Бішкек қалалық соты бұған дейін Первомай аудандық соты "75-тің хаты" деп аталатын қылмыстық іс бойынша шығарған үкімді өзгертті. Қалалық сот істегі "билікті күштеп басып алуға дайындалу" айыбын "сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру" айыбына ауыстырып, сегіз айыпталушының бәріне екі жылға шартты түрде бостандығынан айыру жазасын кесті. Бұл туралы тілшілерге айыпталушылардың адвокаттары айтты деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі. Сот отырысы жабық өтті.
Бұл іс бойынша Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ҰҚМК) бұрынғы басшысы Қамшыбек Ташиев, бұрынғы бас прокурор Құрманқұл Зулушев, Жогорку Кеңештің бұрынғы төрағасы Нұрланбек Тұрғынбек уулу, бұрынғы ішкі істер министрі орынбасары Құрсан Асанов, бұрынғы премьер-министрдің орынбасары Аалы Қарашев, саясаткерлер Емил Ұзақбаев, Бекболот Талғарбеков пен Құрманбек Дыйқанбаев жауапқа тартылды.
Құрманқұл Зулушевтің адвокаты Жоомарт Әшірбаев Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
"Соттың айыптауды ауыр қылмыстан 195-бапқа қайта жіктеуі тергеудің негізсіз және дәлелденбеген айыптау таққанын көрсетті. Үкім жарияланғаннан кейін бірден Құрманқұл Зулушевпен сөйлестім. Біз Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсіреміз", - деді Әшірбаев Азаттықтың Қырғыз қызметіне.
2 шілдеде Бішкектің Первомай аудандық соты сегіз айыпталушының бәрін билікті күштеп басып алуды жоспарлағаны үшін кінәлі деп танып, олардың мүлкін тәркілеу және өздерін төрт жылға пробациялық бақылауға алу туралы үкім шығарған. Кейбірі қызмет лауазымын теріс пайдалану айыбынан ақталған.
3 тамызда Қырғызстан бас прокуратурасы үкімге келіспейтіні туралы шағым беріп, сегіз адамның әрқайсысына тоғыз жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айыру жазасын сұраған. Қорғаушы тарап болса керісінше, сот үкімін бұзуды талап еткен.
Бұл қылмыстық іске ақпанның басында бір топ саясаткер мен қоғам қайраткерлерінің (барлығы 75 адам) президент Садыр Жапаров пен сол кездегі парламент спикері Нұрланбек Тұргынбек уулуна елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді сұрап үндеу жасағаны себеп болды. Үндеу жарияланғаннан кейін оған қол қойғандардың кейбірі "билікті күшпен басып алу дайындалу" бабы бойынша қозғалған іс аясында күдікті деп танылған еді.
Заң бойынша, қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылған және сотты болған мерзімі өтеліп бітпеген Қамшыбек Ташиев 2027 жылғы қаңтарға белгіленген президент сайлауына кандидат ретінде қатыса алмайды.