Accessibility links

Мирзияев президенттігі де фильмге айналып үлгерді


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Шавкат Мирзияевтің туған күні ол туралы президент баспасөз қызметі әзірлеген фильм шықты. Жергілікті ақындардың бірі Ислам Каримовтің 80 жылдығына арнаған өлеңіне ұқсас жырмен қазіргі президентті де құттықтады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев шілденің 24-і күні 61 жасқа толды. Осы күні жергілікті мемлекеттік арнадан ол туралы әзірленген фильм көрсетілді. Президент баспасөз қызметі әзірлеген бұл фильм көрсетілер алдында оны сұхбат ретінде жариялаған анонс берілген. Ұзақтығы 34 минуттан асатын фильм "Жаноб президент" (Президент мырза) деп аталады.

БІРІНШІ ПРЕЗИДЕНТТІК МЕРЗІМНІҢ БІР ЖАРЫМ ЖЫЛЫ

Шавкат Мирзияев екі жылдай бұрын Өзбекстанның тұңғыш президенті, елді 27 жыл бойы басқарған Ислам Каримов қайтыс болған соң алты күннен кейін президент қызметін атқарушы ретінде билікке келген. Конституция бойынша президент қызметін атқару сенат спикеріне жүктелуі керек еді, алайда сенат төрағасы Нигматулла Юлдашев өзінің "тәжірибесіздігін" айтып, бұл миссияны атқарудан бас тартқан. Оған дейін 13 жыл премьер-министр болған Шавкат Мирзияев 2016 жылы желтоқсан айында өткен президент сайлауында 88 пайыздан астам дауыс жинап, сайлауда жеңіске жетеді. Онымен сайлауға бұрын Ислам Каримов тұсында да "кезекші кандидатқа" айналған адамдар түскен.

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған шарада билеп жүр. Оның сол жағында тұрған - сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияев. Ташкент, 1 тамыз 2007 жыл.
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған шарада билеп жүр. Оның сол жағында тұрған - сол кездегі премьер-министр Шавкат Мирзияев. Ташкент, 1 тамыз 2007 жыл.

Ислам Каримов кезіндегі саяси бағытты жалғастырады деп күтілген Мирзияев ұзақ жылдардан бері түрмеде жатқан саяси тұтқындарды босатып, қауіпсіздік саласы, шағын бизнес және сыртқы саясатта реформаларды қолға алып, өзіне белгілі бір дәрежеде жағымды келбет қалыптастыра білді. Ол бұл әрекеттерді, (мәселен шағын бизнестегі жеңілдіктер) президент сайлауына дейін-ақ бастап жіберді деуге болады. Президент қызметін атқарушы ретінде бекіген парламент жиынында сөйлегенде-ақ ол өзін Өзбекстан басшысы ретінде жариялағандай әсерде қалдырған.

Өзбекстан конституциясы бойынша президент бес жылдық екі мерзімге сайлана алады. Ислам Каримов оны сақтамағанымен, қазіргі президент Шавкат Мирзияев өзінің бірінші президенттік мерзімінің бір жарым жылын өткерді. Оның Каримов тұсында барынша көпшілік алдына шықпауға тырысқаны, баспасөз беттерінен мейлінше аз көрінгені айтылады. Президент болып сайланған соң Мирзияев өзінің тұңғыш президент жолына адал екенін айтып жүрді.

"КЕШЕГІ НӘТИЖЕ БҮГІНГЕ ТУРА КЕЛМЕЙДІ"

Шілденің 24-і күні Шавкат Мирзияев 61 жасқа толғанда Өзбекстан мемлекеттік арнасынан көрсетілген арнайы репортажда тұңғыш президент туралы мүлде айтылмады. Есесіне, фильмде сөз арасында президент Мирзияев елде "алдыңғыдай мүмкін-мүмкін емес дегеннің жоқ" екенін, "кешегі нәтиженің бүгінге тура келмейтінін" және "көзқарасты өзгерту" қажеттігі жайында сөйлеп отырады.

Сұхбат деп жарияланған осы фильмнің басында президент Шавкат Мирзияевтің ізденіс, іскерлік жайлы айтқан пікірі келтірілген. Фильмде президент журналистердің жұмысы туралы да айтып, мәліметтердің ашық болуы керектігіне тоқталады. Алайда журналистің президентке қандай сұрақ қойғаны көрсетілмейді.

"Президент мырза" фильмінде қарапайым еңбек адамы, фермер, журналист, ғалымға қоса АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі, Ресей қаржы министрі, Әлемдік банк өкілі, АҚШ-Өзбекстан сауда палатасы басшысы сөйлеп, Өзбекстандағы қазіргі жағдай туралы айтып өтеді.

Фильмде ескі үйлердің бұзылып, орнына жаңа ғимараттар салынғанын және түрмеден шыққан адамдардың жақындарымен табысатын тұсын көрсететін көріністер бар.

КАРИМОВ ТЕ, МИРЗИЯЕВ ТЕ ПАДИШАХ ПА?

Өзбекстан ақындарының бірі, өлеңдерін әлеуметтік желіге шығарып отыратын 71 жастағы Муроджон Рахмонов мемлекет басшысының туған күніне байланысты президент Шавкат Мирзияевке өлең арнап, Facebook желісіне жариялады.

Ол бұл туралы Азаттық радиосының Өзбек қызметіне берген сұхбатында президент Шавкат Мирзияевтің "ізгі істерін көріп тұрып, мойындауды өзіме парыз деп білдім" дейді. Ақын өлеңінде президентті "патша", "падишах", "шах" деп атап, әлемде осындай дана басшыны көрмегенін, оның ісіне тіпті Еуропа да қайран қалғанын айтады. Муроджон Рахмонов бұл өлеңінде Мирзияевті күнге де теңейді. Үйсіздің үйлі болғанын, жұмыссыздың жұмысқа тұрғанын айта келіп, ақын қайғы-мұң жоғалды дейді.

Ей, ұлы жұрт падишахы, ей, дана әке,

Сізге мәңгі құрмет, махаббат жарасар.

Сіз жастық шағыңыздан бүгінге дейін

Бақытты өмір үшін күрескен басшысыз.

Мемлекетті жасандырған, гүлдеткен сәруарсыз, - деп дәріптейді өзбек ақыны ел басшысын.

Муроджон Рахмонов әлеуметтік желіде бұған дейін, қаңтардың 30-ы күні, яғни марқұм Ислам Каримовтің 80 жылдығына арнап осыған ұқсас жыр жариялаған. "Қымбатты юртбашыға" деген әлгі өлеңінде ақын Ислам Каримовті "ұлы халық атасы", "ұлы тұлға" деп атайды да "Сізге мәңгі құрмет, махаббат жарасар" деп жоғарыдағы өлең жолдарын тұтастай қайталайды. Өлеңде Каримов тұсында да үйсіздің үйлі болғаны, панасыздың пана тапқаны туралы айтылады.

Өзбекстандық ақын Муроджон Рахмоновтың Ислам Каримов пен Шавкат Мирзияев туралы әлеуметтік желіде жариялаған өлеңдерінің скриншоты.
Өзбекстандық ақын Муроджон Рахмоновтың Ислам Каримов пен Шавкат Мирзияев туралы әлеуметтік желіде жариялаған өлеңдерінің скриншоты.

АРНАУҒА ТОЛЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Осыған дейін Өзбекстанда әнші Дилфуза Исмоилова ел президенті Шавкат Мирзияев туралы "Сол көркем жұрт сұлтаны аман болсын" деген әнді орындаған еді. Азаттықтың Өзбек қызметіне берген сұхбатында әнші бұл әннің Шавкат Мирзияев президент болып сайланған 2016 жылдың желтоқсанында "шын ниетпен" шығарылғанын айтқан. Осы сұхбаттан кейін Өзбекстан мәдениет министрлігі президентті сұлтанға теңеген әнді "жағымпазды үлгісі" деп тауып оны шырқауға тыйым салған.

Орталық Азияда Қырғызстаннан басқа елдерде президент көп ауыса бермейді. Есесіне, оларға арналған әдебиет, өнер туындылары көптеп саналады. Тәжікстан президенті туралы "Пешвои миллат" (Ұлт көшбасшысы) әні мен оның аудио-кітаптары тараған, Қазақстан президенті туралы туған күнінде көрсететін кино-эпопеяға қоса әндер мен әдеби шығармалар баршылық. Бұған қоса олар туралы спектакль мен пьеса да бар.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылу салтанатында. Бұл шара оның туған күні қарсаңында ұйымдастырылған. Астана, 5 шілде 2018 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылу салтанатында. Бұл шара оның туған күні қарсаңында ұйымдастырылған. Астана, 5 шілде 2018 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірер сөзін өзгерткені үшін мемлекеттік гимн авторларының біріне айналған.

Президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің әні былтыр Түркіменстанда өткен Азиада ойындарының гимні болды. Түркіменстанда Бердімұхамедовтің анасы туралы ән шырқалса, әкесі туралы спектакль да қойылған. Түркіменстанда ресми телеарна президенттің ауық-ауық шырқаған әндері туралы да хабарлап тұрады. Бірақ Өзбекстанда бұрынғы президент Ислам Каримов тұсында оны әспеттейтін әрекеттерге тыйым салғаны айтылады.

(Мақала авторының пікірі Азаттық радиосының ұстанымын білдірмейді.)

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG