Accessibility links

"Қазақ, ұйғыр жойылғанша". Newlines институты Қытай саясатын геноцид деп, құқықтық дәлел келтірді


Шыңжаңдағы қамау лагерлерінің бірі. 3 желтоқсан 2018 жыл.
Шыңжаңдағы қамау лагерлерінің бірі. 3 желтоқсан 2018 жыл.

Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы қазақ және ұйғыр секілді діні ислам ұлттарға қарсы саясатын геноцид деп атайтындар көп. Бірақ олардың көбі ұғымның кең ауқымды анықтамасына сүйенеді. Енді америкалық Newlines стратегия және саясат институты Пекин саясатының геноцидтің құқықтық анықтамасына сай келетінін мәлімдеп, дәлел келтіріп отыр.

8 наурыз күні жарық көрген баяндамасында Newlines институты БҰҰ конвенциясының анықтамасына сүйенеді. "Геноцид қылмысының алдын алу және ол үшiн жазалау туралы" 1948 жылы қабылданған конвенцияның 2-бабында геноцид ұғымына "қандай да бір ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топтарды толықтай немесе ішінара жою пиғылымен жасалған әрекеттер" кіретіні жазылған.

Осы бапта геноцид деп тануға негіз болатын бес әрекет келтірілген: топ мүшелерін өлтіру; жарақаттау не ақылойына зиян келтіру; топты толықтай не ішінара жоюға жағдай туғызу; топ мүшелері арасында бала тууды болдырмау және бір топтың балаларын күшпен тартып, өзге бір топқа беру.

Newlines институты Қытайдың Шыңжаңдағы саясаты осы әрекеттердің бәрін қамтиды дейді.

Қытай бұл конвенцияға 1949 жылы қол қойып, оны 1983 ратификациялаған.

"ҰЙҒЫРЛАР ҚОРҒАЛҒАН ЭТНИКАЛЫҚ ТОПҚА ЖАТАДЫ"

Баяндамада ұйғыр халқының этникалық топқа жататыны, мәдениеті мен дәстүрінің, діні мен тілінің бар екені, тұрып жатқан жерін бұрыннан мекендейтіні айтылады. Ұйғырлар Қытайдың өз заңы бойынша да қорғалған этникалық топқа жатады дейді авторлар. Қытай ресми түрде ұйғырларды халқының құрамындағы 56 этникалық топқа жатқызады.

Зерттеулер Шыңжаңның тарихын шолып, өлкенің қытай коммунистерінің қолына 1949 жылы өткенін, содан бері өлкедегі хань қытайларының үлесі арта бастағанын еске салады. 1953 жылы ханьдықтар Шыңжаң халқының 6,1 пайызын құраса, 1982 жылға қарай олардың үлесі 40,4 пайызға жеткен.

Шыңжаң өлкесі Қашғар қаласындағы Ид Ках мешітіне намазға келген кісі. 26 маусым 2017 жыл. Қамау лагері куәгерлерінің бірі "экстремизммен күрес" науқаны басталғалы кей мұсылмандардың сақал өсіргені үшін ғана жазаланғанын айтқан.
Шыңжаң өлкесі Қашғар қаласындағы Ид Ках мешітіне намазға келген кісі. 26 маусым 2017 жыл. Қамау лагері куәгерлерінің бірі "экстремизммен күрес" науқаны басталғалы кей мұсылмандардың сақал өсіргені үшін ғана жазаланғанын айтқан.

Қытай үкіметі этникалық топтардың ассимиляциясын күшейту үшін аралас неке науқанын жүргізіп отыр дейді баяндама авторлары. Олардың сөзіне қарағанда, бұл процесс ерікті-мәжбүрлі түрде жүзеге асырылып отыр. Ерлі-зайыптының бірі ханьдық болып, бірі этникалық топ өкілі болса, оларға стипендия қарастырылып, оқу және мансап тұрғысынан жеңілдіктер беріледі. Бұл – науқанның ерікті жағы. Баяндамада Қытай билігінің "саяси лагерьде" қамалып отырған ұйғыр әйелдерін хань қытайына тұрмысқа шығуға мәжбүрлеп отырғаны айтылады.

ҰЛТ ӨКІЛДЕРІН ӨЛТІРУ

Қамауда отырған ұйғырлардың біршамасы қайтыс болған не өлтірілген және бұл туралы айтқандар ұзақ мерзімге сотталуы мүмкін дейді баяндамашылар. Олардың жазуынша, қамау лагерьлерінде кемі бір жаппай өлім тіркелген және жаңа салынған крематорийлер биліктің өлімнің жалпы санын жасыруға тырысып отырғанын көрсетеді.

Баяндамада өлім қаупі егде жастағылар мен беделді ұйғыр діндарларына қаттырақ төніп тұрғаны, түрмеге түскен соң көп ұзамай көз жұмып жатқан дін ғалымдарының көптігі айтылады.

Осыған дейін қамау лагерьлерінде отырып шықты деген куәгерлер онда мәжбүрлі түрде қытай тілі үйретілетінін, жасы келіп қалған азаматтарға тіл үйрену қиын соғып, жиі жазаланатынын айтқан. Баяндама авторлары егде жастағылар қытай тілін үйрене алмағаны үшін азапталып отыр дейді. Сонымен қатар жыныстық зорлық-зомбылық, адамдыққа жатпайтын өзге де әрекеттер жасау жүйелі сипат алып отыр дейді олар.

"Куәгерлердің айтуынша, қамауда отырғандар әскери сипаттағы қатаң тәртіп пен ережені орындамағаны үшін азапталуы мүмкін. Сөйлесу, сыбырлау, тұрақты жанып тұратын жарықты өшіру, жымию, жылай, есінеу, көзді жұму, баяу тамақтану, дәретханада берілген уақыттан ұзақ отыру секілді қалыпты жайттар да [ереже бұзу әрекетіне] жатуы ықтимал" делінген баяндамада.

БАЛА ТУУДЫ БОЛДЫРМАУ

Үкімет статистикасы, бір-бірін қуаттайтын куәліктер Қытайдың ұйғырлар арасында жаппай қамау науқанымен бірге бала тууды қасақана шектеп отырғанын көрсетеді дейді америкалық институт.

"Үкіметтің 2019 жылғы дерегі ұйғырлар тұратын ауыл-аймақта жаппай ұрықсыздандыру науқанын жүргізу туралы жоспар болғанын көрсетеді. Ұйғырлар тұратын екі ауданда бір жылдың өзінде бала туу қабілеті бар әйелдердің 14 және 34 пайызы нысанаға алынған. Шыңжаң-ұйғыр автономиялық өлкесіндегі бұл бағдарламалардың қаржыландырылуы да күшейген. Бұл сандар Түркияға қашқан ұйғыр әйелдерінен алынған сауалнама нәтижесімен сәйкес келеді: [сауалнамаға қатысқан әйелдердің] 25 пайызы ұрықсыздынған болып шықты, көбі мұндай процедураның жасалғанынан бейхабар болған" делінген баяндамада.

Сәбиін тербетіп отырған ұйғыр әйелі. Хотан, Шыңжаң, 15 сәуір 2015 жыл.
Сәбиін тербетіп отырған ұйғыр әйелі. Хотан, Шыңжаң, 15 сәуір 2015 жыл.

Зерттеуде 2017-2018 жылдары Шыңжаңда бала туу қабілетінен айырылған әйелдер саны 124 пайызға артқаны айтылады. 2018 жылы Қытайда жатыріші спираль орнату жағдайларының 80 пайызы Шыңжаңның үлесінде болған. Өлкедегі адам саны Қытай халқының бар-жоғы 1,8 пайызын ғана құрайды.

БІР ТОПТЫҢ БАЛАЛАРЫН ТАРТЫП АЛЫП, БАСҚА ТОПҚА БЕРУ

Newlines институтының зерттеуінде Қытайдың 2017 жылдың басында мемлекеттік интернаттар немесе де-факто жетімдер үйі желілерін сала бастағаны баяндалады. Сол жылы бір Қашғар ауданының өзінде 18 жаңа жетімдер үйі салынған. Білім министрлігінің құжатына қарағанда, 2017 және 2019 жылдар аралығында ата-анасынан ажыратылып, интернатқа орналастырылған балалар саны 497 мыңнан 880 мыңға немесе 76,9 пайызға артқан. Олардың көбі – ата-анасы қамау лагеріне жіберілгендер.

ҰЛТТЫ ТОЛЫҚТАЙ НЕМЕСЕ ІШІНАРА ЖОЮ ПИҒЫЛЫМЕН ЖАСАЛҒАН ӘРЕКЕТТЕР

Америкалық институт ұлтты толықтай не ішінара жою пиғылын билік өкілдерінің ресми мәлімдемелерінен, мемлекеттік саясаттан, жоспарлардан, іс-қимылдардан білуге болады дейді.

2014 жылы сәуірде Қытай президенті Си Цзиньпин халқының 90 пайызы ұйғырлардан тұратын Шыңжаңда "терроризм мен сепаратизмге қарсы күрес" науқанын бастау туралы мәлімдемелер жасады.

Шыңжаңның өткені мен бүгіні, 16 қаңтар 2019 жыл

Шыңжаңның өткені мен бүгіні
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:52 0:00

Ол Шыңжаңға қарата "Халықтың демократиялық диктатурасына тиесілі қару еш ойланбастан қолданылуы керек", "аямау қажет" деген сөздерді айтқан.

2016 жылы Шыңжаң өлкесінің хатшысы болып тағайындалған Чэнь Цюаньго Шыңжаңдағы діни экстремизмді "отамен алып тастайтын қатерлі ісік" деп сипаттады. Ал 2017 жылы сәуірде партияның ішкі құжатында "Егер діни экстремистік ойды түбірімен жоймаса, террористік шабуылдар ісік жасушалары секілді көбейе бермек" деп жазылды.

2017 жылы 900 мыңдай халқының басым бөлігі ұйғырлардан тұратын Жаркенд уезінің партия хатшысы митингіде сөз сөйлеп, "оларды толықтай жоямыз… Түбірімен құртамыз" деді.

"Лагерь күзетшілері қамауда отырғандарға Қытай коммунистік партиясы Орталық комитетінің құжатындағы тәртіпке бағынатынын, онда қамау жүйесінің "қазақ, ұйғыр және өзге де мұсылман ұлттар тұтастай жойылғанша" тұратыны жазылғанын айтты деген ақпарат бар" делінген Newlines зерттеуінде.

Институт осылайша Қытайдың Шыңжаңдағы саясат БҰҰ конвенциясындағы геноцид ұғымына толық сәйкес келетіні дәлелденді дейді.

Шыңжаңдағы діні ислам ұлт өкілдерінің Қытай билігінен қысым көріп жатқаны 2017 жылдан бастап айтыла бастады. Қамау лагерінде отырған, кейінірек шетелге қашқан азаматтар шыңжаңдықтардың себепсіз ұсталып жатқанын, ұстаудың діни және ұлттық сипат алып жатқанын, түрмедегі жағдайдың ауыр екенін хабарлады. Журналистер мен зерттеушілер Шыңжаң азаматтарының жүріп-тұруы шектелгенін, ұлттық және діни жоралғыларын жүргізуіне тыйым салынғанын баяндады.

2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы қамау лагерьлерінде миллионға жуық адам отыр деп мәлімдеді. Халықаралық қауымдастық Қытайды осы саясаты үшін айыптап, АҚШ секілді елдер Шыңжаңдағы адам құқығын бұзуға қатысы бар адамдар мен мекемелерге санкция салды. Пекин тағылған айыпты мойындамай, жаппай қамау лагерьлерін "қайта даярлау орталықтары" деп атады. Қазақстан билігі Шыңжаңдағы жағдайды "Қытайдың ішкі саясаты" деп бағалады.

Қаңтардың ортасында АҚШ-тың сол кездегі мемлекеттік хатшысы Майк Помпео (Джо Байденнің президенттікке кірісуімен қызметі аяқталған) "Қытай Шыңжаңда мұсылмандарға геноцид әрі адамзатқа қарсы қылмыс жасап жатыр" деп мәлімдеді. Ал ақпан айында Канада парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын "геноцид" деп таныды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG