Accessibility links

Киік санын реттеудің балама жолы бар ма?


Питомниктегі киіктің құралайы. Батыс Қазақстан облысы, 28 маусым, 2023 жыл
Питомниктегі киіктің құралайы. Батыс Қазақстан облысы, 28 маусым, 2023 жыл

"Киікті көптеп атуға квота белгілеу идеясы алаңдатады, салдарын жете бағамдамай жаппай қырудың арты қауіпті" дейді Оксфорд университетінің профессоры, Киікті қорғау альянсының негізін қалаушы ғалым Элеанор Джейн Милнер-Галланд. Киік санын популяцияға нұқсан келтірмей реттеудің жолы бар ма? Киік неліктен көктемде азаюы мүмкін? Басқа елдердің жабайы аң санын реттеу бойынша тәжірибесі қандай? Киікті ату мен аулау науқанынан соң бұл жануарды қорғап, санын көбейту бойынша көп жылғы еңбек зая кетеді деген қауіп бар ма?

"КҮЙЕККЕ ТҮСЕТІН МЕЗГІЛДЕ ЖОЙҒАНДЫҚТАН, КИІК КҮРТ АЗАЮЫ МҮМКІН"

− Қазақстан үкіметі былтыр 337 мың киікті аулау немесе ату арқылы санын реттеу жоспарын жария еткен. Үкімет киік саны 1,9 миллионға жетті, олар егіс алқаптарды жайпап жатыр деген фермерлердің шағымынан кейін осы қадамға барған. Үкіметтің бұл шешімі қаншалық негізді?

− Киік – қашанда да қазақ даласында адаммен қатар өмір сүрген жануар, адам оны мыңдаған жылдан бері қажетіне жаратып келді. Сондықтан киік аулаудан проблема көріп тұрғаным жоқ.

Алайда киік [аулауға] квота белгілегеннен гөрі жергілікті халық пен киік бір-біріне қалай әсер етіп жатыр, жергілікті ахуалды, егістікке нұқсан келтірмеудің жолын зерттеуден бастаған жөн болар еді. Себебі киік пен үй малының өсіп-өнуі және экономикалық дамуы бір жайылымда бір мезетте іске аса алатын дүние, яғни киік пен үй жануары бір даланың құрамдас бөлігі бола алады.

Киік қандай жануар?

Киік – Жер бетінде мұз дәуірінен бері өмір сүріп жатқан жануар. Бір кездері Шығыс Еуропа, Азия мен Алясканы мекендеген. Киік қазір негізінен Қазақстанда сақталған. Сондай-ақ аздаған бөлігі Моңғолия, Ресей, Өзбекстан жерін мекендейді. Қазақстанда киіктің үш түрлі популяциясы бар: Орал популяциясы (1,1 миллионнан астам), Бетпақдала популяциясы (745 мың) және Үстірт популяциясы (40 мың).

Киік популяциясының түрлері мен мекендейтін жері.
Киік популяциясының түрлері мен мекендейтін жері.

Киіктің белгілі бір санын немесе белгілі бір пайызын [аулау керек дегеннен] бастамас едім. Былтыр мамыр айында халықаралық сарапшылар тобымен бірге Орал популяциясы мекендейтін жерге бардық. Фермерлермен, жергілікті шенеуніктермен, "Охотзоопроммен" (Қазақстанның орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарайтын, елдегі аң аулау тәртібін белгілейтін мемлекеттік кәсіпорын – ред.), [экология және табиғи ресурстар] министрлігінің өкілдерімен кездесіп сөйлестік. Жұрт киік – мәдени мұраның ажырамас бөлігі, адам, киік пен үй малы қатар өмір сүре алады дегенмен келісті. Нәтижесінде Қазақстанда киікті сақтау және орнықты басқару стратегиясы қабылданды. Осы стратегияда қасапханаларды пайдалану сияқты жергілікті бастамаларды сынап көруді ойластыру айтылған.

Мені киікті көптеп жоюға квота белгілеу идеясы алаңдатады. Бұл ретте дұрыс жолды таңдамады деп алаңдаймын. Себебі киік бірнеше нәрсеге өте сезімтал, төзімсіз келеді. Олар ызғарлы қысқа, жұтқа төзімсіз. Популяция арасында індет жиі тарайды. Бірнеше жыл бұрын Бетпақдала популяциясында ауру тарап, киік көп қырылды. 1957 жылы киікті маусымда және желтоқсанда, яғни күйекке түсетін мезгілде жойған. Ғалымдар келесі жылы көктемде киік өте аз төлдегенін анықтады, себебі киікті күйекке түсетін мезгілде аулаған, ұрғашылар шошып, қысыр қалған. Сондықтан киікті күйекке түсетін мезгілде жойса, келесі жылы киік аз төлдейді.

− Киікті орнықты пайдалану (ағылшын тілінде sustainable use of saiga − киік популяциясына нұқсан келтірмей жергілікті халыққа аулауға, етін пайдалануға рұқсат ету) деген терминді айттыңыз. Бұл не екенін түсіндіріп бере аласыз ба?

– Орнықтылықтың үш түрлі аспектісі бар: экологиялық немесе қоршаған орта және әлеуметтік. Экологиялық орнықтылық – толыққанды экожүйені білдіреді. Бұл жабайы табиғат экожүйе үшін қолайлы деңгейде деген сөз. Әлеуметтік орнықтылық адамдардың өмір сүруге қаржысы жеткілікті, былайша айтқанда, қаржы тұрақтылығын білдіреді. Толықтай орнықты болу үшін осы үшеуі де болуы керек. Киікке келсек, осы үш орнықтылыққа қол жеткізудің жолы әртүрлі, оның бәрі аңшылыққа барып тірелмейді. Мысалы, көп киік бар жерде туризмге жүгінуге болады. Бұл киіктің популяциясына нұқсан келтірмей, реттеудің жолы. Ал киік пен мал бір мезетте бір жайылым мен бір су көзін пайдаланбаса, қатар тіршілік ете алады. Сондықтан үстіртін шешім қабылдаудан сақ болған жөн. Фермерлермен және бұған бей-жай қарамайтын басқа адамдармен бірігіп мәселенің шешімін тапқан дұрыс. Ал салдарын бағамдамай, жаппай жоюдың арты қауіпті.

КИІК САНЫН РЕТТЕУДІҢ БАЛАМА ЖОЛЫ БАР МА?

− Киікті қазіргідей жаппай жоюдан басқа шешім бар ма?

− Ол қандай мақсат көздейтініңізге байланысты. Киік санын неғұрлым тез қысқартуды көздесеңіз, онда мұның шешімі – киікті көптеп қыру. Бірақ жайылымды болашақта адам да, жабайы аң да пайдалансын десеңіз, жаппай жою – жақсы шешім болмауы мүмкін. Одан гөрі жергілікті тұрғындарға аздаған аңшылыққа рұқсат ету оңтайлы шешім болар еді. Сонда сол аймақтағы адамдар киіктің пайдасын көріп, етін өңдеп, мүйізін экспортқа шығаратын орталыққа өткізе алар еді.

Швеция, Норвегия, Канада сияқты елдер бұлан мен бұғыны реттелетін жолмен аулайды. Скандинавияда жергілікті қауымдастық аңшы ұйымдарына бұғы мен бұлан аулауға рұқсат ететін квота береді. Оларға аңдардың құлағына салынатын ен таратылады. Аңшылар мен аңшы ұйымдарына аңның белгілі бір бөлігін аулауға рұқсат етіледі, бұл реттеледі, аңшылар кейін бұл туралы ақпаратты беріп, өздеріне берілген таңбаны қайтарады. Үкімет тері мен мүйіздің дұрыс таңбалануын бақылайды. Қазақстан осындай елдермен тәжірибе алмасса, жақсы болар еді.

− Киікті жергілікті тұрғындарға аулауға рұқсат ету туралы айттыңыз. Үкімет киік санын он пайызға қысқарту туралы айтты. Аңшылық арқылы киіктің қанша санын немесе пайызын азайту керек, нақты сандар бар ма?

− Меніңше, киік пен адамның бір-біріне қалай әсер ететінін түсінбей тұрып, "мынанша киік аулануы керек" деп айту қиын. Оның үстіне бұл киік мекендейтін аймаққа да байланысты. Мысалы, Үстірт аймағында киік саны өте аз, оны қалпына келтіру керек. Бетпақдала аймағында фермерлер шағымданып жатқан жоқ, сондықтан киікті он пайызға азайтудың қажеті жоқ.

[Киіктің] белгілі бір пайызы қысқаруы керек деп бір санды белгілеу дұрыс емес. Алдымен жергілікті ахуал қандай, киік пен жергілікті тұрғындар қандай қиындыққа тап болды, киік егістікті жайпап жатыр дегенге қандай нақты дәлел бар дегенді зерттеуден бастау керек. Мұны қалай шешуге болады, мәселен, егістік пен жайылымды қоршау арқылы шешуге бола ма? Он пайыз қысқартайық деген қарапайым шешімнің жетегінде кетпеу керек. Стратегиялық тұрғыда ойланған жөн.

"КИІК ӘЛІ ДЕ ЖОЙЫЛУ ҚАУПІ ТӨНЕТІН ЖАНУАР ҚАТАРЫНДА"

− Жаппай атудың қаупі туралы айттыңыз. Қазақстанда киікті қорғау бойынша еңбек жемісін беріп, олар жойылып кетуден аман қалды деп айтуға бола ма? Киікті ату мен аулау науқанынан кейін көп жылғы еңбек зая кетеді деген қауіп бар ма?

− Үкімет, үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті халық пен "Охотзоопром" мекемесінің ұзақ жылғы еңбегі арқасына киік жойылудан аман қалды. Былтырғы жылдың аяғында киіктің статусы "жойылудың алдында тұрғаннан" "жойылуға жақынға" өзгерді. Киікті "жойылуға жақын" жануар түріне жатқызған себебі, жағдай өзгерсе, полуляция тез арада "жойылу алдында тұрған" статусқа қайта оралады. "Жойылуға жақын" топқа жатқызылған жануарларды қорғауды жалғастыру керек.

Киік әлі де жойылу қаупі төнетін жануар қатарында, себебі олар [ауру мен жұттан] жаппай қырылуы мүмкін, сондай-ақ браконьерлерден төнетін қауіп үлкен. Киік жойылу қаупі төнбейтін, қоршаған ортаға бейімделген жануар деген дұрыс емес. Мұндай жаңсақ пікір қалыптастырып, тарататын болсақ, браконьерлер оларды қыра беруге болады деген түсініктің жетегінде кетуі мүмкін. Оларды қорғауды жалғастыра беру керек. Үстірт, Моңғолия мен Ресейдегі киік популяциясына әлі де қауіп төніп тұр. Қазақстандағы қалған екі популяцияның (Орал және Бетпақдала) жағдайы жақсы.

− Үкіметтің киік санын он пайызға қысқарту шешімін сынағандар көп болды, белсенділер 1992 жыл мен 2003 жылдар аралығында киік саны 1 миллионнан 20 мыңға дейін, яғни 50 есе қысқарғанын дәлел ретінде келтірді. Ал қазір киікті атқан соң осы сценарий қайталануы мүмкін бе, сондай қауіп бар ма?

− Иә. 1970-80 жылдары киіктің 10-20 пайызын аулады, одан популяция саны қатты қысқармады.

Дегенмен қазір бұдан гөрі тиімді шешім таба аламыз. Адамдар мен жайылым, климат пен індет әсері туралы зерттеу жүргізе аламыз. Бәлкім, қазір 1970-80 жылдармен салыстырғанда киік саны көбірек болатын шығар. Бірақ егжей-тегжей зерттеусіз жаппай қыру қауіпті. Киікті күйекке түсетін мезгілде аулаудың кесірінен популяцияның саны біз болжағаннан анағұрлым тез азаюы мүмкін. Сонымен қатар қыс суық болса немесе індет қайта жайласа, киік саны тез қысқаруы ықтимал. Бұдан бөлек "киік аулау – қалыпты нәрсе" деген түсінік қалыптасса, 2000 жылдардың басындағыдай браконьерлік қайта қарқын алуы мүмкін.

− Киікті негізінен мүйізі үшін аулайды, оларды сол үшін жойып жатыр деген пікір бар. Киіктің мүйізі қара нарықта сатылып жатқаны жайлы мәлімет бар ма? Ғалымдар қара нарықты бақылай ма?

− Мүйіз нарықта сатылып жатыр деген ақпаратты байқамадық. Қытай, Сингапур тәрізді мүйізді тұтынатын елдерде, Азияның басқа мемлекеттерінде жұмыс істейтін әріптестер қара нарықта мүйіз көбейгенін хабарламады. Сондықтан мүйіздің заңсыз саудасы өскені жайлы дәлел жоқ. "Охотзоопром" мүйізді таңбалап, қоймада сақтап жатқаны жайлы мәліметті байқадым.

2019 жылы жойылу қаупі төнген жануар түрлері туралы конвенция бойынша киіктің мүйіз саудасына тыйым салынған. Қазақстан үкіметі осы мораторийді алып тастап, мүйізді заңды жолмен сатқысы келетінін білемін. Меніңше, бұл − қалыпты нәрсе. Киікті қорғауды ары қарай қаржыландырып, олардың популяциясына нұқсан келтірмейтіндей аулауға рұқсат беріп, етін пайдалануды жолға қоя алсақ құба-құп. Алайда конвенцияға қосылған басқа мемлекеттер бұл сауда заңды, орынды және браконьерлікке негіз болмайды дегенге сенімді болуы үшін белгілі бір кепілдік берілуі керек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG