Accessibility links

БҰҰ арнайы баяндамашысы мен Amnesty International "Атажұрт" белсенділеріне шыққан үкімге алаңдаушылық білдірді

"Ұлтаралық араздық қоздырды" деген айып тағылған "Атажұрт" белсенділерінің ісі бойынша үкім шығатын күні сот ғимаратында тұрған полиция арнаулы жасағы. Талдықорған, Жетісу облысы, 13 сәуір, 2026 жыл.
"Ұлтаралық араздық қоздырды" деген айып тағылған "Атажұрт" белсенділерінің ісі бойынша үкім шығатын күні сот ғимаратында тұрған полиция арнаулы жасағы. Талдықорған, Жетісу облысы, 13 сәуір, 2026 жыл.

БҰҰ-ның адам құқығын қорғаушылар жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашысы Мэри Лоулор Қазақстан соты жауапқа тартқан "Атажұрт" ұйымы белсенділерінің ісін әділ сотта қайта қарауға шақырды.

"Мен 13 сәуірде Талдықорған соты "Нагыз Атажұрт" қозғалысына қатысы бар 19 белсендіні "ұлтаралық алауыздық қоздыру" бабы бойынша кінәлі деп танығаны туралы алаңдатарлық хабар алып отырмын. Мәліметтерге қарағанда, олардың 11-і 5 жылға дейін бостандығынан айырылған, ал тағы 8-іне бостандығын шектеу жазасы берілген. Бұған қоса барлығына қоғамдық я саяси қызметпен айналысуға үш жылға тыйым салынған. Бұл үкімдер әділ сот аясында қайта қаралуы тиіс, сондай-ақ қажет болған жағдайда оларға медициналық көмек көрсетілуі керек", деп жазды ол Facebook-парағына.

Amnesty International құқық қорғау ұйымы 19 белсендіге шыққан сот үкімін "әділетсіздік көрінісі" деп айыптады. Ұйым 16 сәуірдегі мәлімдемесінде белсенділердің бейбіт наразылығы Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі адам құқықтарын бұзып отырғанына көптің назарын аудару және оларды тоқтатуға үндеу мақсатында өткені айтылған.

"Қазақстан билігі бұл 19 белсендіні дереу босатуы тиіс, өйткені олар тек өз құқықтарын бейбіт түрде жүзеге асырғаны үшін қамауға алынды. Үкімдер жойылуы керек. Бейбіт наразылықты "алауыздық қоздыру" деген бұлыңғыр айыппен қылмыс ету — әділетсіздік әрі халықаралық адам құқықтары стандарттарына қайшы", деді Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Мари Стразерс.

Халықаралық ұйым бұл іс бойынша сотталғандардың кейбірінің денсаулығы ауыр екенін айтып, қамауда отырған оларға тиісті медициналық көмек көрсетуді талап еткен. Стразерс Қазақстан билігін елдегі барлық азаматтардың құқықтарын, соның ішінде сөз еркіндігін, бірлесу және бейбіт жиналу құқықтарын қамтамасыз етуге шақырған.

"Атажұрт" белсенділерінің сот ісіне былтыр күзде Қытаймен шекара маңында Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеп, Шыңжаңдағы "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды, Қытаймен визасыз режимді жоюды талап еткен бір топ азаматтың наразылық акциясы ілік болды. Әуелде әкімшілік жазаға тартылған оларға кейін Қылмыстық кодекстің "алауыздық қоздыру" бабы бойынша айып тағылған еді.

Осы аптаның басында Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот бұл шулы іс бойынша айып тағылған 19 адамның бәрін кінәлі деп танып үкім шығарғанын Азаттық хабарлаған:

Қылмыстық іс қозғауға Алматыдағы Қытай консулдығынан түскен дипломатиялық нота себеп болған дейді құқық қорғаушылар. Құжатта наразылық акциясын "Қытай Халық Республикасының ұлттық абыройына қарсы ашық арандату және Қытай Коммунистік партиясы мен қытай халқына қорлау" деп бағалаған.

The Associated Press агенттігі Қытай сыртқы істер министрлігі бұл іс "Қазақстанның ішкі мәселесі" екенін айтып, Астананы Шыңжаңдағы саясатты түсінетін "дос көрші" ретінде атағанын, ал Қазақстанның сыртқы істер министрлігі түсініктеме бермегенін жазды.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда Қытайдың Шыңжаңдағы саясатына қарсы пікір айтқан адамдар бұрыннан қысымға ұшырап келгенімен, мұншама көп белсенді алғаш рет жаппай сотталғанын айтады. Human Rights Watch ұйымының зерттеушісі Ялқун Ұлуйол бұны "бұрын-соңды болмаған жағдай" деп атап, Астана Пекинмен қарым-қатынасты сақтау үшін өз азаматтарының еркіндігін құрбан етуге дайын екенін көрсетіп отырған айтты деп жазды The Associated Press.

Қытай билігі 2017 жылдан бастап Шыңжаңда ауқымды репрессиялық саясат жүргізіп, мұсылман дініндегі ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де ұлт өкілдерін жаппай лагерьлер мен түрмелерге қамаған. Кейбірі кейін босатылғанымен, Шыңжаңда діни және мәдени еркіндіктерге қатаң шектеулер әлі сақталып отыр.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Қытай билігінің аз ұлттарға қарсы жүргізіп жатқан саясатын "геноцид" деп айыптап, санкция да жариялаған. Алайда ресми Пекин мұны жоққа шығарып, Шыңжаңдағы саясатты "экстремизммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орталық" деп сипаттаған.

Қытаймен ірі сауда серіктесі ретінде тығыз байланысы бар Астана үшін Шыңжаң мәселесі — сезімтал тақырып. Қазақстан билігі Шыңжаңдағы қазақтар Қытай азаматы екенін алға тартып, бұл "Қытайдың ішкі ісі" деп, мәселеге тікелей араласа алмайтынын аңғартып келеді. Дегенмен Қазақстанның сыртқы істер министрлігі олардың арыз-шағымын қабылдап, дипломатиялық арналар арқылы тиісті хат, сұраныс жолдайды. Туыстарымен байланысуға көмектесеміз, жағдайды назарда ұстап отырмыз деп жауап береді.

Айдар
XS
SM
MD
LG