Accessibility links

Сарапшылар: "Жер мәселесін халықпен кеңесіп шешу керек"


Қырғыз-өзбек шекарасында. Көрнекі сурет.

Қырғызстан 413 гектар жерін Өзбекстанға беріп, одан сонша көлемде жер алмақшы деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі. Қырғыз үкіметінің өкілдері бұл мәселені ерте ме, кеш пе, бәрібір шешуге тура келетінін айтады. Сарапшылар жер мәселесін халықпен кеңесіп шешкен дұрыс деп ескертеді.

Қырғызстан үкіметінің қырғыз-өзбек мемлекеттік шекарасын делимитациялау және демаркациялау жөніндегі делегациясы жұмыс тобының мүшелері Ош облысындағы Араван ауданына аттанды деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Жер ресурстары жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры Каныбек Ботобаев, үкіметтік шекара мәселелері жөніндегі арнайы өкілінің міндетін атқарушы Чынгыз Мамат уулу, мемлекеттік картография-геодезия қызметі директорының орынбасары Абдималик Мурзаев жергілікті билік органдарымен бірлесіп Тоо-Мойын ауылдық аймағы тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

12 қыркүйекте Қырғызстан үкіметі Өзбекстанмен жер алмасу туралы түсініктеме берген кезде Керкидан су қоймасының жалпы көлемі 1 мың 41 гектар екенін хабарлаған.

Қырғыз ССР-і министрлер кеңесінің 1962 жылы 29 мамырда, 1964 жылы 14 қыркүйекте және 1970 жылы 14 қыркүйекте қабылдаған қаулыларына сәйкес, Ош облысы Араван ауданындағы 1 мың 41 гектар жер Керкидан су қоймасы нысандары қажетіне бөлінген.

Өзбекстан оның өтеміне 1972 жылы Өзбекстан Ферғана облысы Кува ауданынан 628 гектар жерді көрші республиканың Араван ауданына берген.

Сол жақта - Керкидан су қоймасы, оң жақта - Гүлбар ауылы маңындағы жер учаскесі. Ақ сызық - қырғыз-өзбек шекарасы, қызыл сызық - екі елдің өзара алмасқан жер учаскелері. Google карта бойынша жасалған коллаж.
Сол жақта - Керкидан су қоймасы, оң жақта - Гүлбар ауылы маңындағы жер учаскесі. Ақ сызық - қырғыз-өзбек шекарасы, қызыл сызық - екі елдің өзара алмасқан жер учаскелері. Google карта бойынша жасалған коллаж.

Ал, 2017 жылы мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау туралы едәуір уақытқа созылған күрделі келіссөздер нәтижесінде Өзбекстан қырғыз жағына қалған 413 гектарды: Араван ауданындағы Полигон учаскесіне - 304,3 гектар, Баткен ауданындағы Қайрақ учаскесіне - 74 гектар және Аксы ауданындағы Дерес учаскесіне 35 гектар жер беруге келіскен.

Үкіметтің Ош облысындағы өкілетті өкілінің орынбасары, мемлекеттік шекараны делимитация және демаркация жасау жөніндегі комиссияның мүшесі Байыш Юсупов журналистермен кездесуде қазіргі шақта осы келісімді іске асыру жұмыстары атқарылып жатқанын хабарлады.

"Осы келісімнің 304 гектар жер бөлу туралы бөлігінің негізінде Араван ауданында шекара қоршауын 300-800 метрге жылжыта аламыз. Бұған қоса Жалал-Абад облысына 35 гектар және Баткен облысына 74 гектар жер алу туралы келісім бар" деді Юсупов.

Қыркүйектің 10-ы күні Ош облысы Араван ауданында Керкидан су қоймасының төңірегіндегі жер учаскесіне өзбек әскерилерінің қоршау орнатуы жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды.

Екіжақты келіссөздерден кейін өзбек әскерилері техникасын ол аумақтан әкетті. Қазір ол жерде Қырғызстан мен Өзбекстан шекарашылары тұр, анда-санда ол жерге Керкидан ауылының тұрғындары да жиналады.

Юсупов демаркация процесі аяқталмай ол жерге қоршау орнатуға болмайтынын айтады.

"Комиссия мүшесі ретінде айтарым: делимитация аяқталды, ал демаркация әлі біткен жоқ. Ал келісім бойынша, демаркация процесі бітпейінше олар жұмыс істей бастай алмайды. Біз өзбек жағына бұл іс-әрекеттері заңсыз екенін ескерттік. Олар техникасын әкетті. Жақын күндері екі комиссия кездеседі. Сонда біз екі жақта жұмысты бірге бастауды: біз - өзімізге берілген 304 гектар жерде, олар Керкидан су қоймасы маңында шекара қоршауын бір уақытта жылжытуды ұсынбақпыз. Мынаны айтуға тиіспін: Керкиданда біз Өзбекстанға бір метр де жер берген жоқпыз, олар да бізге берген жоқ" деп сендірді Юсупов.

Ош облысы басшылығы ауыл шаруашылығына пайдалануға ыңғайлы 304 гектар жерді Тоо-Моюн ауылдық әкімдігіне беруді ұсынғандарын айтады. Бірақ оның тәлімі жер екенін алға тартқан Керкидан ауылы тұрғындары биліктің ұсынысымен келіспейді.

"Бұрын көлдің (Керкидан су қоймасының – ред.) ол жағында ата-бабаларымыз мекендеген. Кейін Өзбекстан су қоймасын салған кезде қоныс аударған. Біз осы көлдің жағасында балық аулап өстік. Қазір бізде ол жерге жібермейді. Бұлал осындағы үш ауылдың жері болатын. Ал қазір 400 гектардан артық суармалы жерді алып, бізді Гүлбарға көшіргілері келеді. Онда су жоқ, жері адам тұруға жарамайды" дейді Керкидан ауылының тұрғыны Рашит Масытов.

Шекара мәселесін жер алмасу арқылы шешкісі келетін үкіметтің іс-әрекетін қоғамда сынға ілікті. Бірақ, кей сарапшылар мәселені осындай бейбіт жолмен шешу - әлемде жиі қолданылатынын тәжірибе екенін айтады.

Қырғызстанның көрші елмен шекара мәселесін шешу үшін жер алмасуы алғаш рет емес. Бұған дейін шекара мәселесі бойынша жасалған келісімдерден соң биліктің Узонгу-Куушты Қытайға, Қарқыраны Қазақстанға беруі қырғыз қоғамында наразылық тудырған. Елдің бірінші президент Асқар Ақаевты биліктен кетіруге себептердің бірі ретінде Бішкектің Қытайға жер беруі айтылады.

Сарапшы Саламат Аламанов бұған дейін білдірген пікірінде шекара мәселесінде оны саясиландыруға жол беруге болмайтынын айтқан.

"Әртүрлі пікірлер міндетті түрде айтылады. Барак мәселесін (Қырғызстанның Өзбекстандағы Барак эксклавын айтады – ред.) жылдар бойы шеше алмадық, бірақ оған саяси сипат бергісі келетін сыншылар табылады. Мұндайға дайын болу керек. Каркыраға байланысты да солай – оның өтеміне азаматтарымыз пайдаланып жүрген екі есе көп жер алдық, бірақ әлі күнге у-шу басылмай, саяси ойынға айналып кетті" дейді Аламанов.

Қырғызстанның Өзбекстанмен шекарлас Баткен облысының бұрынғы басшысы Сұлтанбай Айжігітов мұндай шетін мәселелерді халықтың пікірін ескере отырып шешу қажет деп санайды.

Сұлтанбай Ақжігітов.
Сұлтанбай Ақжігітов.

- Бұл өте күрделі мәселе. Әлемде ондай тәжірибе бар, әрине. Бірақ жер алмасу мәселесі халықтың қатысуымен, референдум арқылы шешілуі керек. Мәселені жасырын шешу халықтың наразылығын күшейтеді. Ақпарат болмаған соң Араван ауданында бүгінгідей жағдай қалыптасты. Ал үкіметтегілер болса баяғыда келісіп қойғанбыз дейді. Қырғызстанда шекара мәселесін шешкен кезде өте мұқият болу керек, әйтпесе оның соңы қылмыстық жауапкершілікке жеткізуі мүмкін, - дейді Ақжігітов.

Қырғызстан мен Өзбекстан үкіметтері мемлекеттік шекараны анықтау жұмыстарын 2016 жылдан бастап қайта қолға алған.

Биыл екі елдің комиссиялары шекараның нақтыланбаған 55 тұсына байланысты келіссөздер өткізген. Олардың қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылғаны хабарланғанымен, оның егжей-тегжейі айтылмаған.

2015 жылы "үкімет Керкидан су қоймасы маңындағы 400 гектарға жуық жерді Өзбекстанға сатып жіберген-мыс" деген хабар тарағаннан кейін жергілікті тұрғындар наразылық акциясын өткізген. Билік "жер сатылғаны" туралы хабарды терістеген.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалы негізінде дайындалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG