Accessibility links

"Қауіпсіздігім үшін кеттім". Қытайдан да, Қазақстаннан да қашуға мәжбүр болған қазақ


Қазақстаннан Нидерландыға қоныс аударған Өмірбек Бекәлі. Өмірбек Бекәлінің жеке архивіндегі фото.
Қазақстаннан Нидерландыға қоныс аударған Өмірбек Бекәлі. Өмірбек Бекәлінің жеке архивіндегі фото.

Шыңжаңдағы саяси лагерьге қамалып шыққан Қазақстан азаматы “жеке қауіпсіздігі үшін” алдымен Түркияға, одан әрі Нидерланд еліне кетті. Ол 2019 жылдың наурыз айынан бері Нидерландының Роттердам қаласында отбасымен бірге тұрып жатыр. Бекәлі үш баласымен бірге Қазақстан азаматтығынан бас тартқанын, ал әйелі Раушангүл Ташмағамбет босқын мәртебесін алғанын айтады.

50 жасқа шыққан Өмірбек Бекалы Қытайдың Тұрфан қаласында туған. 2006 жылы Алматыға келіп, 2008 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Әйелі Раушангүл екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Бекалы 2017 жылы наурызда Шыңжаңдағы Тұрфан қаласында тұратын әке-шешесіне қыдырып барып, сол жерде лагерьге қамалғанын айтқан.

Сегіз айдан соң бостандыққа шығып, Қазақстанға оралғаннан кейін ол Қытайдағы лагерьлердің ішкі жағдайын бірнеше рет ашық айтып, шетелдік басылымдарға сұхбат берді. 2018 жылы мамырда ол Түркияға кетіп қалған. Қазір Нидерланд елінде тұрып жатқан этникалық қазақ Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстаннан кету себебін, Роттердамдағы өмірі жайлы айтып берді.

"ӨЗ ЕЛІМНЕН ӨЗІМ ӨТІРІК АЙТЫП ШЫҚТЫМ"

Азаттық: Қазақстаннан кетуге не түрткі болды?

Өмірбек Бекәлі: Мен Қазақстан азаматы бола тұра Қытайдағы лагерьден қиын жағдайды бастан кештім. Қазақстанға келгеннен кейін басымнан кешкенімді, көзіммен көргенімді ашық айттым. Ол жерде (Қытайдағы саяси лагерьде – ред.) жапа шеккен мен ғана емес, мыңдаған қазақ пен ұйғыр бар. Солардың көрген қорлығы мен тартқан азабын айтып, телеарналарға сұхбат бердім.

Бірақ сол сұхбатым үшін қысым көрдім десем де болады. Жеке басымның қауіпсіздігіне ешкім жауап бермейтініне көзім жетті. Амалсыз Түркияға қашып кетуге мәжбүр болдым.

Азаттық: Басыңызға қандай қауіп төнді?

Жеке басымның қауіпсіздігіне ешкім жауап бермейтініне көзім жетті.

Өмірбек Бекәлі: 2018 жылы 17 мамыр күні "органнанбыз" деп екі жігіт келді. Олардың айтуынша, көршілерім шағымданыпты. Мен "үйде террористерді дайындап" жатыр екенмін. Шындығында Қазақстанда тұрған 11-12 жылда ешбір ұйымға кіріп, қылмыстық әрекеттерге араласқан адам емеспін. Қытайда да, Қазақстанда да тек заңға бағынып, заң аясында әрекет етіп жүрген адам едім. Енді сол Қытайдағы зорлықты айтып едім, үйімде "террористер" пайда бола қалыпты.

Шыңжаңдағы этникалық топтарға қысым

2017 жылдың көктемінде Шыңжаңда ұйғырлар мен қазақтардың жаппай "саяси түзеу лагерьлеріне" қамалып жатқаны туралы ақпарат тарады. Қысымның қалай жасалып жатқанын көрген Сайрагүл Сауытбай, Өмірбек Бекәлі сынды этникалық қазақтар Қазақстанға өтіп, Қытайдың мұсылмандарға қарсы саясаты туралы ашық айта бастады. Қазақстан Сауытбайды "шекараны заңсыз бұзып өтті" деп алты айға шартты түрде соттап, елде қалдырған. Бірақ Қазақстаннан босқын мәртебесін не азаматтық ала алмағаннан кейін Швецияға кеткен Сауытбай қазір отбасымен бірге сол елде тұрып жатыр.

Батыс елдері мен халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қытайды Шыңжаңдағы қысымды тоқтатуға шақырып келеді. АҚШ Пекинге Шыңжаңдағы әрекеті үшін бірнеше рет санкция салды. Қытай айыптарды терістеп, өз іс-әрекетін "экстремизмге қарсы күрес" деп түсіндірді, ал саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атайды.

Қазақстанда да "туысымыз Шыңжаңда қамауда отыр, бері қарай өте алмай қалды" деген азаматтар Алматы, Нұр-Сұлтан және басқа қалаларда жиі жиын өткізіп, Қазақстан билігінен көмек сұраған. Қытаймен тығыз экономикалық байланыс ұстап отырған Қазақстан билігі Шыңжаңдағы жағдайға қатысты ресми нақты ұстанымын білдірмеді. Ресми Нұр-Сұлтан "бұл Қытайдың ішкі ісі" дегенімен, кейбір қазақтарға мәселесін шешуге көмектескенін мәлімдеген.

Қазақстан президенті Тоқаев 2019 жылы желтоқсанда германиялық Deutsche Welle телеарнасына берген сұхбатында "[Шыңжаң жайлы] Халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қалай болғанда да, этникалық қазақтарға қатысты осы тақырыптың айналасында әдейі шу шығарып жатқан сияқты. Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталығында бірен-саран ғана қазақ отырған болар" деген.

Тоқаевтың бұл сөзі "туысымыз Шыңжаңда қысым көріп жатыр" деген қазақстандықтардың наразылығын тудырған.

Азаттық: Бәлкім, көршілеріңізден расымен де шағым түскен шығар. Неге өз қорқынышыңызды Қытаймен байланыстырдыңыз?

Өмірбек Бекәлі: Мен Қытайдан келе салысымен Азаттықтан бастап бірнеше қазақстандық телеарнаға ашық сұхбат бердім. Сол сұхбаттан кейін өзіме тікелей келіп, "Қытайда туыстарың, әке-шешең қалды. Аузыңды жауып, тыныш жүрсеңші. Өзіңнің түрмеде жатқаның аз ба еді? Тағы да түрмеге түскің келіп жүр ме?" деген адамдар болды және ондай сөздерді жиі ести бастадым. Олардың атын қазір атағым келмейді.

Қытайдағы зорлықты айтып едім, үйімде "террористер" пайда бола қалыпты.

Екіншіден, Түркияға кетерден жарты ай шамасы бұрын АҚШ-тан келген журналистерге Қытай туралы сұхбат берген болатынмын. Сол сұхбат эфирге шыққаннан кейін бір күн өтпестен органнанбыз деп келіп, үйімді тінтті. Үйде үш балам да бар еді. Содан кейін үш күн өткен соң қызым Айша мен ортаншы ұлымды алып Стамбулға ұшып кеттім.

Азаттық: Түркияға кету қиын болмады ма?

Өмірбек Бекәлі: Қазақстан азаматы ретінде Түркияға визасыз, "он бес күн демалып қайтамын" деген сылтаумен келдім. Өз мемлекетімнен өзім өтірік айтып қашып шықтым.

Азаттық: Бірақ Түркияға да тоқтамадыңыз. Әлде ол елде тұруға рұқсат бермеді ме?

Өмірбек Бекәлі Роттердамда тұрып жатыр. Оның жеке архивіндегі фото.
Өмірбек Бекәлі Роттердамда тұрып жатыр. Оның жеке архивіндегі фото.

Өмірбек Бекәлі: Қазақстандағы қоқан-лоққы Түркияда да жалғасты. Қазақстанда қазақтар мен Қытай ұлтының өкілдері болса, Стамбулда ұйғырлар мен түріктерден "тыныш жүр" деген ескертуді жиі ала бастадым. Сыртымнан аңдып жүрген адамдарды да жиі көретін болдым. Оларды суретке де түсіріп алған едім. Содан бас амандығымды сақтау үшін басқа елге кетуге тура келді.

Азаттық: Нидерланд еліне қалай кеттіңіз?

Өмірбек Бекәлі: Мен оған дейін бірнеше елден көмек сұрадым. Әуелі АҚШ-қа кеткім келді. Бірақ маған виза бермеді. Одан кейін Швейцария мен Германиядан виза сұрадым. Бельгия билігіне де өтініш жасадым. Олар да виза беруден бас тартты. Тек Нидерланд қана шекарасынан өтуіме рұқсат етті. Бір айға виза ашып берді.

Азаттық: Нидерланд елінде қазір қандай құжатпен жүрсіз?

Өмірбек Бекәлі: Қазір Нидерланд азаматымын. Өзім және үш балам осында келгеннен кейін Қазақстан азаматтығынан бас тарттық. Біздің өтінішімізді алты ай қарап, шешім шығарып берді (Бекәлі Азаттық тілшісімен видео сұхбат кезінде Нидерланд елінен алған құжаттарын көрсетті – ред.). Ал әйелім босқын мәртебесін алды.

Азаттық: Әйеліңіз бұған дейін қай елдің азаматы еді?

Өмірбек Бекәлі: Раушангүл Қытай азаматы еді. 2005 жылдан бері Қазақстанда тұрды. 2006 жылы Қазақстан азаматтығын сұрап өтініш берді. Бірақ Қазақстан билігі әйеліме не азаматтық, не босқын мәртебесін бермеді.

Қазақстаннан Нидерландыға қоныс аударған Өмірбек Бекәлі. Жеке архивіндегі фото.
Қазақстаннан Нидерландыға қоныс аударған Өмірбек Бекәлі. Жеке архивіндегі фото.

Азаттық: Қазір Роттердамда немен айналысып жүрсіз?

Өмірбек Бекәлі: Оқып жүрмін. Біріншіден, тіл үйреніп жүрмін. Екіншіден, өзімнің негізгі кәсібім туризм саласы еді ғой. Қытайда да, Қазақстанда да осы саламен айналысқан едім. Сол кәсібімді дамыту үшін оқып жүрмін. Болашақта халықаралық компанияларда жұмыс істегім келеді. Сонымен қатар, Нидерланд елінде туризм саласы жақсы дамыған. Отбасым дәл қазір Түркияда саяхаттап жүр. Ол жақта туыстарым бар ғой. Соларға кетті. Нидерланд билігі өзімізге тұруға үй берді. Балаларыма, өзіме, әйеліме ай сайын арнайы ақша беріп тұрады. Тып-тыныш бір өмір сүріп жатырмыз. Балаларым мектепте. Айша – алтыншы, Ибрахим – үшінші, Мұхаммед бірінші сыныпты бітірді.

Азаттық: Көңіліңізде қандай да бір өкініш, әттеген-ай бар ма?

Өмірбек Бекәлі: Балалар тілді жылдам ұмытады екен. Қазақша сөйлеуден қалып барады. Соған алаңдаймын.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG