Accessibility links

Бішкекте Атамбаевтың ұлы мен Қырғызстан социал-демократиялық партиясы өкілдері сотталды

Қадырбек Атамбаев (ортада) пен Темірлан Сұлтанбеков (оң жақта) сот залында тұр. Бішкек,  8 қазан, 2026 жыл.
Қадырбек Атамбаев (ортада) пен Темірлан Сұлтанбеков (оң жақта) сот залында тұр. Бішкек, 8 қазан, 2026 жыл.

8 қазанда Бішкек қаласының Первомай аудандық соты Қырғызстанның социал-демократиялық партиясы өкілдеріне үкім шығарды. Сот Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы Қадырбек Атамбаевты Қылмыстық кодекстің "Билікті күшпен басып алу" бабы бойынша айыпты деп танып, 4 жылға бостандығынан айырды деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Партия жетекшісі Темірлан Сұлтанбеков те осындай бап бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталды және мүлкі тәркіленетін болды.

Сот Ермек Ерматовты "Қылмысты жасыру" бабы бойынша кінәлі деп тауып, 1 жылға пробациялық бақылау белгіледі. Осы іс бойынша жауапқа тартылған, Қазақстан және Қырғызстан азаматтығына ие Әбдірахим Әбдірахманов 8 жылға бостандығынан айырылды, ал Қазақстанның тағы бір азаматы Серікбай Қабыланбек 1 жыл 9 айға сотталды. Алайда сот оның тергеу кезінде қамауда отырған мерзімін жаза есебіне жатқызып, ол сот залынан босатылды.

Саясаткер Құбанышбек Қадыров толықтай ақталды.

Үкім жарияланғаннан кейін сот залында Қадырбек Атамбаев "билік осылайша сайлау алдында жұрттың зәресін алғысы келеді" деп мәлімдеді. Ол билік анасы мен қарындасының да үстінен қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

"Бұл – бассыздық, олар саясаткер емес, нағыз террористер. Бұл оларды аманатқа алып, әкеме бопса жасау" деп мәлімдеді экс-президенттің ұлы.

Қылмыстық іс 2025 жылдың қараша айында саясаткерлер мен белсенділер жаппай ұсталған соң қозғалған. Тергеу нұсқасына сәйкес, оларға парламенттік сайлаудан кейін жаппай наразылық пен тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды жоспарлаған деген айып тағылған.

Тергеу барысында ІІМ тәртіпсіздік ұйымдастыруға пайдаланылмақ болуы мүмкін қару-жарақ, оқ-дәрі, гранаталар, байланыс құралдары мен ақша тәркіленді деп мәлімдеген. Бірақ айыпталушылар мен олардың жақындары тағылған айыптардың негізсіз екенін айтқан.

Қадырбек Атамбаев – қазір шетелде тұратын Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың кенже ұлы. Экс-президент 2019 жылдың тамызында Бішкек маңындағы Қой-Таш ауылындағы резиденциясына жасалған шабуылдан кейін қамауға алынып, кейін бірнеше қылмыстық іс бойынша сотталған еді. 2023 жылдың ақпанында ол колониядан босатылып, емделу үшін Испанияға ұшып кеткен. Ал 2025 жылдың маусым айында Бішкектің Первомай аудандық соты Алмазбек Атамбаевты 11 жыл 6 айға бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу туралы сырттай үкім шығарған. Атамбаев бұл үкімді өзінен саяси кек алу деп бағалаған.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG