Accessibility links

Назарбаевтардың Лондондағы үйі. “Өкіл қайын атаның” қандай қатысы бар?


Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президенттің жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі делінген Лондондағы үйлердің бірі. Мүлікке британ билігі оған тыйым салған. 10 наурыз 2020 жыл.
Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президенттің жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі делінген Лондондағы үйлердің бірі. Мүлікке британ билігі оған тыйым салған. 10 наурыз 2020 жыл.

Осы апта халықаралық басылымдар британ билігінің Лондондағы бірнеше қымбат үйге қатысты тергеу бастағанын жазды. Ол мүліктің иесі Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері делінеді. Сонымен бірге басылымдар мұнайды өндіріп, экспорттауға тәуелді болып отырған елдердің қара алтын бағасы күрт арзандағаннан кейінгі ахуалын да сөз етті.

Британ билігінің айтуынша, Қазақстандағы ең ықпалды әулетке тиесілі саналатын Лондондағы үш бірдей элиталық тұрғынжайға тыйым салынуы әлемдік басылымдардың басты жаңалықтарының бірі болды. Ақпарат құралдары осы аптада басталған сот процесіне жіті назар аударып отыр.

Процесс барысында Қазақстан парламенті жоғары палатасының төрайымы, экс-президенттің қызы Дариға Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәли Әлиев және офшорлық компаниялар Ұлыбританияның ауқаттылар тұратын ауданындағы сән-салтанатты үй-жай мен пәтерді заңды ақшаға алғандарын дәлелдеуі тиіс. Иелері үйлерді “адал” ақшаға алғанын дәлелдей алмаса, Лондон ол мүлікті тәркілеуі мүмкін. Қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттіктің (NCA) “шығу тегі белгісіз байлық ордері” бойынша құны 80 миллион фунт (100 миллион доллардан астам) тұратын мүлікке тыйым салынған.

БАР ГӘП РАХАТ ӘЛИЕВТІҢ “МЕМУАРЫНДА” МА?

Британдық Telegraph басылымында офшорға рәсімделген “миллиардерлердің үйлері” туралы көлемді мақала жарық көрді. Он жатын бөлмесі, кинотеатры және жертөлесінде бассейні бар үйдің бір тұрғыны Нұрәли Әлиев делінеді.

Автордың жазуынша, NCA тергеушілері Нұрәли Әлиевтің марқұм әкесі – 2015 жылы Вена түрмесінде өлі күйінде табылған Рахат Әлиевтің “Өкіл қайын ата” деп аталған “мемуарын” мұқият оқып шыққан. Өлерінен сегіз жыл бұрын ол биліктің кәріне ұшырап, Дариға Назарбаевамен некесі бұзылған, кейін оны Қазақстан соты төңкеріс жасамақ болды, қылмыстық топ құрды және адам ұрлады деген айыптар бойынша сырттай ұзақ жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.

2009 жылы жарық көрген “Өкіл қайын ата” кітабында Әлиев “бұрынғы әйелі Дариға Назарбаевамен бірлесіп сатып алған және дамытқан бизнесі” туралы айтқан. Британ тергеушілерінің ақпараты бойынша, Назарбаева NCA тыйым салған екі нысанның иесі саналады.

2009 жылы Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабының мұқабасы.
2009 жылы Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабының мұқабасы.

“Лондондағы үш нысанға қатысты күдіктенуге алып келген материалдардың бірі – осы қайшылыққа толы кітап. Күдікті нысандардың арасында Хайгейт гольф-клубының қасындағы үй мен құны шамамен 31 миллион фунт стерлинг тұратын Челсидегі пәтер. Үлкен сотқа арналып әзірленген жазба құжатта NCA тергеушісі “[Рахат Алиев] мемлекеттік қызметін жемқорлық мақсатта пайдалану арқылы байыды деуге негіз бар” деп жазған”, – дейді Telegraph.

Дариға Назарбаева бұл байлықты жинауға қант өнеркәсібіндегі мекемелері де сеп болды дейді. Алайда, Рахат Әлиев кітабында “қант өнеркәсібі бізге Forbes тізіміне кіретіндей табыс келтірмейтіні анық” деп жазған.

2009 жылы “Назарбаев мырза үйін сатып алғанына жауап ретінде Йорк герцогын (II Елизавета королеваның ұлы принц Эндрю – ред.) мүдделерін қорғауға көндірмек болған”. 2007 жылы принц сол кезде президент болған Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевқа Саннинхил-парктегі үйін сұраған құнынан үш миллион фунтқа қымбат баға – 15 миллион футнқа сатып алған. Йорк герцогы үй сатуға байланысты қандай да бір заңсыз әрекетке барды деген айыптың бәрін жоққа шығарып келеді. Алайда, оның Қазақстанмен қарым-қатынасы 2016 жылы тағы да сөз болды. Басылымдар оны 885 миллион фунттың келісімін жасасып, соның арқасында шамамен 4 миллион фунт комиссия алып қалуға тырысты деп айыптады. Королева әулеті герцогтың жеке мекемелердің өз елінде бизнес жүргізуіне қолғабыс етті деген айыптың бәрін жоққа шығарды.

«САЯСАТКЕРЛЕР МИЛЛИОНДАҒАН ДОЛЛАРДЫҢ АКТИВТЕРІН ИЕЛЕНГЕН»

Америкалық Forbes журналында жарық көрген “Ұлыбритания миллиардерлер көшесіндегі күмәнді үйге байланысты Қазақстанның бай элитасымен күресіп жатыр” деген мақалада жоғарыда аталған Лондондағы тергеу туралы айтылады. Тергеу аясында көбіне “миллиардерлер көшесі” деп аталатын Бишопс-авенюдегі қымбат үйге “тыйым салынған”.

Нұрәли Әлиев адвокатының айтуынша, оның клиенті “бұл іске байланысты тиісті ақпарат беріп, NCA-ге көмектеспек болған”, енд ол британ агенттігінің бұл айыптауына қарсы шықпақ.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі, Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиев.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі, Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиев.

Британ заңнамасына енгізілген түзетулердің арқасында аталған активтерге “тыйым салынған”. Ол заңның қабылдануына Transparency International ұйымының британ бөлімінің өкілі Дункан Хеймс көп үлес қосқан. Назарбаев отбасының жылжымайтын мүлкіне тыйым салынғанына қатысты пікір білдірген Хеймс: “Жоғары лауазымды саясаткерлер мен олардың өз халқына қызмет етуге серт берген серіктері құны миллиондаған фунт стерлинг болатын активтерді иеленіп алған. Халыққа тиесілі болуы тиіс бұл мүлікті олар өздері иемденіп алған. Адамдар шектен тыс байып, ол байлықты Лондон сияқты жерлерге салып жатыр”, – деген.

Дункан Хеймстің айтуынша, үкіметтік емес ұйым алты жыл бұрын сарапшылар мен ғалымдарды жинап, Ұлыбританияда заңсыз алынған активтерді қайтару фактілерінің неге тым сирек екенін зерттеген. Сарапшылар тергеудің жаңа құралын енгізуді ұсынған, “шыққан тегі белгісіз байлық ордері” – сондай құрал. Соның арқасында елде ақшаны заңдастыру бойынша заң өзгеріп, ол ереже 2018 жылғы қаңтарда күшіне енді. Енді Ұлыбритания полициясы мұндай тергеу жүргізіп, “дәлел жинауға” қақылы.

ЛОНДОН МЕН ПАРИЖДЕГІ МҮЛІК

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайтында жарық көрген “Қазақстан: Назарбаев отбасының Британиядағы сән-салтанатты активі жұртқа жария болды” деген мақалада да аталған тергеу ісіне қатысты комментарий берілген. “Экс-президенттің қызы мен жиені Лондонда 103 миллион доллардың активіне иелік етеді” деп санайды автор.

“Қазақстандағы билік басындағы Назарбаев әулеті жинаған аста-төк байлыққа британ соты ерекше назар аударды”, – деп жазады автор.

“Белгілі болғанындай, жылжымайтын мүлік нысандары Панамадағы, Ангилье және Кюрасаодағы офшор компаниялар арқылы Назарбаевтарға тиесілі... NCA-ның болжамы бойынша, үш үйдің үшеуі де Назарбаеваның күйеуі және Нұрәли Әлиевтің әкесі – марқұм Рахат Әлиевтің жемқорлық әрекетінің нәтижесінде жиналған ақшаға алынған”, – деп жазады Eurasianet.org.

Ақпарат құралының жазуынша, Назарбаева бұрынғы күйеуінің қандай да бір үй алуға еш қатысы болмағанын айтқан. Eurasianet-ке жіберілген мәлімдемеде Назарбаеваның өкілі “ол (Дариға Назарбаева - ред.) NCA-ға өзінің қандай да құқық бұзушылыққа қатысы жоқтығына және істің негізсіздігіне көз жеткізуге мүмкіндік беретін барлық ақпаратты берген”.

Мақалада Назарбаев әулетінің тағы бір мүшесі – Дариға Назарбаеваның кіші ұлы Айсұлтанның 2019 жылдың соңында Facebook желісінде “жұмбақ комментарийлер” жазу арқылы жұрттың назарын аударғаны айтылады. Сондай комментарийлерінің бірінде ол әкесінің Рахат Әлиев емес, Нұрсұлтан Назарбаев екенін жазған. “Алайда, Айсұлтанның есірткі қабылдайтынына әрі оның тұрақсыз мінез-құлқына байланысты жұрттың көбі бұл мәлімдемеге күмән келтірді. Тек режимнің қуғында жүрген қарсыласы Мұхтар Әблязов қана ол ақпаратқа сенетін сыңай танытты, Қазақстанның ақпарат министрі Дәурен Абаевтың болжамына сенсек, бұл айыптарды ойлап табуға Әблязовтың өзі тікелей қатысты болуы ықтимал”, – деп жазады Eurasianet.

Басылым Қазақстанның тағы бір азаматына қатысы бар делінген жылжымайтын мүлікке қатысты оқиғаны еске салады. 2017 жылдың күзінде бельгиялық риэлтор Игнас Мювиссен Қазақстанның бір шенеунігі Париждің орталығынан 65 миллион еуроға пәтер сатып алды деген мәлімет айтқан. Мювиссен клиенттің аты-жөнін атаудан бас тартқанымен, көп жұрт ол – Қазақстандағы ең бай адамдардың бірі, Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев болуы мүмкін деген долбар айтты деп жазады мақала авторы.

2018 жылдың жазында Қазақстанның қаржы министрлігі пәтерді Қазақстандағы мемлекеттік қызметкердің сатып алмағанын, бірақ мәмілеге қатысты салықтардың толық төленгенін мәлімдеді. “Қоғамның тым белсенді өкілдері әрі қарай қазбалай бермесе болады деген тұспал жасалған. Бірақ, британ соттарының шыққан тегі белгісіз байлыққа қатысты ұстанымы өзгеше сияқты”, – деп жазады Eurasianet.

МҰНАЙ БАҒАСЫНЫҢ ҚҰЛДЫРАУЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АХУАЛ

Америкада шығатын Foreign Policy журналындағы “Мұнайға тәуелді елдердің құлдырауы” деп аталған мақалада қара алтын бағасының арзандауы “өкіметі билікті тұрақтандыру үшін мұнай байлығына сүйенетін”, мұнай өндіру мен оны экспорттауға тәуелді елдер үшін “елеулі қауіп” екені айтылған.

Коронавирус жайылып жатқан тұста сұраныстың кемуі өз алдына, өткен аптада Ресей мен Сауд Арабиясы ОПЕК+ форматында өндіріс ауқымын азайту туралы келісімге келе алмаған соң мұнай бағасы күрт құлдыраған.

Қызылорда облысындағы "Қазмұнайгаз" кеніші.
Қызылорда облысындағы "Қазмұнайгаз" кеніші.

Мақалада “билікті тапсырудың аса күрделі кезеңінде халық наразылығы артып жатқан” Қазақстан туралы да айтылады. Бұрынғы президент, елді 1990 жылдан бері үздіксіз басқарған авторитар басшы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы биліктен кетіп, өз өкілетін сенімді “аппаратчик” – Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырған. Назарбаев отставкаға кеткен соң оның қызы Дариға сенат төрайымы болып сайланып, билік иерархиясындағы екінші сатыға көтерілген.

“Билікті династиялық жолмен тапсыру ықтималдығы күтпеген жерден үлкен наразылыққа тап болды, үкімет ол наразылықты күшпен басып келеді. Мұнай бағасы арзандағаннан кейін өмір сапасының нашарлауы, Тоқаев мәлімдеген мемлекеттік шығындарды едәуір азайту шаралары Назарбаев отбасының билігін одан сайын әлсірете түсуі мүмкін”, – деп жазады Foreign Policy.

Энергоресурстардың ең ірі тұтынушысы – Қытай экономикасы коронавирус таралуы кесірінен жапа шегіп жатқанда, әрі Ресей мен Сауд Арабиясының арзан мұнайы нарықты басып қалған тұста Алжир, Нигерия немесе Қазақстан сияқты мұнай өндіруші басқа елдер қиын жағдайда қалуы мүмкін деп жазады басылым.

“Үш ірі өндірушінің арасындағы баға соғысы эпикалық шайқас сияқты басталды. Бірақ Ресейдің, Сауд Арабиясының және АҚШ-тың кез-келген қысқамерзімді тербелістерге төтеп берерлік ресурстары бар. Жағдай тым ауырлап кетсе, онда Путинге Мұхаммед бин Салман (Сауд Арабиясының мұрагер принці – ред.) қоңырау шалып жатқанда телефон тұтқасын көтере салу жеткілікті. Мұнай өндіретін шағын елдердің қолында мұндай мүмкіндік жоқ”, – деп қорытады Foreign Policy.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG