Accessibility links

Беларусь белсенділері түрмеде үйленді


Светлана Гороховик - Александр Лукашенкоға қарсы шеруге қатысқаны үшін Беларусь түрмесінде төрт жылдық жазасын өтеп жатқан Павел Виноградовтың қалыңдығы.
Светлана Гороховик - Александр Лукашенкоға қарсы шеруге қатысқаны үшін Беларусь түрмесінде төрт жылдық жазасын өтеп жатқан Павел Виноградовтың қалыңдығы.

Светлана Гороховик пен Павел Виноградов некелерін қидырды. Алайда қуанышқа кірбің түсіретіні – Виноградов өктемшіл президент Александр Лукашенкоға қарсы шеруге қатысқаны үшін Беларусь түрмесінде төрт жылдық жазасын өтеп жатыр.


«Азаттық» радиосының Беларусь қызметі түрмедегі үйлену тойына дайындалып жатқан қалыңдықпен сұхбаттасқан еді.

Светлана мен Павел де үйлену тойын достарымен, туыстарымен бірге шат-шадыман өткізуді армандап еді. Алайда күйеу жігіт Беларусь түрмесінде отырған кезде тойды ойлағандай өткізу қиынға соғады. Жас жұбайлар белсенді Виноградов отырған түрмедегі қарапайым жөн-жораны қанағат тұтты.

ТОЙҒА ДАЙЫНДЫҚ

23 жастағы Гороховик пен 24 жастағы Виноградовтың некелерін қиятын салтанатты рәсім бүгін Беларусьтің оңтүстігіндегі Ивацевичи қаласындағы қатаң режимді түрмеде өтеді деп жоспарланған.

Светлана Гороховик түрменің күңгірттігіне, шампанға тыйым салуына қарамастан, тойды дұрыстап тұрып өткізуге бел буды. Салтанат басталмас бұрын ол «Азаттықтың» журналистеріне былай деді:

– Мен қызыл көйлек, қара сандал киемін. Әдемі жас гүл тауып, оны түрмеге солдырмай жеткізудің амалын тапсам, шашыма тағамын. Киімін ауыстыруға рұқсат етпесе, Паша түрме киімімен тұра береді. Егер
Павел Виноградов сот залында.

ауыстырғызса, мен әкелген джинсі мен шолақ жең жейдені киеді.

Жас жұбайлардың ата-аналары мен куәгерлер де салтанатты рәсімге қатыспақ. Гороховиктің айтуынша, бүгін Ивацевичиде тағы бір тұтқын үйленбек. Сондықтан түрме басшылары салтанаттың сәнін келтіруге, мысалы, музыка ойнауына рұқсат ететін шығар деп үміттенед.

– Ондай жағдайда үйлену рәсімі бір клубта өтіп, Мендельсон маршы ойналып, неке қиюымыз аз-маз болса да әдеттегі азаматтық рәсім секілді өтер еді. Егер әкімшілік ерекше ешнәрсе жасамаса, онда құжаттарға асығыс-үсігіс, әлдебір терезенің жақтауында қол қоюымыз да мүмкін, – дейді Светлана Гороховик.

Үйленгеннен кейін жас жұбайлар түрменің кішкене ауласы бар арнайы қанатында үш күн бірге бола алады.

ҮМІТ

Жастардың жолықпағандарына жеті ай болыпты. Виноградов желтоқсанда қамауға алынғаннан бері олар бір-бірін тек сот отырыстарында, Гороховик түрмеге келіп-кеткен кездері терезеден ғана көрген.

Гороховиктің айтуынша, Виноградов үйленейік дегенді түрмеден жіберген хатында жазыпты. Енді олар ерлі-зайыптылар ретінде жылына үш күн бірге бола алады

«Бостандықта әйелі күтіп отырғанын ойлау Пашаға қалған үш жарым жылға төзуге күш-қуат береді» дейді Светлана Гороховик:

– Мүмкін, бұл күйеуімді бостандықпен жалғайтын бір үміт болар.
XS
SM
MD
LG