Accessibility links

БАҚ-ты қолдау қорының қамаудағы басшысы қудалауға түскенін айтады


Өзбекстан тәуелсіз баспасөз құралдарын қолдау қоғамдық қорының директоры Саид-Абдулазиз Юсупов президент Шавкат Мирзияевке үндеу жасап тұр. Видеодан скриншот.
Өзбекстан тәуелсіз баспасөз құралдарын қолдау қоғамдық қорының директоры Саид-Абдулазиз Юсупов президент Шавкат Мирзияевке үндеу жасап тұр. Видеодан скриншот.

Әлеуметтік желіде Өзбекстанның тәуелсіз баспасөз құралдарын қолдау қоғамдық қорының қамаудағы басшысының ел президентіне үндеуі жарияланды. Ол өзіне қарсы "алаяқтық" бабы бойынша қозғалған істі кәсіби қызметімен байланыстырады.

Өзбекстанда тәуелсіз баспасөз құралдарын қолдау және дамыту қоғамдық қорының директоры Саид-Абдулазиз Юсупов "алаяқтық" қылмысына күдікті ретінде мамырдың 12-і күні тұтқындалды. Оны содан екі күні бұрын құқық органдары қызметкерлері ұстаған болатын. Ол тергеу аяқталғанға дейін қамауда болмақ.

Юсуповты тұтқындау туралы шешім шыққаннан кейін Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы) оның әйелі Дильфуза Юсуповамен сөйлескен еді. Ол қамауда отырған күйеуіне дәрігер көмегі қажет екенін айтады.

- Күйеуімнің жағдайы ауыр, аяғында (тамырында) тромбозы бар. Осыдан жеті жыл бұрын оған ота жасап, дерт жүрекке шаппас үшін стент қойған. Қан айналымы нашар болғандықтан аяғының ашық жарасы бар, - дейді ол.

Юсупованың сөзінше, адвокат тұтқындағы күйеуінің денсаулығы нашар екенін айтқан.

- Бізге оны көрсетпеді, бірақ дәрігер қараған соң оны тұтқында ұстауға болады деп айтты. Қазір ол Гвардия көшесіндегі түрмеде отыр, бізге кездесуге рұқсат етпеді, - деді ол.

Дильфуза Юсупова жұбайының денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деп алаңдайды.

Өзбекстан бас прокуратурасы Юсуповтың "аса ірі көлемде алаяқтық жасаған" деген күдікке іліккенін хабарлады. Бұл бап бойынша 15 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

"Юсуповтың бұған дейін де алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылғаны және сол қылмысы үшін жауапқа тартылғаны анықталды. Юсупов өзін арнайы қызметтің жауапты қызметкерімін деп таныстырып, адамдардан ұзақ уақыт алаяқтық жолмен аса ірі көлемде ақша алып келген" делінген прокуратура мәлімдемесінде.

Озодлик радиосына берген сұхбатында Дильфуза Юсупова жұбайы Саид-Абдулазиз Юсуповтың қысымға шыдамай 2017 жылы Түркияға кетіп, сол жақта өз басындағы жағдайды баяндаған сөзін видеоға жазғанын, кейін "зор үмітпен" Өзбекстанға оралған кезде әлгі таспаны бауырына бергенін айтты.

Мамырдың 12-і күні Саид-Абдулазиз Юсуповтың туысы Мұхаммад Юсупов Facebook әлеуметтік желісіне тұтқында отырған ағасының Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевке үндеуі жазылған видеоны жариялады. Бұл үндеуді желі қолданушылары қызу талқылады.

Өткен жылы қыркүйекте Түркияда жазылған видеода 37 жастағы Саид-Абдулазиз Юсупов "егер бұл бейнежазба желіде жарияланса, демек менің түрмеге қамалғанымды немесе "оқыс қазаға" ұшырағанымды білдіреді" деп мәлімдейді.

Бұдан соң ол үстінен қозғалған қылмыстық істі журналистік қызметімен байланыстырады. Ол бұған дейін Өзбекстан ішкі істер министрлігі қызметкерлері өзіне "ойдан құрастырылған айып таққанын", мектепте оқитын баласы бірнеше сағат бойы ұшты-күйлі жоғалып кеткен соң "айыбын мойындауға" мәжбүр болғанын айтады. Бұған қоса Юсупов президент Шавкат Мирзияевтің саясатын қалтықсыз қолдайтынын мәлімдейді.

Мәлім болғанындай, бұған дейін Саид-Абдулазиз Юсуповке Өзбекстан қылмыстық кодексінің "Алаяқтық" бабы бойынша айып тағылып, 2018 жылы ол шартты мерзімге сотталған.

Саид-Абдулазиз Юсупов Өзбекстанның тәуелсіз баспасөз құралдарын қолдау және дамыту қоғамдық қорын өткен жылдан бері басқарады. Бұл қор 2005 жылы сол кездегі Өзбекстан президенті Ислам Каримовтің жарлығымен құрылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG