Accessibility links

Шыңжаң мұсылмандарының құқығын қорғаушылар Байден әкімшілігінен не күтеді?


Ұйғыр қыз-келіншектер Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына наразылық білдіріп тұр. Стамбұл, Түркия, 1 қазан 2020 жыл.
Ұйғыр қыз-келіншектер Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына наразылық білдіріп тұр. Стамбұл, Түркия, 1 қазан 2020 жыл.

АҚШ cенаты жақында Энтони Блинкенді мемлекеттік хатшы қызметіне бекітті. Жаңа президент Джо Байден ұсынған 58 жастағы кәсіби дипломат алдағы бірнеше жылда АҚШ-тың сыртқы саясатындағы басты тұлғаға айналады. Блинкенге Қытай мен оның Шыңжаңдағы репрессиясына қатысты нақты ұстанымын білдіруге тура келеді. Азаттық сарапшылар мен құқық қорғаушылардан АҚШ-тың жаңа билігінен не күтетінін, Қытаймен саясаты қалай өзгеруі мүмкін екенін сұрады.

Президент Дональд Трамптың тұсындағы АҚШ-тың сыртқы саясаты Пекинмен қарым-қатынасының ушығуымен есте қалды. Көп сарапшының пікірінше, кейінгі екі жылда АҚШ Пекинге қарсы "сауда соғысын" жүргізуден бөлек, Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетіне байланысты қатаң саяси мәлімдемелер жасай бастады.

Көп куәгерлердің сөзіне қарағанда, осы бір автономды өлкеде кейінгі бірнеше жылда байырғы ұлттар: ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар мен ислам дінін ұстанатын басқа да диаспора өкілдеріне қарсы жаппай қуғын-сүргін шаралары жүріп жатыр. Аймақ билігі жергілікті халықты идеологиялық дайындықтан өткізу мақсатында "саяси қайта тәрбиелеу лагерлеріне" жауып, азаматтарды қудалап, басқан ізін аңдып, қорқытып-үркітіп, күштеп жұмысқа жегеді. Туу көрсеткішін бақылауда ұстау үшін қатаң шаралар қолданылған деген болжамдар да бар. Биліктің жүргізген репрессиясынан миллиондаған адам жапа шеккен болуы мүмкін. Шетелдік тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, бұл саясаттың түпкі мақсаты – Шыңжаңдағы байырғы ұлттарды толық ассимиляциядан өткізу. Пекин бірнеше жыл бойы Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы айыптарды жоққа шығарып, өңірде "экстремизм мен терроризмге қарсы күрес шаралары" жүріп жатқанын айтып отыр.

Шыңжаңдағы лагерьлер қандай? 24 қыркүйек 2020 ж.

Шыңжаңдағы лагерьлер қандай? 3D көріністерді ұсынамыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Шыңжаң тұрғындарының құқығын қорғаумен, оның ішінде сол өлкеде байырғы заманнан тұратын қазақтарға қолдау көрсетумен айналысатын топтар АҚШ-тағы президент сайлауын жіті бақылап, Джо Байден билікке келсе, Вашингтонның кейінгі екі жылдағы Қытайға қарсы қатаң позициясынан бас тартуы мүмкін деп қауіптенген еді.

Трамп билікке келмей тұрып, АҚШ Шыңжаңдағы "лагерь" мәселесін ашық көтеріп жүрген мемлекеттердің бірі болған. Бірақ Трамп әкімшілігі тұсында бірнеше нақты шаралар қолға алынды. Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысқан Қытай ресми тұлғаларына қарсы санкция салуға мүмкіндік беретін заң актісі қабылданды. Шыңжаңнан қызанақ пен мақта импорттауға тыйым салынды (бұлар автономды өлкедегі ең ірі экспорттық нысандар болғандықтан, өндірісте мұсылмандарды күштеп жұмысқа салған болуы мүмкін), өңірде жұмыс істейтін компаниялардан тауар сатып алуға шектеу қойылды, жекелеген тұлғалар мен ұйымдарға қарсы санкциялар енгізілді.

Бірнеше сенатор, демократтар мен республикашылдар, Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын "геноцид" деп атау туралы резолюция жобасын ұсынды.

АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мемлекеттік департамент басшысы қызметінен кетерде шулы мәлімдеме жасады. Ол жаңа президенттің ант беру рәсімінен бір күн бұрын, 19 қаңтарда "Пекин Шыңжаңда геноцид жасап отыр" деп мәлімдеді.

"Біз ұйғырларды жойып жіберуге бағытталған жүйелі шараларға куә болып отырмыз" деді Майк Помпео.

Дәл сол күні Байденнің мемлекеттік хатшы қызметіне ұсынған кандидаты Блинкен де Помпеоның сөзін қолдады. Сенат комитетіндегі маңызды мемлекеттік лауазымдарға ұсынылған кандидаттарды бекітуге арналған жиында дипломат Трамптың Қытайға қарсы қолданған қатаң шараларын құптайтынын айтып, Шыңжаңдағы әрекетті "геноцид" деп бағалау туралы пікірге қосылды.

АҚШ-тың жаңа мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен. Вашингтон, 27 қаңтар 2021 жыл.
АҚШ-тың жаңа мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен. Вашингтон, 27 қаңтар 2021 жыл.

"Ерлер, әйелдер мен балаларды концентрациялық лагерьлерге жабу, Қытай Коммунистік партиясының идеологиясын сіңіру үшін оларды өзгертуге тырысу, осының бәрі геноцид жасауға талпыныс жасалғанын көрсетеді" деді сенатта сөйлеген сөзінде Блинкен.

Азаттық бірнеше сарапшы мен құқық қорғаушыдан Вашингтоннан не күтетінін, Ақ үйге демократтар келгеннен кейін АҚШ-тың Пекинге қатысты саясаты қалай өзгеруі мүмкін екенін сұрады.

Байден әкімшілігі Шыңжаң мәселесін көтереді деп ойлайсыз ба? АҚШ-тың жаңа президенті мен оның командасынан не күтесіз?

Өмірхан Алтын.
Өмірхан Алтын.

Өмірхан Алтын, Германияда тұратын қазақ, Қытай қазақтарының мәселесін көтеріп жүрген белсенді

– Жаңа президент әкімшілігі Қытайдың Шыңжаңдағы қатаң саясатына деген көзқарасын өзгертпейді деп ойлаймын. Әрі қарай жалғасады. Тағы бір мәселе, Байденнің ант беру рәсіміне Тайвань өкілі шақырылды. Мұндай бірінші рет болып отыр. Сол арқылы АҚШ Қытай билігінің зорлықшыл саясатына қарсы екенін білдірді, мұны екінші тарап та түсінді. Байден әкімшілігі Трамп бастаған шараларды жалғастырады деп күтеміз.

Қайрат Байтолла, Қытайдағы қазақтардың құқығын қорғайтын "Атажұрт еріктілері" ұйымының өкілі

Қайрат Байтолла.
Қайрат Байтолла.

– Байден қатаң саясат қолданбайды деген ойдамын. Әсіресе, Қытаймен экономикалық байланысын қалпына келтіруі мүмкін. Ұзақ жыл әкімшілік қызметте істегендіктен Байден халықаралық заңдар негізінде достық қарым-қатынаста болуды қолдайды.

Бірақ достық қарым-қатынас АҚШ әкімшілігінің Қытайдағы аз ұлттарға жасалған қысымға байланысты ұстанымын өзгертпейді. Өйткені Қытайдағы қуғын-сүргін мәселесін алғаш болып көтергендердің бірі – АҚШ демократиялық партиясы. Олар қазір де Шыңжаңда адам құқықтары бұзылғанын мойындап отыр.

АҚШ демократияны қолдайтын зайырлы мемлекет ретінде Шыңжаң мәселесіне немқұрайды қарамайды деп үміттенеміз. АҚШ-та біздегідей "бәрін президент шешеді" деген түсінік жоқ. Елде қос палаталы парламент бар. Билікте Республикалық және Демократиялық партия отыр. Олар да билікке "тізгінді босаңсытуға" мүмкіндік бермейді.

Қыдырәлі Ораз.
Қыдырәлі Ораз.

Қыдырәлі Ораз, "Атажұрт жастары" ұйымының басшысы:

– Байден билікке Демократиялық партия атынан келіп отыр. Демократияның басты құндылығы – адам құқығы екені рас болса, Байден әкімшілігі де Қытайдағы адам құқығының бұзылуына қарсы іс-әрекет етеді. Бірақ ол Трамп сияқты алысқа бармауы да мүмкін. Алайда Байден салмақты, сауатты қадамдар жасай алады. Ол сайлауалды науқан кезінде "Біз расизмге, діни және ұлтаралық араздыққа қарсымыз. Адам құқығы бәрінен жоғары тұрады" деді.

Софи Ричардсон, Human Rights Watch ұйымының Қытай бойынша директоры:

– Біз жаңа президент әкімшілігі Шыңжаң-Ұйғыр ауданындағы адам құқықтарының бұзылуы фактілеріне байланысты сенімді зерттеу жүргізу жолдарын қарастырып қойған шығар деп үміттенеміз. Негізі бұл шаралар БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының ұранымен жүзеге асуы керек.

Біз сондай-ақ жаңа президент әкімшілігі жекелеген санкциялар мен Қытайдың мемлекеттік шенеуніктеріне қарсы қолданылған басқа да шараларды сақтап қалады; импорт пен экспортқа бақылауды босаңсытпай, бұл шаралардың тиімділігін арттыру үшін өзімен көзқарасы ортақ мемлекеттермен бірге жұмыс істеуді жалғастырады деп үміттенеміз. Жаңа президент әкімшілігі бұрынғы әкімшілікке қарағанда осы мәселемен айналысып жүрген көпжақты институттарды (БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесін қосқанда) қолдап, баспана іздеген азаматтар мен диаспора өкілдеріне қолдау көрсетуді жалғастырады деп сенеміз.

Антрополог Шон Робертс, Орталық Азия бойынша сарапшы, "Ұйғырларға қарсы соғыс. Қытайдағы мұсылман азшылықтарға қарсы ішкі науқан" кітабының авторы:

– Байден әкімшілігі Пекинге қысым көрсетуді жалғастырады, бірақ бұл Трамп әкімшілігі саясатының жалғасы болмайды. Байденнің командасы осыған дейін тиімсіздігін дәлелдеген мақтангерлік пен Қытайға қарсы сөздерді қолданбайды деп ойлаймын.

Бірақ Байден әкімшілігі бұрынғыдай Қытайға қарсы санкцияларға қатысып, Пекинге қысым көрсету үшін халықаралық коалиция құруды сәтті жүзеге асырады деп күтемін. Байден әкімшілігі халықаралық деңгейде адам құқықтарын қорғау саласында агрессивті сыртқы саясат ұстанатынын мәлімдеді. Бірақ Шыңжаңдағы жағдайға байланысты нақты позиция ұстанбаса, бұған қол жеткізу мүмкін емес.

Қандай саясат тиімді болады деп ойлайсыз?

Антрополог Шон Робертс, Орталық Азия бойынша сарапшы, "Ұйғырларға қарсы соғыс. Қытайдағы мұсылман азшылықтарға қарсы ішкі науқан" кітабының авторы:

Антрополог Шон Робертc.
Антрополог Шон Робертc.

– Біріншіден, жағдайды Қытай үкіметі ғана өзгерте алады. Мәселе "Басқа мемлекеттер мен күллі әлемдегі адамдар Қытайға жеткілікті қысым көрсете ала ма?" деген сұрақта болып отыр. Бірақ бұл қысым тек АҚШ пен оның одақтастарының тарапынан ғана көрсетілмеуі керегін атап өткен жөн. Шыңжаңдағы түркітілдес халықтардың басындағы жағдай ұлы державалар арасындағы бәсекенің бір бөлігіне айналмай, 21 ғасырдан қандай деңгейдегі адамгершілік пен адам құқығын күтеміз деген мәселені көтеруі керек.

Одан бөлек, Қытай билігі "АҚШ Қытайдың дамуына кедергі жасау үшін ұйғырлар мен Шыңжаңдағы басқа байырғы халықтардың басындағы қайғы-қасірет туралы хикаяларды ойдан шығарған" деген жалған ақпарат таратып отыр. Трамп қалдырған мұраның, америкалық құрылымдық расизм мен адам құқықтарының бұзылуын "терроризмге қарсы соғыс" деп көрсетудің "арқасында" АҚШ-тың көп елдегі беделіне нұқсан келді. Міне, осы елдер Қытайдың аргументіне сеніп қалуы мүмкін. Пекиннің Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуын "терроризмге қарсы күрес" деген сылтаумен ақтап алып отырғанын ескерсек, АҚШ-қа өзінің терроризмге қарсы саясатын қайта қарап, адам құқықтарын бұзатын шаралардан бас тарту керек деп ойлаймын. Бұл мұсылман әлеміне "АҚШ Қытай мұсылмандарын қорғауда екіжүзділік танытып отырған жоқ" деген белгі берер еді.

Қуғын-сүргінге қатысқан компанияларға қарсы бағытталған экономикалық қысым саясаты (санкциялар, бойкот, активтерінен айыру) тиімді деп ойлаймын. Бірақ мұндай шаралар Қытайда жұмыс істейтін америкалық компанияларға да әсер етеді. Сондықтан олар заңға қарсы лобби жасап отыр. Осылай экономикалық шаралар тек мемлекеттің әрекетіне ғана арқа сүйей алмайды. Жаппай күш салу керек.

Бұл қозғалыстың Еуропада қарқын ала бастағаны байқалады. Бірақ Шыңжаңдағы қуғын-сүргінге қарсы күрес Орталық Азия, Африка мен Оңтүстік-шығыс Азиядағы мұсылмандар саны басым елдерге де таралуы керек. Тек осындай әрекеттер ғана Қытай үкіметіндегі ықпалды адамдарды түркітілдес мұсылмандарға қарсы қатаң саясатын қайта қарауға итермелеуі мүмкін деп ойлаймын.

Софи Ричардсон.
Софи Ричардсон.

Софи Ричардсон, Human Rights Watch ұйымының Қытай бойынша директоры:

– Қазір Қытай саясатын ашық сынап отырған мемлекеттер коалициясының алуандығын, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі сарапшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін, жиырмаға жуық елдегі заң шығарушылардың қатысуын және Байден әкімшілігінің көпжақты институттарға қолдауын ескеріп, Қытайдың [осы қылмысқа қатысы бар] мемлекеттік шенеуніктері мен компаниялары Шыңжаңдағы қуғын-сүргіннің құны жоғары екенін түсінуі үшін көп нәрсе жасауға болады.

Қытайды жауапкершілікке тартуға күш салу керек. Әлемдік қауымдастық миллионға жуық адамды еш себепсіз, діні мен ұлтына бола қамауда ұстап отырған кез келген мемлекетке дәл осындай шара қолданар еді. Бір де бір мемлекет заңнан үстем емес, Қытайдың адам құқықтарын бұзғаны үшін жазасыз қалуына жол бермеу керек.

Мақаланы жазуға Әйгерім Төлеуханова мен Нұртай Лаханұлы қатысты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG