шыдап, қол қоймағандықтан қазір алдарыңызда отырмын, - деп күрсінді ол.

"Жас қыздың мәйітін көрдім". Шыңжаңдағы лагерьде болғандардың айтқаны
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:27 0:00

Өмірбек Бекәлі лагерьде адам физикалық және рухани жағынан күйреп шығатынын, ақысыз жұмысқа жегілетінін еске алды. Лагерьде отырған бірнеше адам қинауға шыдамай қайтыс болғанын айтты.

2017 жылы қарашада қамаудан шыққан Өмірбек Қазақстанға оралғаннан кейін Қытай лагерьлері жайлы бірнеше рет ашық айтып, шетелдік басылымдарға сұхбат берді. Қазақстанда қалудан сескеніпғ 2018 жылы мамырда Түркияға кетіп қалған. Қазір Нидерландының Роттердам қаласында тұрып жатыр. Оның Шыңжаңда көргені мен Нидерландыдағы өмірін Азаттық бұған дейін де жазған.

Бастан кешкендерін Прагадағы жиында айтқан үш адамның сөздерін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін емес. Бірақ осыған дейін лагерь көрген басқа адамдар да халықаралық басылымдарға бастарына қап кигізгенін; әйелдердің зорланғанын; белгісіз дәрі ішіп, укол алғандарын; темір орындыққа отырғызып, қинағанын; ешқандай сотсыз қамалғандарын; кішкентай бөлмеде көп адам жатқанын айтқан еді.

"ҚАЗАҚСТАНДА ҚЫТАЙ ЛАГЕРІН КӨРГЕН ЖҮЗДЕН АСА АДАМ БАР"

Прагада өткен Дүниежүзілік ұйғыр конгресінің 7-бас ассамблеясына әлемнің әр елінен келген ұйғырлар; Чехия, Германия, Канада, Еуропарламент, Франция депутаттары, Шыңжаң мәселесін зерттеушілер мен құқық қорғаушылар қатысты.

Ассамблеяда "Қытай билігі Шыңжаңда адамзатқа қарсы қылмыс әрі геноцид жасап жатқаны" айтылды. Қатысушылар әлем елдерін 2022 жылы ақпанда Пекинде өтетін қысқы олимпиада ойындарына бармауға, Шыңжаңдағы қысымды геноцид деп тануға шақырды.

Шығыс Түркістан қауымдастықтары халықаралық одағының президенті Хидаят Огужан Прагадағы жиында. 12 қараша 2021 жыл.
Шығыс Түркістан қауымдастықтары халықаралық одағының президенті Хидаят Огужан Прагадағы жиында. 12 қараша 2021 жыл.

Жиында сөз сөйлеген Шығыс Түркістан қауымдастықтары халықаралық одағының президенті Хидаят Огужан Қытай билігінің Шыңжаңдағы ұйғыр мен басқа да мұсылмандарды жазықсыз лагерьге қамап, қинап, қорлап, отбасынан айырып, құлдыққа жегіп, биомедициналық тәжірибе жасап жатқанын баса айтты. Ол Пекин Шыңжаңды ашық аспан астындағы түрмеге айналдырды дейді.

"Шыңжаңдағы қысым БҰҰ-ның геноцид сипаттамасына сай келеді. Бірақ Қытай режимінің Шыңжаңдағы ұйғырларға жасап жатқанын сипаттауға геноцид деген сөздің өзі жеткіліксіз. Қытай адамзатқа қарсы қылмысын енді жасыра алмайды, себебі бұл жағдайды халықаралық қауымдастық, халықаралық медиа мен зерттеушілердің бәрі білді. Шыңжаңдағы жағдай Қытайдың ішкі ісі емес, бұл – адамзатқа қарсы қылмыс" деді ол.

Прагадағы жиынға Қазақстаннан видео арқылы қосылған "Атажұрт еріктілері" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ербол Дәулетбек Қазақстанда Шыңжаңдағы саясаттан зардап шеккен адамдар көп екенін айтты.

"Қазақстанда лагерьден шыққан жүзден аса адам бар. Олар денсаулығынан, рухынан айырылған. 2017 жылдан бастап Алматыда ұйым ашып, лагерьде болған, туысы лагерьде қамалған адамдармен видеолар түсіріп, арыздар жаздыра бастадық. Бес мыңнан аса видео түсірдік, екі мыңнан аса арыз жазылды. Ешқандай қылмыссыз көп жылға сотталып кеткен адамдардың Қазақстандағы туыстарынан үш жүзден аса арыз бен дәлел алынды" деді ол жиында.

Ассамблеяда сөз сөйлеген Батыс елдерінің депутаттары халықаралық қауымдастықты Қытайға қысымды күшейтуге шақырды.

Қазақстанмен шектесетін Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында ислам дінін ұстанатын байырғы жергілікті тұрғындар – ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге халықтарға коммунистік биліктің қысым көрсетіп жатқаны туралы хабарлар 2017 жылдан бастап тарай бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Бастапқыда Шыңжаңдағы лагерьлер жайлы айыптарды терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндіріп, лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атады. 2020 жылы маусымның соңында жарияланған халықаралық зерттеушілердің баяндамасында Қытай билігі ұйғыр, қазақ секілді түркітілдес ұлттар санын шектеу үшін әйелдерді ұрықсыздандыру процедурасынан өтуге не контрацепция қолдануға мәжбүрлейтіні айтылған.

АҚШ конгресі мен Ұлыбритания, Канада, Чехия парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын геноцид деп атайды. Пекин бірнеше рет "Шыңжаңдағы жағдайды Қытайдың ішкі саясаты" деген.

Мақаланы әзірлеуге Нұртай Лаханұлы атсалысты

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG