Accessibility links

"Биліктің кек алуы". Наразылықты қолдаған дәрігердің үйі өртенді, ықшамауданда ауызсу өшірді


Беларусь кардиологы Александр Мрочектің үйін өртеушілер ота пышағымен қадап кеткен қуыршақ.
Беларусь кардиологы Александр Мрочектің үйін өртеушілер ота пышағымен қадап кеткен қуыршақ.

Беларусь билігі Александр Лукашенконың отставкаға кетуін талап еткен наразылық акциясына қолдау білдірушілерге қысымын күшейтті. Кей жағдайда қысым астыртын жасалып отыр. Жағдайға тап болған адамдар мұны "биліктің кек алу әрекеті" деп бағалайды.

ДӘРІГЕРДІҢ ҮЙІНЕ ӨРТ ҚОЙҒАН

Беларусь ғылым академиясының академигі, кардиолог Александр Мрочектің саяжайдағы үйін өртеп кетті. Бұл туралы 14 қараша күні оның Испанияда тұратын ұлы Дмитрий Мрочек хабарлады.

Дәрігердің отбасы жариялаған суреттерге қарағанда, қаскөйлер үй ауласындағы орындыққа қан түстес бояу жағылған қуыршақ ота пышағымен қадап кетіп, жазба қалдырған. Әйелдің атынан жазылған бұл қағазда Мрачектің науқастарға жаңа кардиостимулятордың орнына ескісін орнатқаны, өрттің сол үшін қойылғаны айтылады.

Мрочектің өртенген үйі. 14 қараша 2020 жыл.
Мрочектің өртенген үйі. 14 қараша 2020 жыл.

Жаңа кардиостимулятордың орнына пайдаланылған құрылғыны қою – расымен болған оқиға. 2005 жылы республикалық "Кардиология" ғылыми-өндірістік орталығының бірнеше дәрігері науқастарға шетелдік кардиостимулятордың орнына Ресейде жасалған құрылғыларды орнатып, ақша жымқырды деген айып бойынша кінәлі деп танылған. Бірақ Александр Мрочек "Кардиология" орталығын 2008 жылдан бастап қана басқарған.

Мрочектің үйін өртеушілер қалдырған жазба.
Мрочектің үйін өртеушілер қалдырған жазба.

Дәрігер бұл қызметтен тамыздың соңында босатылған. Оның алдында ол полицияның шерушілерге қатыгездік танытуына қарсы шыққан.

Александр Мрочек.
Александр Мрочек.

Құқық қорғау органдары үйді қасақана өртеу ісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Бірақ Мрочектің туыстары үйдің өртенуін тергеу амалдарының дұрыс жүргізілетініне және қаскөйлердің ұсталатынына сенбейді. Олардың пікірінше, үйді дәрігердің Александр Лукашенконың биліктен кетуін талап етушілерді қолдағаны үшін өртеген.

ДӘРІГЕРЛЕР БЕЛСЕНДІЛІГІ

Дәрігерлер мен медицина мамандығында оқып жүрген студенттер 9 тамыздағы президент сайлауынан кейін басталып, төртінші айға ұласқан наразылық шерулеріндегі негізгі күштердің біріне айналды. Олар полицияның арнайы жасағы ұрып-соққан, зорлық көрсеткен адамдарды емдеумен айналысып, оларға көмек көрсетті.

Наразылық білдірушілерге күш қолдануға қарсы пикеттер мен митингілерге Александр Мрочек басшылық еткен "Кардиология" орталығының дәрігерлері де қатысқан. Мрочектің сөзінше, ол қол астындағы дәрігерлердің саяси белсенділігіне кедергі жасамай, керісінше, қолдау көрсетіп отырған.

Медиктердің Могилевтегі қарсылық акциясы. 15 тамыз 2020 жыл.
Медиктердің Могилевтегі қарсылық акциясы. 15 тамыз 2020 жыл.

"Менің ұстанымымды басқа дәрігерлер қолдай кетіп, адамдардың өмірін сақтап қалуға жәрдемдесті. Бұл дәрігер ретінде бізге ісіміздің нәтижесі тұрғысынан маңызды. Бір тараптың тас пен жанғыш сұйықтық, екінші тараптың оқ пен резеңке таяқпен қарулануы қашан да қайғымен аяқталады. Дәрігер әрдайым адам өмірін сақтап қалу жолында тұруы тиіс. Сол себептен біз дұрыс әрекет еттік" дейді Мрочек Азаттыққа.

Саяжайдағы үйін өртеп кеткен соң Александр Мрочек БАҚ-қа көлемді сұхбат беруден қорқады. Ұлы Дмитрий Мрочек Азаттыққа интернетте наразылық шерулерін қолдаған дәрігерлердің жеке мәліметтері жарияланып кеткенін айтады. Оның болжамынша, қаскөйлер әкесінің үйінің мекен-жайын сол мәліметтерден тапқан.

Күзде мыңнан астам дәрігер Беларусь билігіне ашық хат жазып, наразылық акцияларына қатысушыларды қатыгездікпен тұтқындап, ұрып-соғуды және милицияның шеруде зардап шеккендерге дәрігерлік көмек алуына кедергі келтіруін тоқтатуды талап еткен. Олар сонымен қатар саяси тұтқындарды босатуды, наразылық танытушыларға қатыгездік көрсеткендерді жауапқа тартуға және президент сайлауын қайта өткізуді талап еткен.

АУЫЗСУЫ ӨШІРІЛГЕН ЫҚШАМАУДАН

Минскінің Новая Боровая деп аталатын жаңа ықшамауданында үш тәуліктен бері ауызсу жоқ. Азаттық радиосы Беларусь қызметінің ("Свабода" радиосы) хабарлауынша, бұл жағдай аудан тұрғындарының тамыздағы президент сайлауынан кейін басталған наразылықтарды қолдап, саяси белсенділік танытуымен байланысты болуы мүмкін. 15 мың адам тұратын бұл ауданның тұрғындары ел астанасындағы наразылық акцияларына белсенді қатысқан. Президент сайлауында мұнда оппозициялық кандидат Светлана Тихановская қарсыласынан бес есе көп дауыс жиған.

Минскідегі Новая Боровая ықшамауданының тұрғындары суға кезекте тұр.
Минскідегі Новая Боровая ықшамауданының тұрғындары суға кезекте тұр.

"Свабода" радиосының хабарлауынша, ықшамауданда ауызсу әлдебіреулер су құбырын зақымдап кеткен соң тоқтап қалды. 16 қарашада "Минскводоканал" мекемесі ауданда ауызсудың тоқтап қалуына су құбырының қасақана зақымдалуы себеп болуы мүмкін екенін растады. Тұрғындар сөйлескен су мамандары құбырды бірнеше сағат ішінде жөндеуге болатынын айтқанымен, үйлерде әлі күнге дейін су болмай отыр. Ал билік өкілдері "ауыз су сапасын тексеру керегін" айтып, апатты жоюға асықпайды.

Су құбырының әдейі зақымдалғанын ауданда су тоқтап қалған соң ұзамай тұрғын үйлерге жақын маңға әлдебіреулердің үш жылжымалы дәретхана әкеліп қойғаны растай түскендей. Оның үстіне, ол дәретханалардың сырты елдегі наразылықтың символына айналған тудың түсіндей (ақ және қызыл түстердің жолағы) етіп боялған.

Президент сайлауына түскен Светлана Тихановская тұрғындарға ауызсу берудің тоқтатылуын "Новая Бороваяны геттоға айналдыру мақсатындағы кек алу әрекеті" деп атады.

Минск еріктілері Новая Боровая ықшамауданына ауызсу тасып жатыр. 17 қараша 2020 жыл.
Минск еріктілері Новая Боровая ықшамауданына ауызсу тасып жатыр. 17 қараша 2020 жыл.

Беларусь Хельсинки комитеті бұл жағдайға байланысты БҰҰ-ның адамның ауызсу және санитарлық қызмет алу құқықтары жөніндегі арнайы уәкіліне жүгінетінін мәлімдеді.

Ал 17 қарашада президент Александр Лукашенко "Новая Боровая" ауданындағы жағдайды "бақылауға алуды" тапсырды.

Новая Боровая тұрғындары Беларусьтегі наразылықтың алғашқы күндерінен бастап Лукашенко режиміне бітіспес қарсылас ретінде көрінген. Мұнда тұрғындар үйлерінің терезелеріне жаппай ақ-қызыл тулар іліп, наразылық танытушыларды қолдап концерттер қойған. Олар тіпті дауыс беруге дейін-ақ сайлау кампаниясына белсенді араласып, сайлауда бақылаушы болуға жазылған.

Новая Боровая ауданындағы сайлау учаскелері нәтижені алғашқылардың бірі болып жариялаған. Осы ауданда тұратын, аты-жөнін жарияламауды сұраған әйел Азаттыққа "Бізде дауыс әділ саналды. Светлана Тихановская екі сайлау учаскесінің бірінде шамамен 85 пайыз, екіншісінде 90 пайыз дауыс жинады" деді.

Сусыз қалған аудан тұрғындарына еріктілер шағын ыдыстармен су жеткізіп беріп жатыр. Максим есімді тұрғынның (аты-жөні өзгертілген – Ред.) айтуынша, тұрғындардың әлеуметтік желідегі чатында өздеріне көмек ұсынғандар көбейген.

"Адамдардың көбі жексенбі күні "Площадь перемен" алаңын бұзған соң кезек бізге де келіп жетті деп сезіне бастады. Аулада милиция қарасы көбейіп, тұрғындар еріктілер жеткізген судан босаған ыдыстарды шығарып қойса, соларды жинап әкетіп жатыр.

Сейсенбі, 17 қараша күні бетін бүркеген адамдар келіп, үйлеріміздің арасына керілген туларды түсіре бастады. Мағынасыз іспен айналыспай, су құбырын жөндесеңдерші деп едік, олар үндеместен сырт айналып кетті" дейді Максим.

Азаттық радиосы Орыс қызметінің тілшісі Марк Крутовтың мақалаларынан ықшамдалып аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG