БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO), Қоршаған орта бағдарламасы (UNEP) және Биологиялық алуан түрлілік туралы конвенция хатшылығы дайындаған жаңа есепте Қазақстанның табиғат экожүйелерін қалпына келтіру жөніндегі екі бағыты аталды. Римде жарияланған "Табиғаттың оралуы: экожүйелерді қалпына келтіруді адамның және ғаламшардың игілігіне пайдалану" (Nature’s comeback: Scaling ecosystem restoration for people and planet) атты құжат — "БҰҰ-ның экожүйелерді қалпына келтіру онжылдығы (2021–2030)" аясындағы жетістіктерді бағалайтын есеп.
Есепке сәйкес, 2026 жылы бүкіл әлемде шамамен 252 млн гектар жерде экожүйені қалпына келтіру процесі жүрген. Авторлар мұны "тарихтағы ең ауқымды қалпына келтіру әрекеті" деп сипаттайды. Сонымен бірге құжатта әлем "белгіленген межеге жету жоспарынан артта келе жатқаны", ал қабылданған міндеттемелерді 2030 жылға дейін орындау үшін "қарқынды үш есе арттыру қажеттігі" ескертіледі.
Қазақстанның "Алтын дала" бастамасы есепте БҰҰ бойынша таңдап алынған 35 "Әлемдік қалпына келтіру эталон жобасының" (UN World Restoration Flagships) қатарында аталады. Есепте бұл жобалар "үлкен мақсаттары, ауқымы және басқа жерлерде қайталануы мүмкіндігі үшін таңдалған, үкімет қолдаған бастамалар" деп сипатталған. Барлық 35 жоба бірге 18 млн гектар жерді қамтып, 1 миллионнан астам "жасыл" жұмыс орнын ашуы тиіс.
Құжат жануарлар популяциясын қалпына келтірудің нақты мысалдарын айтқанда Қазақстанды бөлек атайды. Есепте бұл жобалардың нәтижесінде "Шығыс Африкадағы тау горилласы, Бразилияның Атлантика орманындағы ягуар мен маймыл, Қырғызстандағы қар барысы, Үндістандағы Ганг өзені дельфиндерінің, сондай-ақ Қазақстан даласындағы киік пен керқұланның оралғаны" айтылады.
"Алтын Дала" бастамасы – 2006 жылы Қазақстан үкіметі мен бірқатар табиғат қорғау ұйымдары серіктесіп іске асыра бастаған үлкен жоба. Мақсаты – Қазақстанның мыңдаған шақырым сулы-батпақты және шөлейт экожүйесін қорғап, ондағы жабайы табиғатты қалпына келтіру. Ресми есеп бойынша, киік саны 2003 жылғы 20 мыңнан 2024 жылы 2,8 миллионға өскен.
Азаттық бұл өсім шаруашылықтарға қиындық туғызып, шаруаларға шығын келтіргені туралы да жазған. Киік саны артуына байланысты Қазақстан үкіметі оның санын реттеу мақсатында атуға квота белгілеген. Бұған қарсылар да көп болған.
Есептегі екінші дерек тұщы су экожүйесін қалпына келтіруге қатысты. Құжатқа сенсек, Қазақстан осы бағыт бойынша ең көп ауданды қамтитын елдер қатарында алтыншы орында тұр. Қазақстан 0,33 млн гектар тұщы су экожүйесін қалпына келтіру процесінде деп көрсеткен — бұл елдің жалпы жер аумағының шамамен 0,1 пайызы.
Салыстыру үшін алсақ, бұл көрсеткіш бойынша Индонезия (5,99 млн га), Польша (0,97 млн га), Бенин (0,93 млн га), Камерун (0,60 млн га) және Ирак (0,40 млн га) тұр. Қазақстаннан кейін АҚШ (0,31 млн га), Нидерланд (0,27 млн га), Кения (0,21 млн га) және Моңғолия (0,16 млн га) тұр. Жалпы алғанда, әлемде 62 елде шамамен 11 млн гектар тұщы су экожүйесі қалпына келтіріліп жатыр.
Есеп авторлары бұл деректі елдердің табиғатты "қалпына келтіру тиімділігінің рейтингі ретінде түсіндірілмеуі керегін", ал пайыздық көрсеткіштер табиғатты қалпына келтіру "тиімділігінің өлшемі емес" екенін де ескетеді. Авторлар пайымынша, әр елдің жер аумағына, қалпына келтіру бағдарламасының ауқымына, сондай-ақ мониторинг пен есеп беру деңгейіне де байланысты айырмашылық болуы мүмкін.
Құжатта жалпы тұщы су мен теңіз және жағалау экожүйелерін қалпына келтіру "межеленген мақсаттардан әлдеқайда артта қалып отырғаны", ал дәл осы экожүйелер "өте жоғары қарқынмен тозып жатқаны" да ескертіледі.