1968 жылы СССР министрліктері мен ғылыми мекемелеріне одақтас республикалармен бірлесіп, сумен қамтамасыз ету жоспарын әзірлеу тапсырылды. Оның ішінде өзен суларын бұру мәселесі де болды. 1974 жылы СССР Министрлер советі Орталық Азия елдерін сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін үкіметтік комиссия құрды.
1978 жылы "Солтүстіктегі және Сібірдегі өзен суларын оңтүстік аймақтарға бұрудың ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарын орындау" туралы қаулы шықты. 1983 жылы Мемлекеттік жоспарлау мекемесі техникалық экономикалық негіздемені бекіткеннен кейін СССР су министрлігіне Сібір-Арал каналын жобалауды ұсынды.
1986 жылы СССР министрлер советі Өзен суларын Орта Азияға бұру бойынша жұмыстарды тоқтату туралы қаулы шығарды.
2002 жылы Мәскеудің сол кездегі мэрі Юрий Лужков Сібір суларын бұру мәселесін қайтара көтеріп, кейін осы туралы "Су және бейбітшілік" деген кітап жазады. Ол Ресейдің Курган, Омбы, Орынбор және басқа облыстарындағы су тапшылығын шешу жолдарын Сібір суларын бұрудан іздейді. Лужков Сібір суын Орталық Азияға тауар ретінде сатуды ұсынды.
2006 және 2010 жылдары Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ертіс өзені суын бұру жобасының қажеттілігін айтты. 2010 жылы Еуропа климатологтары мен гляциологтары арктикалық мұздың еруіне алаңдаушылық білдірді. Олар Сібір өзендері суының бір бөлігін бұру Солтүстік Мұзды мұхиттың алты метрге көтерілуін және арктикалық мұздың еруін тоқтатады деп есептейді.
2019 жылы Өзбекстан экологиялық партиясының мүшесі Әбу-Әли Ниязматов Сібір суларын Орталық Азияға бұру жобасын тірілтуді ұсынды. Ол жоба Арал теңізі проблемасын және жыл сайын қайталанатын Сібірдегі су тасқыны мәселесін шешуге септігін тигізеді деп санайды. Ниязматов суды каналмен емес, құбырмен тартуды ұсынады.