Accessibility links

Шымкентте сәулет ескерткіштері күреліп жатыр. Көне қаланың тарихы - қыл үстінде


Шымкенттегі Никольск соборы
Шымкенттегі Никольск соборы

Шымкентте сәулет өнерінің ескерткіштері қиратылып жатыр. Олардың көпшілігі күреліп, сүрілетін болды, ал кейбірі жекешелендірілген соң қайтадан тұрғызылады дейді тәуелсіз сарапшылар. Ал қала, ғалымдардың пікірінше, жұтап, өзіндік бет-бейнесінен айрылып барады.


ЗАҢ ЖҰМЫС ІСТЕМЕЙДІ


1994 жылы шыққан сәулет өнері ескерткіштерінің жинағына 26 нысан енген болатын. Мұның көпшілігі – ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында салынған ғимараттар. Ал соңғы жиырма жылда Шымкентте сәулет өнері ескерткіштерінің барлығы дерлік құрып бітуге айналды. Дәл қазіргі уақытта тек төрт ғимараттың ғана тарихи ескерткіш ретіндегі ресми мәртебесі бар. Көптеген тарихи ескерткіштердің жойылуына сол ғимараттардың жекешелендіріліп, содан соң қайтадан салынуы себепкер болды деп есептейді жергілікті мәдениет басқармасының маманы Александр Грищенко.

Совет өкіметі кезінде археологиялық және тарихи сәулет өнері ескерткіштеріне қатысты мәселелерді шешуге арналған қажетті заңдық база бар болатын. Қазір көптеген сәулет өнері ескерткіштерінің нақты мәртебесі де жоқ. Қазіргі уақытта заң бар, бірақ ол толық жұмыс істемейді дейді Александр Грищенко.

– Заң жақсы-ақ, бірақ өзге де нормативтік актілері, барлық ұңғыл-шұңғылдары жазылмаған. Мұның бәрі қалай, қанша айда жүргізілуі керек? Тағы сол сияқты. Тағы бір мәселе – ескерткіштердің мәртебесі анықталмаған. Бізде заңдастырылған ескерткіштер жоқ, тек алдын-ала жасалған тізімдер ғана бар. Нормативтік-құқықтық актілер 1991 жылдан бері кешігіп келе жатыр. Рспубликалық маңыздағы сәулет өнері ескерткіштері туралы акті 2007 жылы шықты, ал жергілікті маңыздағы ескерткіштер туралы актіні үш жылдан бері әлі күтіп отырмыз. Бүкіл республикадағы жағдай – осы. Түрлі министрліктерден келісімнен өтуіміз керек. Заң бойынша одан өтуге болады, ал шындап келгенде бізден ешкім келісім де, ешнәрсе де сұрамайды,-дейді Александр Грищенко.

Қаланың тарихи ескерткіштеріне деген жүрдім-бардым қатынастың мысалы ретінде ол халық арасында «Қошқар ата» мешіті аталып кеткен қазіргі «Жәми» мешітінің жағдайын келтірді. 2007 жылы құлағалы тұрған мешітті жөндеу және оны кеңейту керек деген желеумен мешіттің оңтүстік қанатын бұзып тастаған.
«Қошқар ата» («Жәми») мешіті. Шымкент, 2009 жылдың жазы.


Сәулет өнері тарихымен байланысты қызметте отыз жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан сарапшы Юрий Елгин бұл құрылыс құлағалы тұрған жоқ болатын деп есептейді. Мешіт екі судың ортасында тұрса-дағы оның жертөлелері құп-құрғақ болған.

– «Жәми» мешіті – ескі монументальді ғимараттардың бірі. Оның құндылығының өзі – жалғыздығында. Бұл мешіт Ферғана, Ташкент сәулет өнерінің әсерімен салынған. Ферғаналық ұсталар махалла мешіті ретінде салған «Жәми» мешіті – ХІХғасырдың ескерткіші. Мешіт бүгінде жұма намазы оқылатын жамағат мешітінің қызметін атқарып отыр,-дейді Юрий Елгин.

БІРЕГЕЙ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ ОРНЫНА

Қаланың тарихи ескерткіштеріне тек оларды иеленіп отырған жеке адамдар ғана қастық қылып отырған жоқ, дейді өлкетанушы Алексей Гончаров.

Биылғы жылдың наурыз айында Шымкентте болған сапарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев филармонияның жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашты. «Қызыл кірпіштен салынған әсем ғимаратта өнер көрсететін зал мен гастрольге келген әртістер үшін жатақхана да бар», -деп хабарлап жатты ақпарат агенттіктері.

Облыстық филармония ғимаратын құлату.
Шымкент, 2009 жылдың сәуір айы.
Аталған құрылысқа мемлекет бір миллиард теңге немесе алты миллион доллардан астам қаржы жұмсады. Ал енді арада аз уақыт өткен соң бұл жаңа ғимараттың орнында совет кезеңінде өнер ордасына айналдырылған бұрынғы шіркеу болғанын ешкім де есіне ала қоймас, дейді өлкетанушы Алексей Гончаров.

– Сәнді кірпіштен салынған бұл ғимаратттың кіре берісінің әдемілігі 120 жыл бойы ары-бері өткен жүргіншілердің назарын аударумен болды. Сол уақыттан бері көше өзінің атын да, сәулетттік бет-бейнесін де өзгертті. Бірақ филармония үнемі елдің назарында болды, -дейді.

1934 жылы шіркеудің күмбездері алынып, қоңырау мұнарасы қайта жасалды, ғимараттың іші бөлінді. Шіркеу 1930 жылдары республикадағы алғашқы театр ғимараттарының біріне айналды. Кейінірек бұл үйде «қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқов жұмыс істеді. Елге кеңінен танылған, кейінірек әнұранға айналған «Менің Қазақстаным» әнін ол дәл осы жерде жазған болатын деп әңгімелейді Алексей Гончаров. Алайда, қала үшін де, қазіргі заман тарихы үшін де бірегей болып табылатын құрылысты Ескерткіштерді қорғаудың халықаралық күні қарсаңында бұзып тастады.

Шенеуніктер болса, бұған ғимараттың құлайын деп тұрғанын желеу қылды. Қажетті актілерді жасап, үйді жылдам бұзып тастады. Комиссия өкілдері толтырған ресми құжатта үйдің қабырғасының жарылғандығы мен заманауи құрылыс нормаларына сай келмейтіндігі көрсетілген. Егер бұл ғимараттың патша кезеңінде салынғанын ескерсек, қайдағы заманауи нормалар туралы айтуға болады деп таңданыс білдіреді сарапшылар. Және де ғимараттың өзінен де, оның фотосуреттерінен де ешқандай жарықтарды көрмегендерін айтады.

– Ол жерде тек шіріп кеткен арқалық ағаштарды ғана ауыстыру керек болатын. Ал ғимараттың өзіне тиісудің де қажеті жоқ еді. Оның қабырғалары мықты болатын. Осылайша мемлекет қорғауына алынған тарихи ғимаратты бұзып тастап, жаңадан салды. Бұл жерде әнұран ауторы Шәмші Қалдаяқовтың жұмыс істеуінің өзі оған мемориалдық мәртебе беріп тұрған болатын, -дейді тарихшы-зерттеуші Юрий Елгин.

ЖОҒАЛЫП БАРА ЖАТҚАН ТАРИХ

Қаланың да, елдің де тарихы көбіне-көп бульдозердің астында қалуда деп наразылық білдіреді тәуелсіз сарапшылар.

– Біз өз қаламыздың бет-бейнесінен айрылып қалудың алдында тұрмыз. Шымкент қашан да айқын байқалатын шығыстық қала болатын және екінші жағынан оның еуропалық, Орыс қаласы деп аталатын жағы бар болатын. Қаланың әр бөлігінде өзіне тән ескерткіштері бар еді. Біз әлемге әйгілі тарихи қалаларды ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы ескерткіштерінсіз елестете алмаймыз ғой. Парижді Нотр-Дам де Пари соборынсыз көз алдыңызға елестете аласыз ба? - деп сауал тастайды ғалым Юрий Елгин.

Сәулет өнерінің тағы бір ескерткішінің тағдыры осы күнге дейін анықталған жоқ. Қалалық саябақтағы қуыршақ театры бұрын Никольский кафедралды соборы болған. Қазір де бұл ғимарат Қазақстанның оңтүстігіндегі қызыл кірпіш стилінде салынған орыстың мықты құрылыс үлгісінің бірі болып табылады.

Оған тарихи ескерткіш мәртебесін беру мәселесі ешкімді де ойландырып отырған жоқ. Билік ғимаратты қайта жаңғыртпақшы. Ресми тарихшылардың назарына ілінбеген тағы бір құрылыс – ояз бастығының ғимараты. Бірақ әлі күнге сәулет өнері ескерткіштерінің тізіміне енбеген.

– Бұл жерде небір атақты адамдар, мысалы, академик Бартольд болған. Бұл жерде Кенесары Қасымовтың ұлы Ахмет Кенесарин жұмыс істеген. Императорлық қызмет подполковнигі Ахмет Кенесарин ояз бастығының көмекшісі болған, - дейді өлкетанушы Алексей Гончаров.
Шымкенттегі Никольск соборы


Осыдан екі жыл бұрын ғалымдар «Шымкент – Қазақстанның ең ежелгі қаласы» деп сенсациялық мәлімдеме жасады. Бүкіл Орталық Азиядан мүйіздері қарағайдай археологтар жиналған ғылыми конференцияда қаланың салынғанына екі мың жылдан асып кеткен деген қорытындыға келген. Бұл конференцияны ұйымдастырған жергілікті шенеуніктер осы сенсация арқылы республикалық бюджеттен трансферттер алып қалу ниетінің барлығын жасырған жоқ.

Солай деген күннің өзінде қалада елге көрсететін ешнәрсе жоқ дейді Алексей Гончаров. Қаланың тарихи орталығы біртіндеп қоқыс орнына айналып жатыр. Сарапшының пікірінше қала өзінің бет-бейнесін жоғалтып жатыр, ал ол жайындағы естеліктер біртіндеп өшуде.

– Бір кездері Шымкенттің саз балшықтан салынған шахар болғанын енді ешкім ешқашан еске алмайды. ХХ ғасырдың басындағы Шымкент бар еді, советтік дәуірде, сталиндік ғимараттар салынған Шымкент бар еді. Енді осы қалада тұрып жатқандар Шымкентті Қытай Халық Республикасында өндірілген алюкобондтан салынған қала деп есептейтін болады. Заң бар, бірақ ол жұмыс істемейді. Ол тек ұсыныс беру ғана сипатында. Әзірге бұл үшін талап етпейтін, жазаламайтын болса, біз өз ескерткіштерімізді жоғалта беретін боламыз. Қазақстан – көшпенділердің мемлекеті. Мұнда сәулет өнерінің ескерткіштері аздау. Ал егер Шымкентте мерейтой өткізетін болса, онда қонақтарға несін көрсетеді? Алюкобондтан салынған үйлерді көрсете ме? - дейді өлкетанушы Алексей Гончаров.
XS
SM
MD
LG