Accessibility links

"Иесін анықтау қиынға соқты". Назарбаевтар мен өзгелердің Ұлыбританиядағы мүлкі


Қазақстан парламенті сенатының спикері Дариға Назарбаева.
Қазақстан парламенті сенатының спикері Дариға Назарбаева.

Transparency International UK ұсынған дерекке сәйкес, Ұлыбританиядағы жүздеген жылжымайтын мүлікті түрлі елдің азаматтары "күмәнді қаржыға" сатып алған. Ұйым ондайлар қатарында қазақстандықтар да барын, олардың активтері жүздеген миллион доллар тұратынын жазады. Азаттық былтыр Лондонда "шығу төркіні белгісіз ақшаға алды" деген күдікпен бұғатталған қымбат мүліктің иесі Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиев екенін анықтаған зерттеу авторларының бірі, Transparency International UK ұйымының өкілі Бен Коудокпен сөйлесіп көрді.

Ұлыбритания қоғамы Лондон Жоғарғы сотының ел астанасындағы жалпы құны 80 миллион фунт стерлинг тұратын үш қымбат мүлікті "шығу төркіні белгісіз ақшаға алынған" деген күдікпен бұғаттауға қатысты сәуір айында шығарған шешімін әлі талқылап жатыр. Кейінірек аталған мүлік иесі Қазақстан парламенті сенатының спикері және бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәлі Әлиев екені анықталды.

Ұлыбританияда бұл іске жұрттың назар аударуына құқық қорғау органдарының елдегі заңсыз ақшаға қарсы күрес құралы саналатын ордерді өз тарихында екінші рет қолдануы себеп болды. Соттан кейін қылмысқа қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттік (NCA) өкілі бұл процесте шығарылған үкім болашақта басқа тұлғаларға қарсы өтетін соттардың тағдырын айқындайды деген пікір айтты.

Азаттық Transparency International UK зерттеушісі Бен Коудокпен сұхбаттасты. Оның ұйымы Money Uncovered және BBC-мен бірге ашық дереккөздер негізінде зерттеу жүргізіп, Лондондағы ордер салынған екі зәулім үй мен пәтердің иесі – Назарбаева мен Әлиев екенін сотқа дейін анықтаған.

Азаттық: Неге сіздің ұйымыңыз Money Uncovered және BBC-мен бірге дәл осы істі зерттеуді қолға алды? Зерттеу кезінде қандай қиындықтар болды?

Бізге біраз күш салуға тура келді.

Бен Коудок: Біз [британдық] тергеушілер жалпы құны 80 миллион фунтқа бағаланған үш жылжымайтын мүлік нысанына қатысты ордер шығарғанын, бірақ мүлік иелерінің аты мен мекен-жайын жарияламағанын білдік. Сондықтан ашық қолданыстағы құжаттарды қарап, осы деректерді анықтауға тырыстық. Бізге біраз күш салуға тура келді. Мүлікке қатысы бар компаниялардың құпиялығынан активтің шынайы иесін анықтау қиынға соқты.

Азаттық: Лондонның Жоғарғы соты ордерге қатысты осындай шешім шығарады деп күттіңіз бе?

Бен Коудок: Шығу төркіні белгісіз байлыққа салынатын ордер – полиция қолындағы жаңа құрал. Бұл – осындай ордер негізінде қозғалып, Ұлыбритания соты қараған тарихтағы екінші іс. Сондықтан соттың қандай шешім шығаратынын болжау қиын. Активтерге құпия компаниялар желісі иелік етеді, осыдан қандай да бір болжам жасау тіпті қиындай түседі.

Азаттық: Не нәрсе дұрыс болмады деп ойлайсыз? Ал қай дүние, керісінше, дұрыс жасалды?

Бен Коудок: Сот шешіміне сәйкес, қылмысқа қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттік Рахат Әлиевтің "қылмыстық жолмен тапқан" байлығы мен аталған мүлікті сатып алудың арасында байланыс барын дәлелдей алмаған.

Күмәнді ақшаға алынған мүлікке берілген ордер

2019 жылдың мамыр айында қылмысқа қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттіктің сұрауы бойынша Лондонның қымбат үйлер орналасқан ауданындағы екі зәулім үй мен пәтерге қатысты "шығу төркіні белгісіз байлыққа алынды" деген күдікпен ордер берілген. Мына мүліктер бұғатталды:

  • Лондонның солтүстігіндегі Хайгейт гольф-клубының маңындағы, 2008 жылы 9,3 миллион фунтқа сатып алынған зәулім үй
  • Челсидегі 2010 жылы 32 миллион фунтқа сатып алынған екі апартамент
  • Лондондағы Хэмпстэд ауданындағы Бишопс даңғылындағы ("миллиардерлер көшесі" деп те аталады) 2008 жылы 39 миллион фунтқа сатып алынған зәулім үй. Сотта бұл үйде қазір Нұрәли Әлиев тұрып жатқаны айтылды.

Агенттік бұл мүлік Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, марқұм Рахат Әлиевтің "қылмыстық жолмен" тапқан ақшасын жымқыру мақсатында сатып алынған деп мәлімдеген.

Азаттық: Шешім жарияланғаннан кейін Қазақстанда Лондонның Жоғарғы соты бұрынғы президент Назарбаевтың әлі де билікті бақылауда ұстап отырғанын және елде зор ықпалға ие екенін назарға алмады деген пікірлер айтылды. Кейбіреулер "мұндай байлыққа заңды жолмен жету мүмкін емес екені айдан анық көрініп тұр" деді. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?

Бен Коудок: Сот отырысында ордер шығаруға себеп болған негіздемелерге баса мән берілді. Процесс барысында бұл іске байланысты көп сұрақтар бойынша қорытынды жасалмады. Мұны сот үкіміндегі "Мен [Назарбаева мен Әлиевтың өкілі] Монтгомери ханымның "NCA Дариға Назарбаеваның "Қант" АҚ компаниясындағы акциясы "заңды жолмен келген сыйлық" деген мәлімдеме жасағысы келсе, бұл мәселе азаматтық сот процесінде қаралуы керек" деген сөзімен келісемін" деген цитата да дәлелдейді.

Бұл жерге "Қант" АҚ компаниясының қатысы қанша?

Сот шешіміне сәйкес, Дариға Назарбаева мен оның өкілдері Денвуд-роудтағы бұғатталған 9,3 миллион фунт тұратын зәулім үйді қазақстандық "Қант" компаниясының акцияларын сатудан түскен ақшаға алдық деп түсіндірген. Назарбаеваның тарапы бұл акцияларға ажырасудан кейін қол жеткізгенін мойындағанымен, Рахат Әлиевтің дәл осы активті "қылмыстық жолмен алғанын" жоққа шығарған.

Сот құжаттарында (Назарбаеваның түсініктемесі негізінде) "Қант" компаниясының акциялары 2007-2008 жылдары үш траншпен қалай сатылғаны жазылған. Акцияны Beatrice Alliance, Gas Development және Money Experts деп аталатын компаниялар сатып алған. Назарбаева акция сатудан түскен 46 миллион долларды қазақстандық "Нұрбанктен" Кипрдағы Hellenic Bank-тегі шотына аударған.

Азаттық: Ұлттық агенттіктің апелляция сотында жеңіске жетуі мүмкін бе? Олардың жеңісі немесе жеңілісі неге маңызды? Бұл процестің қанша уақытқа созылатыны туралы болжамыңыз бар ма?

Бен Коудок: COVID-19 пандемиясы бүкіл дүниенің астаң-кестеңін шығарғаны соншалық, апелляция соты қашан өтетінін болжап айту қиын. Бірақ сот қандай шешім шығарса да, біз Ұлыбританияның құқық қорғау органдарын шығу төркіні белгісіз байлыққа салынатын ордерді ары қарай да қолдануға шақырамыз. Бұл Transparency International UK осыған дейін күдікті қаржыға алынған актив деп көрсеткен, бес миллиард фунт тұратын британдық мүлік мәселесін көтеруге көмектеседі.

Азаттық: Сот процесі өтіп жатқан кезде Назарбаева мен Әлиевтің өкілдері бұл істің ақпарат құралдарында жарияланғанына өте белсенді реакция білдіріп отырды. Мысалы, олар бізге, Азаттық радиосына хат жіберді. Зерттеу қорытындысы жарияланғаннан кейін Назарбаева мен Әлиевтің өкілдері сіздермен байланысқа шыққан жоқ па?

Бен Коудок: Біз коммуникация саласына маманданған, отбасының өкілі саналатын фирмадан хат алдық. Хатта дәл сол баспасөзде жарияланған мәлімдеме болды.

Ақпарат құралдары Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев тұрады деп жазған бұл үй Лондондағы Бишопс авенюде орналасқан. 10 наурыз 2020 жыл.
Ақпарат құралдары Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиев тұрады деп жазған бұл үй Лондондағы Бишопс авенюде орналасқан. 10 наурыз 2020 жыл.

Азаттық: Қазақстан билігінің бұл іске реакция білдірмеуі қалыпты құбылыс па? Сотта аталған мүлікті сатып алудың жай-жапсары анықталғанын ескеріп, Қазақстан билігі енді қандай қадамдарға баруы керек деп ойлайсыз?

Бен Коудок: Қазақстанға байланысты сұрақтарға жауап бере алмаймын. Өйткені біздің зерттеп жүрген саламыз Ұлыбритания жүйесіне негізделген.

Азаттық: TI UK сот шешімінен кейін жариялаған баспасөз хабарламасында Ұлыбританияда күдікті қаржыға алынған, бағасы бес миллиард фунттан асатын 421 жылжымайтын мүлік нысаны барын жазады. Олардың қатарында Қазақстанның олигархтары мен өкілетті тұлғаларының қатысы болуы мүмкін басқа мүліктер бар ма?

Бен Коудок: Ашық дереккөздерден алған ақпараттың көмегімен Ұлыбританияда Қазақстаннан келген күдікті қаржыға алынған басқа мүліктерді де табуға болады. Жалпы алғанда, бұл мүлік 430 миллион фунт стерлингтен де қымбат тұратынын анықтадық. Бұл мұзтаудың көзге түскен шыңы ғана болуы мүмкін. Өйткені Ұлыбритания заңдары қазір құпия офшорлық компанияларға қожайынның аты-жөнін көрсетпестен, мүлік сатып алуға мүмкіндік береді.

"Қызметіңізге әзірміз"

TI UK 2019 жылы қазан айында жариялаған "Қызметіңізге әзірміз" деп аталатын есебінде 325 миллиард фунт көлеміндегі күдікті капитал Ұлыбритания арқылы өткенін жазған. Оның кемі бес миллиарды мүлік түрінде өткен. Ұйым заңсыз жолмен табылған қаржыны Ұлыбритания арқылы өткізуге көмектесетін 86 қаржы институтын, 81 заң фирмасы мен 62 бухгалтерлік компанияны анықтағанын мәлімдеген. Ұйым есебінде: "Бұл қаржы елден шығарылған немесе сатып алу, жемқорлық, ақша жымқыру мен 116 елде мемлекет мүлкін заңсыз иемдену сияқты жолдармен жөнсіз жаратылған" деп жазды.

Төмендегі иллюстрацияда Ұлыбритания заңнамасымен байланысты істер жиі кездесетін мемлекеттердің атауы қою қызыл түске боялған. Қызғылт түспен белгіленген елдерде ондай 11-30 іс барын білдіреді.

Transparency International UK жариялаған "Қызметіңізге әзірміз" есебіндегі картаның скриншоты.
Transparency International UK жариялаған "Қызметіңізге әзірміз" есебіндегі картаның скриншоты.

Азаттық: Ордердің болашағы бар ма? Ұлыбритания үкіметінің "заңсыз ақшаны қудалау" ниеті қаншалықты шынайы?

Бен Коудок: Ордер күдікті капиталды қудалауға қажетті өте маңызды құрал болып қала береді. Бірінші іске қарасақ, (бірінші ордер әзербайжандық экс-банкирдің әйелі Замира Хаджиеваның мүлкіне салынған. Ол ақпан айында апелляция сотында жеңіліп қалды – ред.) ордердің соттан бөлек те тиімділігі барын көреміз. Ол адамдарды аяқ тартуға үйретіп, күдікті байлығы бар тұлғаларды өз капиталы туралы бұрынғыдан да көп ақпаратты ордерсіз-ақ жариялауға мәжбүрлейді.

Ұлыбританияның тәркіленген мүлікті актив шыққан елге қайтаруына тура келеді.

Азаттық: Ордердің көмегімен тәркіленген мүліктің ары қарайғы тағдыры не болады? Мүлікті оны сатып алуға кеткен қаржы заңсыз жолмен шығарылған мемлекеттерге қайтара ма?

Бен Коудок: Ордердің көмегімен мүлікті тәркілеу мүмкін емес. Оны мүлік иелерін бұл активтерге заңды жолмен қалай қол жеткізгенін дәлелдеуді талап ету үшін ғана пайдалануға болады. Бұл процестің соңы тәркілеумен аяқталуы мүмкін. Егер солай бітсе, Ұлыбританияның мүлікті актив шыққан мемлекетке қайтаруына тура келеді. Мұнда барлық жұмыстың жауапты орындалғанын қадағалау және ақшаның тағы да жоғалып кетуіне жол бермеу маңызды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG