Accessibility links

Тәжікстанда Қытайдың құпия әскери базасы бар. Пекиннің көздегені не?


Loop video - China military base in Tajikistan

Содырлардан төнген қауіп-қатерге алаңдаған Қытай Тәжікстан аумағында, тәжік-ауған шекарасына жақын жерде әскери база мен әскери мұнара салған. Мұны Азаттық тілшілері анықтады.

ҚЫТАЙДЫҢ ӘСКЕРИ БАЗАСЫ ЖАЙЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?

Тәжікстанның Ауғанстанмен шекаралас таулы аймағына жақын жатқан Вахан дәлізі маңындағы жерде Қытайдың құпия базасы орналасқан. Қытай әскери нысаны мен әскери мұнарасы Совет одағынан қалған ескі форпост жанында тұр. Қытай әскери базасынан 12-15 шақырым қашықта Шаймақ шағын ауылы жатыр.

Ресми Пекин мен Душанбе Тәжікстан аумағында Қытай базасы мен қытай әскерилері барын ресми түрде жоққа шығарғанымен, Азаттықтың Тәжік қызметі журналистері базаның маңын және айналасын көріп қайтқан.

Орталық Азияға экономикалық тұрғыдан ықпал етіп келген Қытай енді бұл аймаққа әскери қадам жасап жатыр. Пекиннің тәжік-ауған шекарасына әскери база жасақтауы Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда террористік ұйым деп тыйым салынған) билік орнатқан кезбен тұспа-тұс келді.

Қытай және Тәжікстан шекарашыларының екі ел шекарасындағы бірлескен шеруі. 17 қыркүйек 2017 ж.
Қытай және Тәжікстан шекарашыларының екі ел шекарасындағы бірлескен шеруі. 17 қыркүйек 2017 ж.

Ауғанстан мен Тәжікстанның қазіргі және бұрынғы шенеуніктерінің сұхбатынан, Қытайдың бейресми әскери базасы маңында тұрып жатқан адамдардың әңгімесінен және Азаттық тілшілерінің көргенінен Қытайдың аймақтағы әскери мәселелерге араласа бастағанын аңғаруға болады. Бірақ бұл рөл Қытай үшін қиынға соқпақ.

Қытай Тәжікстан билігі мен тәліптер арасындағы салқын қарым-қатынасты бақылауда ұстап отыр әрі аймақтағы мүддесін қорғау үшін Ауғанстандағы "Талибан" режимімен байланыс орнатудың да жолын іздеп жатыр. Қытайдың көздегені – Ауғанстандағы ұйғыр содырлары. Қытай Шыңжаң өлкесіндегі шабуылдарға Ауғанстан аумағын паналаған ұйғыр содырларын айыптайды әрі олардан әлі де қауіптенеді.

Қытай әскери нысаны жайлы дерек аз, қанша қаржы бөлінгені әрі кімнің иелік ететіні белгісіз. Қытайдың тәжік-ауған шекарасына нысан орнатқандағы мақсаты да айқын емес.

Бірақ жергілікті халық әскери дрондар ұшатынын, бақылау құрылғылары барын айтады. Азаттық радиосы дронды қай ел ұшыратынын тәуелсіз дереккөздерден растай алмады, бірақ мұндай құрылғылар қолдану бақылаудың күшейгенін көрсетеді.

Қытай әскері орналасқанға дейін Шаймақ аулы маңындағы әскери нысанның спутниктен түсірілген суреті.
Қытай әскері орналасқанға дейін Шаймақ аулы маңындағы әскери нысанның спутниктен түсірілген суреті.

Әскери нысанға бірнеше рет барған екі тұрғын (аты-жөнін жарияламауды сұрады) Азаттық радиосына базада қытай, ауған және тәжік әскерилері жұмыс істегенін, ақпарат жинап, үш ел бір-бірімен бөлісуге уағдаласқанын айтты.

Ал Тәжікстан үкіметінде жұмыс істейтін шенеуніктің (ол да аты-жөні аталмағанын қалады) сөзінше, "Талибан" билікке оралған соң Ауғанстанмен әріптестік үзілген. Ол 15 тамызда Батыс қолдаған Ауғанстан үкіметі құлаған соң, әдетте екі ай сайын ауысып тұрған ауған әскерилері бұл базаға келмегенін айтты. Шенеунік қазір ол нысанда тек Қытай мен Тәжікстан әскерилері барын жеткізді.

"ТАЛИБАН" ТАУЫП БЕРГЕН БАС АУРУ

Ауғанстандағы жағдайдың өзгеруі Қытайға жаңа бас ауруын тауып берді. Пекин Тәжікстанға ықпалын арттырып, Ауғанстандағы жағдайдың өзгергеніне ыңғайлануға тырысып жатыр. Бірақ Қытай билігін тәліптер терроризммен күресте бірлесе жұмыс істеуге қаншалық дайын деген сұрақ та мазалайды.

"Талибанның" негізін қалағандардың бірі молла Абдул Ғани Барадар (сол жақта) мен Қытай сыртқы істер министрі Ван И Тяньцзиньдегі кездесу кезінде. Қытай, 28 шілде 2021 ж.
"Талибанның" негізін қалағандардың бірі молла Абдул Ғани Барадар (сол жақта) мен Қытай сыртқы істер министрі Ван И Тяньцзиньдегі кездесу кезінде. Қытай, 28 шілде 2021 ж.

Себебі "Талибан" 1990-жылдары Ауғанстанды басқарғанда ұйғырлардың "Түркістан ислам партиясын" паналатқан. Қытай Шыңжаңдағы бүлікке "Түркістан ислам партиясын" айыптайды әрі бұл топ тәліптермен әлі байланыста деп санайды. Пекин "Талибаннан" осы ұйыммен байланысты үзуді бірнеше рет талап еткен еді.

"Ауғанстандағы жағдай Қытайды алаңдатып отыр. "Талибан" режимінің террористермен, олардың ішінде ұйғыр топтармен байланысы бар. Қазір Пекин олар бір-бірімен қаншалықты жұмыс істей алатынын зерттеп жатыр" дейді Фростбург университеті доценті, Қытайдың Орталық және Оңтүстік Азия елдерімен қатынасын зерттеп жүрген сарапшы Хайюнь Ма.

ПЕКИННІҢ ӘСКЕРИ АМБИЦИЯСЫ

Қытайдың Тәжікстандағы құпия әскери базасы – Қытай басшысы Си Цзиньпиннің "Бір белдеу – бір жол" бастамасының бір бөлігі саналады. Пекин миллиардтаған қаржы жұмсаған осы бастамасы арқылы Орталық және Оңтүстік Азияға экономикалық, саяси ықпалын арттыруды көздейді. Ал Душанбе Си Цзиньпиннің бұл бастамасын қуана қолдап, серіктес болған еді.

Жалпы Қытай Орталық Азия елдерімен бірлескен әскери жаттығуды жиі өткізіп, 2001 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымын (ШЫҰ) құрып, аймақ елдерімен әскери байланысын нығайтып келеді. Пекиннің ықпалы басым ШЫҰ-ға Қазақстан, Қырғызстан, Үндістан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мүше.

Қытай сарбаздары Ауғанстан шекарасына жақын жердегі мұздықта күзетте жүр. Шыңжаң, Қытай, 7 маусым 2019 ж.
Қытай сарбаздары Ауғанстан шекарасына жақын жердегі мұздықта күзетте жүр. Шыңжаң, Қытай, 7 маусым 2019 ж.

2018 жылы Гонконгтің South China Morning Post басылымы Қытайдың Ауғанстанның Вахан дәлізіндегі әскери бригадасын жаттықтырып, қаржы бөлгені жайлы жазған. Бірақ Пекин мұны жоққа шығарып, Ауғанстан жерінде Қытай әскері болмайды деп мәлімдеген.

Пекиннің аймақта әскери саладағы ықпалын күшейтуге тырысып жатқаны өз инвестициясын сақтап қалуға және Шыңжаңдағы терроризммен күресте Орталық Азия елдеріне арқа сүйеуге жасаған талпынысы.

Ал халықаралық ұйымдар мен БҰҰ Пекинді Шыңжаңда бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа мұсылмандарды жазықсыз қудалап, лагерьге қамады деп айыптайды. Батыс елдері парламенттері Қытай өкіметінің Шыңжаңдағы іс-әрекетін геноцид деп сипаттаған. Қытайдың өзі Шыңжаңдағы әрекетін "экстремизммен күрес" деп ақталуға тырысады.

Келісімге сай, қазір қытай әскерилері тәжік әскерінің орнына Тәжікстан-Ауғанстан шекарасын бақылауға алған. Тәжікстан өкілі мұны Азаттыққа растады.

– Ұйғыр содырларының жалпы саны аз, алайда Қытай олардың санын асыра сілтеп көрсетеді. Бірақ қазір Ауғанстан жихадшылар паналайтын жерге айналуы мүмкін. Сондықтан Қытайдың құрлықтағы шекарасындағы қауіпсіздікті күшейтуге толық құқығы бар, – дейді АҚШ-тағы бейбітшілік институтының Оңтүстік Азия бойынша сарапшысы Даниэл Марки.

Памир тауында әскери жаттығуға қатысып жатқан Қытай армиясы сарбаздары. Шыңжаң, Қытай, 4 қаңтар 2021 ж.
Памир тауында әскери жаттығуға қатысып жатқан Қытай армиясы сарбаздары. Шыңжаң, Қытай, 4 қаңтар 2021 ж.

ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙ БӘСЕКЕСІ

Содырлардан төнген қауіп – Қытайды Тәжікстанда бейресми база ашуға итермелеген негізгі себеп. Бірақ Пекиннің әскери нысан ашуына Ресеймен геосаяси бәсеке және тәжіктер мен тәліптер арасындағы салқын қатынас та әсер етті.

Совет одағы құлаған соң Ресей Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуші рөлін өзіне алып, бұл аймаққа ықпалын сақтап қалды. Бірақ Кремль Қытайдың Орталық Азияға экономикалық ықпал жасауына көнді.

Қазір Тәжікстан астанасы Душанбенің маңында Ресейдің жеті мың сарбазы бар әскери базасы орналасқан. Ауғанстанда тәліптер билікті қайта қолға алған соң Ресей Тәжікстанға ауыр әскери техникасы мен танкілерін де апарды.

Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның бірлескен әскери жаттығуы. Хатлон облысы, Тәжікстан, 10 тамыз 2021 ж.
Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның бірлескен әскери жаттығуы. Хатлон облысы, Тәжікстан, 10 тамыз 2021 ж.

Мәскеудегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Александр Габуевтың сөзінше, Қытай сияқты Ресейді де Ауғанстандағы жағдайдың ушығуы және ол жақты паналайтын террор топтар алаңдатады, бірақ Кремль Орталық Азияға Қытай әскері орналасуын жақтырмаған.

– [Әскери база] Ресей үшін күтпеген жағдай болды, бірақ Мәскеу Қытайдың әскери нысаны Тәжікстанда ғана болатынын түсінеді. [Кремль] Қытайдың аймаққа ықпалының артқанын қаламайды, дегенмен Қытай өңірге келген соң Ресей олармен серіктестік орнатуға тура келеді, – дейді Габуев.

Қытай мен Ресей Ауғанстан маңындағы қорғанысын арттыруға тырысып жатыр және тәліптермен қарым-қатынаста абайлап қимылдап отыр. Бірақ Кабул мен Душанбе қарым-қатынасының ушығуы Пекиннің аймақтағы амбициясына қиындық туғызып тұр.

Тәжікстанның автократ президенті Эмомали Рахмон "Талибанды" ауған халқына "қорқынышты зорлық-зомбылық жасады" деп айыптап, тәліптер билігін мойындамайтынын айтқан. Бұған қоса, Душанбе тәліптердің қаһарынан қашқан ауғанстандық бірнеше шенеунік пен саясаткерді паналатқан.

Ал "Талибан" жариялаған үкіметтің басшысы міндетін атқарушы Салам Ханифа Тәжікстаннан Ауғанстанның ішкі ісіне араласпауды талап етіп, "әр әрекетке жауап болады" деп сес көрсеткен.

Тәжіктер мен тәліптер арасындағы жағдайдың ушығуына Кремль бірден назар аударып, Ауғанстан тарапынан Тәжікстанға қандай да бір әрекет болса, қорғауға дайынбыз деп мәлімдеді.

Рид Стендиш пен Азаттықтың Тәжік қызметі дайындаған мақала ағылшын тілінен ықшамдалып аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG