Accessibility links

Әндіжанда 700 жылдық тарихи мұнараны бұзбақ


Әндіжандағы көне мұнара.
Әндіжандағы көне мұнара.

Өзбекстан билігі Әндіжан қаласы орталығындағы 13-ғасырда салынған мұнараны бұзып, орнына фонтан тұрғызбақшы.

ТАРИХИ МҰНАРА ОРНЫНА ФОНТАН САЛУ

Әндіжан қаласының ескі бөлігінде орналасқан «Жәми» тарихи-сәулет кешені орнына фонтан орнату жөніндегі билік жоспарын Азаттықтың Өзбек қызметіне жергілікті құқық қорғаушы Саиджахон Зайнобиддинов хабарлады.

– Қазір кешеннің айналасын түгел бұзып жатыр. Жұрт өзге құрылыстармен бірге мұнараны да бұзады деп айтып жүр. Ол Үлкен мешіттің алдыңғы жағында орналасқан. Ол жерге кешеннің келешек көрінісі бейнеленген панно орнатып қойыпты. Макетте мұнараның орнына фонтан бейнеленген. Құрылысшылардың өздерімен де сөйлестім. Олар да «Мұнараны бұзатын болды, жоспарда бар» деп қынжылады. Оны таяу күндері бұзуы мүмкін, оған бірер күн ғана кетеді, - дейді Саиджахон Зайнобиддинов.

Әндіжандағы «Жәми» тарихи-сәулет кешені орналасқан жер.
Әндіжандағы «Жәми» тарихи-сәулет кешені орналасқан жер.

Құқық қорғаушы Азаттықтың Өзбек қызметіне «Жәми» тарихи-сәулет кешені территориясында жүріп жатқан құрылыс жұмыстары түсірілген фотосуреттерді де жіберді. Олардың бірінде билік жоспарлаған жаңа нысандардың макеті бар екен. Макетте көне мұнараның орнында фонтан бейнеленген.

Азаттықтың Өзбек қызметі тілшілерімен сөйлескен жергілікті тарихшылар мұнараның 700 жылдық тарихы барын айтады.

– Мұнараның іргетасы 13-ғасырдың екінші жартысында құйылған. Кейін, 19-ғасырдың екінші жартысында, яғни 1882 жылы Жахон мен Юсуфәлі деген шеберлерді шақыртып, мұнараны қайта жаңғыртқан. Бұл мұнара – тарихи құнды ескерткіш. Оның қабырғалары ұлттық қолданбалы өнердің озық үлгісі саналатын ою-өрнектермен бедерленген. Мұнараның колонналарында қолданбалы өнеріміздің бір бөлігі саналатын әсем өрнектердің жұрнағы қалған. Оларды мүлде бұзуға болмайды, - дейді аты-жөнін көрсетпеуді сұраған әндіжандық тарихшы.

СЕЙСМИКАЛЫҚ ФАКТОР

Әндіжан облысы хокимияты (әкімдігі – ред.) берген ақпаратқа сәйкес, 2,5 гектар жерді алып жатқан «Жәми» тарихи-сәулет кешенін жаңарту жұмыстары 2016 жылдың наурызында басталуы тиіс. Бұл мақсатқа қаржыны Өзбекстанның мәдени мұра нысандарын қорғау мен пайдалану жөніндегі республикалық басқарма бөледі.

– Әзірше дайындық жұмыстары жүріп жатыр, ал реконструкция әлі басталған жоқ. Мұнара «Жәми» тарихи-сәулет кешені ортасында орналасқан. Мұнараны бұзуды мемлекеттік сәулет-құрылыс комитеті төрағасының орынбасары ұсынды. Оның айтуынша, Әндіжанда 9 баллдық жер сілкінісі болу қаупі бар, ал мұнара мұндай қуаттағы жер сілкінісіне төтеп бере алмайды. Сондықтан оны бұзуды ұсынды. Бұйрық осы ұсыныс негізінде түсті, - дейді Әндіжан облысы хокимиятындағы дереккөз.

Мешіт мұнарасын бұзуға қарсы бір топ жергілікті тарихшы мен белсенді Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияевтің атына хат жолдаған.

Азаттық тілшісімен сөйлескен наразы белсенділердің бірінің айтуынша, мемлекеттік сәулет және құрылыс комитеті шенеунігі мұнарада жүргізілген сараптама нәтижелерімен де санаспаған.

– Мұнараға жергілікті сарапшылардың қатысуымен сараптама жүргізіп, оның әлі мықты екенін анықтады. Мұнараның шатырында ашық веранданың бір бөлігін ұстап тұрған металдан арнайы жасалған жылжымалы аспаптар бар. Сараптама комиссиясы осыны ескеріп, оң ұйғарым шығарды. Бірақ, неге екені белгісіз, мемлекеттік сәулет және құрылыс комитеті өз дегенінен қайтпай мұнараны бұзғысы келеді. Ал премьер-министрдің атына жолдаған хатымызға әзірше жауап алған жоқпыз, - дейді әндіжандық белсенділердің бірі.

НАМАЗХАНА ДА БҰЗЫЛАДЫ

Әндіжан тарихшыларының айтуынша, билік «Жәми» тарихи-сәулет кешені территориясында орналасқан 700 жылдық тарихы бар намазхананы да бұзуды жоспарлап отыр.

– Әлгі намазхана – «Жәми» кешені территориясындағы ең көне ескерткіш. Оны 13-ғасырдың екінші жартысында салған. Бірақ, біздің қарсылығымызға қарамастан, оны да бұзғылары келеді, - дейді әндіжандық тарихшы.

Әндіжандағы 13-ғасырда салынған көне мұнара.
Әндіжандағы 13-ғасырда салынған көне мұнара.

Өзбекстан мәдениет және спорт істері министрлігіне қарасты мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану басқармасының хабарлауынша, Әндіжандағы тарихи мұнара мен намазхананы бұзу заңсыз жоспарланған.

– Біз бұл жағдайды жақсы білеміз. Анық-қанығын тексеру үшін мамандарымыз Әндіжанға барып келді. Біз екі ескерткішті бұзуға қарсы болып, ресми хат жолдағанбыз. Әлгі екі ескерткіш еліміздің тарихи мұрасы саналады. Ескерткіштерді жоюға бағытталған әр әрекет заңға сәйкес жазаланатынын билікке ескертіп, Әндіжан облысы әкімшілігіне ресми хат жолдадық. Біз ескерткіштерді бұзуға қарсымыз, - дейді ата-жөнін көрсетпеуді өтінген басқарма шенеунігі.

Азаттық тілшісі осы мәселе бойынша Өзбекстан сәулет және құрылыс комитетінен комментарий сұраған еді. Бірақ комитет шенеуніктері бұл тақырыпта сөйлесуден бас тартты.

ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ҰСЫНЫСЫ

Әндіжан облыстық хокимиятының хабарлауынша, Өзбекстан премьер-министрінің ұсынысымен «Жәми» тарихи-сәулет кешені аумағында «Әндіжан Регистаны» салынбақ (Регистан – Самарқан қаласы орталығындағы тарихи алаң – ред.)

– Маусымның 13-і күні облыс әкіміне бұл тапсырманы Шавкат Миромановичтің өзі берді. Ол «Самарқандағы Регистан сияқты алаңды дәл осы араға саласың. Самарқанға барып көріп қайт. Мына жерге Самарқандағы сияқты алаң салатын бол» деп бұйырған. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ескі қаладағы өлкетану мұражайын жаңартып, «Жастар орталығы» салынады. Әдебиет және өнер мұражайы орналасқан «Жәми» тарихи-сәулет кешеніне реконструкция жүргізіліп, оның жанына «Әндіжан Регистаны» салынады, - деп хабарлайды әкімдік өкілі.

Премьер-министр ұсынған «Әндіжан Регистаны» көне «Мусалло» алаңы территориясында салынатыны белгілі болып отыр. Құрамына медресе, мешіт және мұнара кіретін қазіргі «Жәми» тарихи-сәулет кешені Өзбекстанның ежелгі тарихи мұрасы саналады. «Мусалло» алаңы – оның бір бөлігі.

Әндіжан тарихшылары сегіз ғасырлық тарихы бар «Мусалло» алаңын «Әндіжан Регистанына» айналдыруға қарсы. Бірақ билік олардың наразылығын әзірше елемей отыр.​

(Азаттықтың Өзбек қызметінің материалы.)

XS
SM
MD
LG