Accessibility links

Бұрын Назарбаевтың жиен немересіне тиесілі болған Лондондағы зәулім сарайға тыйым салынды

Ұлыбританияның тәждік прокуратура қызметі (The U.K.’s Crown prosecution service) бұрын Нұрәлі Әлиевке тиесілі болған құны 32,7 млн доллар тұратын Лондондағы зәулім сарайды бұғаттау туралы шешім шығарды.

Бұрын экс-президенттің жиен немересі иелік еткен Лондонның солтүстігіндегі Хайгейт гольф-клубының маңындағы зәулім үй қазір Қытайда туып-өскен, Камбоджа азаматы Ю Конгқа тиесілі. Бұл жөнінде әлемдегі жемқорлық оқиғаларын зерттейтін OCCRP ұйымы жазды.

Тәждік прокуратураның қылмыстық жолмен әкелінген кіріспен күрес бөлімі 3 шілдеде Ұлыбританияның жер кадастрларына зәулім сарайға тыйым салынғаны жөнінде құжаттар өткізген. Құжатқа сәйкес, аталған сарайды Ю Конг 2024 жылдың шілде айында сатып алған. Ұйым сарайға тыйым салынғаны туралы құжатты жемқорлықпен күрес жөніндегі Transparency International U.K ұйымынан алған.

Ал Ю Конгқа Ұлыбританияда ешқандай айып тағылмаған. Британ прокуратурасы зерттеудің жай-жапсарын айтудан бас тартқан.

Бұл зәулім сарай бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарында болған.

2019 жылы Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі агенттігі Лондондағы байлар тұратын аудандағы үш қымбат үйді бұғаттау туралы ордер шығарған еді. Арасында жоғарыда аталған сарай да бар. Үшеуі де офшор компаниясына тіркелген. Бұл үйлердің Назарбаева мен Әлиевке тиесілі екені журналистік зерттеу нәтижесінде анықталған. Кейінірек Қазақстанның бұрынғы президентінің қызы және немересінің аты-жөні сот кезінде айтылған.

Алайда кейін Лондон жоғарғы соты бұл үйлер заңсыз ақшаға сатып алынды деген күдікке қажетті дәрежеде айғақтар табылмағанын айтқан еді. Кейін үйдің сатылғаны белгілі болды.

Әлиев пен Ю Конг арасында қандай да бір байланыс жөнінде еш дәлел жоқ деп жазды ұйым.

Әлиев OCCRP-ға пошта арқылы берген түсініктемесінде Ю Конгты ешқашан бетпе-бет көрмегенін, барлық келісім британдық брокерлік Sotheby’s компаниясы арқылы жүргізілгенін айтқан.

OCCRP Камбоджа азаматы Ю Конг кейінгі кезде Ұлыбританияда кейбір активтері шектеуге ұшыраған тұлғалармен байланысты екенін де анықтаған. Әзірге британ билігі оларға ешқандай айып тақпаған.

Айдар
XS
SM
MD
LG