БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстан билігі 2016 жылғы жер митингілерінен кейін халықаралық міндеттемелерді бұзған деген байлам жасады. Мұндай шешім қазақстандық белсенділер Макс Боқай мен Талғат Аянның шағымы бойынша қабылданған.
Екі белсендінің атынан шағым комитетке Халықаралық азаптауға қарсы ұйым, "Қадір-Қасиет" қоғамдық қоры мен Қазақстанның адам құқықтары және заң үстемдігі жөніндегі халықаралық бюросы арқылы берілген. Белсенділер халықаралық комитетке 2018 жылғы 3 қыркүйекте жүгінген. Іс бірнеше жыл қаралып, қорытынды шешім 2026 жылғы 13 наурызда шыққан. Осылайша істі қарау жеті жылдан астам уақытқа созылған.
— Бізге шыққан үкім заңсыз деп мойындалғаны жақсы нәрсе болды. Бірақ бұл комитеттің шешімі орындалуға міндетті емес, ұсыныс сипатында болады. Қазақстанда БҰҰ Адам құқығы комитетінің шешімін орындау бойынша заң жоқ. Енді Қазақстанның бұл шешімге қалай жауап беретінін күтеміз, — деді Боқай Азаттыққа.
Макс Боқай мен Талғат Аян 2016 жылы сәуір айында Атыраудағы Жер митингілеріне қатысқан. Наразы жұрт шетелдіктерге жерді жалға беруге және сатуға рұқсат беретін Жер кодексіндегі түзетулерге келіспей, қарсылық білдірген.
Атыраудағы митингіден кейін осыған ұқсас қарсылық акциялары Қазақстанның өзге қалаларында да өтті. Осыдан соң Қазақстан билігі резонанс тудырған заң баптарына мораторий жариялауға мәжбүр болды. Боқаев пен Аян қамауға алынып, 2016 жылы қараша айында екі белсенді "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңын бұзды" деген айыппен бес жылға сотталған.
Белсенділер өздеріне тағылған айыптарға келіспей, істің саяси астары бар деп мәлімдеген. Қазақстандық құқық қорғаушылар Боқай мен Аянды "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси пікір-көзқарасына бола қудаланбайды деп мәлімдейді.
БҰҰ комитеті екі белсендінің ісінде Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің бірнеше бабын бұзғанын анықтаған. Атап айтқанда, еркінен тыс қамау арқылы 9-бап — жеке бас бостандығы құқығы бұзылған. Оған қоса белсенділердің әлеуметтік желідегі жазбалары мен митингіге шақырғаны үшін қудалануы 19-бапта бекітілген сөз еркіндігіне қайшы деп танылды.
Комитет бейбіт жиналу құқығына кепілдік беретін 21-баптың да бұзылғанын атап өтті. Макс Боқайға қатысты қосымша құқық бұзушылықтар да тіркелген. Комитет оның қамауда ұстау жағдайлары 10-бап талаптарына сай келмегенін және оны үйінен 1500 шақырым алыстағы колонияға жіберу арқылы 17-бапқа — отбасы өміріне қол сұқпау құқығы бұзылғанын айтты.
Комитет Қазақстан билігі бұл шектеулердің қажеттілігі мен пропорционалдығын дәлелдей алмағанын мәлімдеді. Соған байланысты халықаралық орган билікке Макс Боқай мен Талғат Аянға моральдық және материалдық өтемақы төлеуді және мұндай құқық бұзушылықтар қайталанбауын қамтамасыз етуді ұсынды.
Қазақстан бұл шешім бойынша қандай шара қабылдағаны туралы БҰҰ комитетіне 180 күн ішінде есеп беруге тиіс. Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні 2005 жылы ратификациялаған. Бұған дейін де комитет елдегі сөз еркіндігі мен бейбіт жиналу құқығына қатысты бірнеше істі қараған.