Accessibility links

Блогерлерге шарт, желіге бақылау. Жаңарған "Сайлау туралы" заң нақты нені реттейді?

Биыл мамырда Қазақ парламенті мақұлдаған жаңа заң жобасы әлеуметтік желі қолданушыларының сайлау кезіндегі белсенділігіне қатысты жаңа ережелер енгізеді. Ресми органдар бұл өзгерістерді сайлау процесінің ашықтығын арттыру және сыртқы ақпараттық ықпалдан қорғану үшін қажет деп түсіндіреді. Десе де, Орталық сайлау комиссиясы үгіт-насихат пен жеке пікірдің аражігін нақты қалай ажырататынын түсіндірмеді. Кезекті демократия сабақтары осы мәселеге арналады.

Қазақстанның сайлау заңындағы даулы шектеу. Демократия сабақтары
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:31 0:00

САЙЛАУ ЗАҢЫНА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР

Қазақ өкіметі Құрылтай сайлауы қарсаңында сайлау үдерісін жетілдіруге көшті. Ендігәрі саяси кандидат не партиямен жазбаша түрде шарттаспай, оны әлеуметтік желілерде қолдауға болмайды.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов 13 мамыр күні мәжіліс отырысында әлеуметтік желі қолданушысы саяси кандидатпен жазбаша шарт жасамай, оны насихаттаса, бұл әрекеті заңсыз деп танылады деп мәлімдеді.

– Егер жеке не заңды тұлға бір кандидатты немесе бір партияны қолдайтын болса, үгіт жүргізсе, олар міндетті түрде сол кандидаттан немесе сол партиядан "қабылдаймын" деген келісімін алуы керек, – деді Өтемісов.

Мәжіліс отырысы кезінде депутаттар бұл өзгертулер іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынын білмек болып, қайта қайта сұрады. Бірақ Өтемісов те, премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин де қысқа жауап берді.

– Онлайн платформаларды пайдалануды және барлық кандидаттар үшін тең жағдайды қамтамасыз етуді реттейтін нормалар енгізілді, – деді Серік Жұманғарин.

Ал егер желі қолданушысы саяси кандидат не партияның ұстанымдарын ерікті түрде шын қолдағысы келсе ше?

– Осы партияға сайлауда дауыс беріңіз деп шақырмаса болды ғой. Сол жеткілікті. Егер мен осы партияға дауыс беруге шақырамын десе, ол үгіт-насихат болып саналады, – деп түсіндірді мәжіліс депутаты Олжас Құспеков.

Сайлау заңнамасын жетілдіру туралы конституциялық заң бір апта өткеннен кейін парламенттің бірлескен отырысында тағы талқыланып, еш қарсылықсыз қабылданды.

Билік мұны сайлауға бөгде ықпалдың болмауына, оның әділ өтуіне бағытталған деп түсіндіреді. Ал оның желілердегі танымал тұлғалардың саяси үдеріске араласу еркіндігіне кедергі келтіру қаупі бар ма? Басқа дамыған елдерде бұл үдеріс қалай реттелген?

Парламентте мақұлданған жаңа конституциялық заң жобасына саяси кампанияны сайлау қорларынан тыс қаржыландыруға тыйым салу, дауыс тең түскенде қайта дауыс беру тәртібін реттеу, бір адамның екі саяси постқа қатар таласуын шектеу, сайлау комиссиясы мүшелерінің өкілетігін бекіту кірген. Одан бөлек, бұл жобаның нормаларын іске асыруға ілеспе заңдар да әзірленген.

Яғни, әлеуметтік желілерді пайдаланушы азамат саяси постқа кандидаттарға тең мүмкіндік беруі қажет. Мұндай норма бұған дейін дәстүрлі медиа ресурстарға, оның ішінде телеарналарға қатысты қолданылып келді. Енді бұл талап интернеттің барлық сегментіне, сонымен қатар, әлеуметтік желілерге де қолданылады.

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте онлайн платформаларында үгіт материалдарын орналастырудан бас тартқан және кандидаттарға тең емес жағдай жасағаны үшін жеке тұлғаларды 20, ал заңды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік жауапкершілік белгіленеді, – деп мәлімдеді премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин.

Одан бөлек, қазақ билігі ендігәрі сайлау кезіндегі саяси кампанияларды қаржыландыруды қатаң реттегісі келеді. Саяси кандидаттар мемлекеттен сайлауға бөлінген қаражатты жұмсау тәртібін бұзса, сайлау қорынан тыс қаражатты пайдаланса не сырттан қаржыландыру не өзге де ынталандыратын мүлікті пайдаланса, жазаға тартылады. Мұнда насихатты шартсыз жүргізген әлеуметтік желі қолданушылары да әкімшілік шара қарастырылған. Мәжіліс отырысында Respublica партиясынан сайланған Олжас Құспеков желі қолданушыларына қатысты бұл норманы енгізу неге қажет болғанын сұрады.

Серік Жұманғарин әлеуметтік желілердегі кей блогерлердің аудиториясы дәстүрлі БАҚ-тардан ауқымды екенін айтып, олардың сайлау нәтижесіне біржақты ықпалын болдырмау үшін осы нормалар енді, деді.

– Егер бұл онлайн платформалардағы блогерлер, пабликтер мен Telegram-арналар жеке бір кандидаттың қаражатына үгіт-насихатын жүргізетін болса, олар ашықтық принципінде болуы керек. Мысалы, мынау көшеде ілінетін баннер немесе телеарнада берілетін жарнама астында міндетті түрде ақпарат тұруы керек ғой. Қай жерден төленген? Кім үшін төленген? Неше дана тарағаны жазылады ғой. Тұра солай онлайн платформаларда да блогерлер барлығын жазуы керек. Сонда қарапайым сайлаушы бұл нақты үгіт-насихат па әлде блогердің жеке пайымдауы ма, соның айырмашылығына көз жеткізе алады, – деді мәжіліс депутаты Олжас Құспеков.

Депутат Құспековтен белгілі бір партия не кандидатты азамат шын қолдап, ерікті түрде саяси кампаниясына әлеуметтік желі арқылы қолдау білдіргісі келуі мүмкін екенін, оның әрекеті заң шеңберінде қалай реттелетінін сұрадық.

– Осы партияға сайлауда дауыс беріңіз деп шақырмаса болды ғой. Сол жеткілікті. Егер мен осы партияға дауыс беруге шақырамын десе, ол үгіт-насихат болып саналады. Сондықтан бұл жерде, әрине, экспертиза жасалады. Егер үстінен біреу өтініш жазған болса, орталық сайлау комиссиясы міндетті түрде экспертизадан өткізеді, – деді мәжіліс депутаты Олжас Құспеков.

Азаттық Орталық сайлау комиссиясына дәл осы мәселе бойынша бірқатар сауал жолдады. Сайлау үдерісін реттейтін мемлекеттік орган блогерлер қай кезде саяси кандидат не партия туралы ақпаратты шартсыз тарата алатынын жазды, бірақ оны анықтау критерийлеріне қатысты сұраққа жауап қатпады. Мысалы, редакция Орталық сайлау комиссиясынан "жасырын үгіт-насихат" пен "жеке пікірдің" аражігін қалай ажыратуға болатынын, оны анықтаудың нақты белгілері мен қадамдарын түсіндіруді сұраған еді.

"Сайлау туралы" конституциялық заңның 28-бабының 1, 3, 5 және 7-тармақтарында сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқығы айқындалған, атап көрсеткенде: мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге Қазақстан Республикасының осы конституциялық заңына, өзге де заң актiлерiне сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi. Осы конституциялық заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы. Осылайша, егер азамат қаржыландыруды талап етпейтiн жеке пікірін білдірсе, онда ол заңнамамен тыйым салынбайды", деп жауап берді Орталық сайлау комиссиясы.

Айта кеткен жөн, ОСК блогерлердің саяси науқанға араласуын тек келіп түсетін өтініштер аясында қарайтынын, өздігінен тексермейтінін мәлімдеді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ

Кейінгі бірнеше жылда дамыған елдерде де әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың сайлау науқанына араласуын реттейтін нормалар қарастырылды. Мысалы, Ұлыбритания парламенті 2022 жылы бекіткен заңына сейкес, блогерлер сайлау кезінде саяси мазмұндағы мәтінге ақы төленсе, оны кім төлегенін көрсетуге міндеттеледі. Яғни қоғамды жасырын үгітпен адастырмау үшін дислкеймер қою талап етілген.

Еуропа одағында да осыған ұқсас заң 2025 жылы бекітілген. Оған сәйкес, әлеуметтік желі пайдаланушылары саяси кандидаттан не партиядан үгіт жүргізу үшін ақы алса, оны ашық мәлімдеуі керек. Атап айтқанда, насихат дерегі кімнің атынан және кімнің қаржыландыруымен жүзеге асырылғанын көрсету міндеттеледі. Бұған Румынияда 2024 жылы өткен президент сайлауынның нәтижесі науқанға әлеуметтік желідегі белсенділіктің ықпалы болғаны анықталғаннан кейін жойылғаны түрткі болған.

Оңтүстік Кореяны әлеуметтік желіні пайдаланушылардың сайлау науқанына араласуын қатаң бақылайтын дамыған ел деуге болады. Мұнда сайлау кезінде жасанды интеллектімен, яғни deepfake элементі арқылы жалған ақпарат тарататындарды, жасырын аккаунттар арқылы насихат жүргізетіндерді қомақты айыппұл не 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастылған.

Дамыған елдер арасында әлеуметтік желілерде сайлау үдерісін жүргізуді реттемеген бір ел бар. Ол – АҚШ. Мысалы, онда екі жыл бұрын өткен президент сайлауы кезінде Дональд Трамптың кандидатурасын қолдап, онлайн насихатын ерікті түрде жүргізгендер көп болды. Онда саяси кандидаттарға сайлау науқаны кезінде тең мүмкіндіктер беру талабы тек БАҚ өкілдеріне қойылған. Ол әлеуметтік желілерге қатысты қолданылмайды. Әйтсе де, кейінгі жылдары танымал блогерлерді сайлау науқанына тарту бұл елде де қызу талқыланып жатыр.

Мысалы, 2022 жылы Николь Полицци есімді америкалық инфлюенсер Пенсильвация штатынан Конгресске кандидат болған демократ Джон Феттерманнан ақы алып, оның қарсыласы Мехмет Оздың беделін түсіретін видео жариялаған. Бірақ видеоға ақы төленгені туралы дсклеймер қоймаған. Инфлюенсердің бұл әрекеті Оздың жарыста жеңілуіне қаншалықты ықпал еткені белгісіз. Бірақ АҚШ-тың федералды сайлау комиссиясы оған араласқан жоқ.

Қазақ билігі елдегі "Cайлау туралы" конституциялық заңға өзгерту енгізу де ашықтықты қамтамасыз ету үшін жасалды дейді. Заң жобасына сәйкес, блогерлер ақысы төленген үгіт материалына дисклеймер қою міндеттеледі. Десе де, блогерлер сайлау кезінде кандидаттармен не партиямен шарт құрып, табыс тапқысы келсе, "сайлау алдындағы үгітті жүргізу басталардан кемінде бес күн бұрын хабарлауға және жариялауға, сондай-ақ олар тиісті сайлау комиссияларына ұсынылуға тиіс". Ал онлайн платформаларды пайдаланушылар бұл жөнінде орталық сайлау комиссиясына дер кезінде хабарламаса, ары қарай науқанға араласа ала ма, жоқ па, белгісіз.

Қазақстанда бұған дейін өткен сайлауларда әлеуметтік желілердегі танымал тұлғалар, журналистер науқанға тікелей қатысып, белгілі бір саяси кандидаттарды ашық қолдап келді. Орталық саулау комиссиясы олардың сайлау нәтижесіне ықпалы туралы еш мәлімдеме жасаған емес.

"Сайлау туралы" заңға енген өзгертулер сырттан келетін насихатты да, қаржыландыруды да шектеуге бағытталған. Бірақ әлеуметтік желілер арқылы тарайтын мәліметтерді нақты бір ел территориясымен шектеу мүмкіндігі күрделі мәселе. Оны анытау да қиын. Десе де, Ресейдің Армения және Грузиядағы сайлау процестеріне ықпал етуге тырысқан ақпараттық кампаниялары туралы нақты зерттеулер бар. Мысалы, Institute for Strategic Dialogue институтының жазуынша, Ресейдің әскери барлау қызметіне қатысы бар делінген Storm-1516 операциясы кейінгі бір жылдан бері Арменияда осы маусым айында өтетін парламент сайлауының нәтижесіне ықпал етуге тырысып келеді.

– Мәселе нақты Ресейде ғана емес, жалпы жақын не алыс шет елдерден біреу ықпал етемін дейтін болса, оның ниеті шектеледі. Өйткені барлық дәстүрді БАҚ-қа қойып жатқан талабымыз, нақты қаржыландыру қорын көрсету, ол кім не қандай партия үшін үгіт-насихат болып жатыр, бәрі жазылады ғой. Оған ешқандай таргет те, алгоритм де қосылмайды. Сондықтан бұл нақты сырттан қаржылай не рейтингтік көмек көрсетуге балта шабады деп айта алмаймын, бірақ шектеу қойылады нақты, – деді мәжіліс депутаты Олжас Құспеков.

АҚШ-та тіркелген Internews институтының Қазақстандағы өкілдігі жақында European Neighborhood Council ұйымымен бірге Орталық Азияның ақпараттық кеңістігіне зерттеу жүргізіп, өңірге ақпараттық қысым әлеуметтік желілер арқылы, әсіресе, Telegram мессенджерінен күшейгенін анықтаған. Зерттеушілер 2025 жылдың қазанынан 2026 жылдың ақпан айына дейін бес ай бойы 5 платформада (Telegram, YouTube, Facebook, Instagram, веб-сайттар) жарияланған 581 мың постты талдап, 577 аккаунтты бақылауға алған, оларды таратқан мәліметтер ресейшіл 32 нарративке топтастырған. Сондай-ақ cыртқы ақпараттық қысымның 88 пайызы Telegram-аккаунттар арқылы жүргізілгенін анықтаған.

  • 16x9 Image

    Жолдас ӨРІСБАЙ

    Азаттық тілшісі, пропаганда және биліктің қоғамдық пікірді бақылауға талпынуына қатысты зерттеулер жасайды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бакалавр дәрежесін алған. АҚШ-тағы Мичиган штаты университетінде журналистика бойынша магистратураны тәмамдаған. Мақалалары халықаралық Eurasianet, The Diplomat басылымдарында және АҚШ-тың Мичиган штатындағы жергілікті газеттерде жарық көрді.

    «Тәуелсіз журналист биліктің жасырғысы келгенін әшкере етеді. Бірақ шындықты іздеу миссиясы қоғамдық мүддеге сай болмаса, оның да астарына үңілу керек. Себебі журналист үшін қоғамдық мүдде бәрінен жоғары. Әйтпесе, жақсы қоғам құру мүмкін емес».

    Email: OrisbayevZ@rferl.org

Айдар
XS
SM
MD
LG