Accessibility links

Талибанмен келіссөз Орталық Азияға қалай әсер етпек?


Ауғанстанның солтүстігіндегі Талибан жасағы. (Көрнекі сурет.)

Ауғанстандағы бітім үшін елдің кейбір аймақтарына бақылау орнатқан Талибан қозғалысымен келіссөз жайы талқыланған кезде Тәжікстан мен Ауғанстан бір-бірін айыптады. Ал тәліптермен келіссөздің бола қоятындығына сарапшылар күмәнмен қарайды.

Осы аптада Ауғанстан сыртқы істер министрі Душанбеге сапарлап, ауған-тәжік арасында туындаған келіспеушіліктерді талқылады. Соңғы екі айда ауғандықтар «Тәжікстан Ресейдің көмегімен Талибан ұйымына жәрдемдесіп жатыр» деп айыптаған. Тәжікстан оны жоққа шығарды.

РЕСЕЙДІҢ АТЫ АТАЛҒАН АЙЫПТАУЛАР

Азаттық радиосы Тәжік қызметінің хабарлауынша, өткен жылдың соңында Кундіз провинциясының экс-губернаторы Умар Суфи пуштун «Spogmai» радиосына берген сұхбатында «Тәліптер бұзылған немесе соғыс барысында иеленген танкілер мен ауыр техниканы Тәжікстанға жіберіп, оны Тәжікстанда Ресей мамандары жөндеп кері қайтарып отыр» деген. Тәжікстан сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемені ауған қоғамы алдында Тәжікстанның негативті бейнесін қалыптастыруға бағытталған «провокация» деп атады.

Мұның артынша Ауғанстанның Ресейдегі елшісі Абдулкаюм Кучай ауғандық видеоблоггер Шафе Аёруға берген сұхбатында Тәжікстанда ауған жері арқылы өтетін наркотрафикпен айналысатын мафиоздық топтардың барын айтқан. Кучай «Ауғанстанда өсірілетін есірткінің артында орыстар мен тәжік мафиясы тұр» деген.

Ресей сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің екінші хатшысы Замир Кабулов.
Ресей сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің екінші хатшысы Замир Кабулов.

Бұл Тәжікстан мен Ресейдің шамшылдығын қоздырған. Ресей сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің екінші хатшысы Замир Кабулов «Известия» газетіне берген сұхбатында мұны Тәжікстан басшылығы, үкіметі және мемлекетін қорлайтын мәлімдеме деп бағалаған. Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Кабулдан түсінік талап етіп, Ауғанстан елшісіне қатысты нақты шаралар қабылдауды сұраған. Ауғанстан сыртқы істер министрлігі елшінің мәлімдемесін оның жеке пікірі деп бағалап, елдің сыртқы саясатымен сәйкес келмейтіндігін айтып, мәлімдеме жариялаған. Кейінірек Ауғанстан парламентінің депутаты Абдувадуд Паймон Ресейдің тәжік-ауған шекарасы арқылы тәліптерге жасырын түрде қару жеткізіп жатқандығын айтқан. Алайда Тәжікстанның Ауғанстандағы елшісі Шарофиддин Имомов 13 ақпан күні Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында бұл мәліметті өтірік деп жариялады.

13 ақпанда Тәжікстан шекаралық әскерлер бас басқармасының баспасөз хатшысы Мухаммад Улугходжаев Пяндж өзенінің Дашти Арчи және Даркаде тұсынан Ресей қаруы қайықтармен тасымалданады деген ақпаратты жоққа шығарып, өзеннің бұл бөлігінен қайық жүре алмайтындығын мәлімдеді.

Талибан күшіне қарсы тұруға дайындалып жатқан жергілікті полиция жасағы. Гильменд уәляаты, Ауғанстан, 31 қаңтар 2017 жыл.
Талибан күшіне қарсы тұруға дайындалып жатқан жергілікті полиция жасағы. Гильменд уәляаты, Ауғанстан, 31 қаңтар 2017 жыл.

Соңғы кездері Ауғанстан солтүстігінде экстремистік топтар бас көтеріп, Тәжікстанның оңтүстігіне төнген қатер қоюлай түскен. Ауғанстанның Тәжікстанмен шекаралас Кундуз, Бадахшан уәлаяттарында тәліптер мен үкіметтік күштер арасында кескілескен қақтығыс жиі болады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, бұл аймақтарға Өзбекстан исламдық қозғалысы жасақтары да бекінген.

Тәжікстан мен Ауғанстан арасында осындай мәселелер туындаған жағдайда, 16 ақпанда Душанбеге Ауғанстан сыртқы істер министрі Салахуддин Раббани сапарлап, екі ел арасындағы айыптау қарқынын басып қайтқандай болды.

«АУҒАН ПРОБЛЕМАСЫНДА СУБЪЕКТІЛЕР ТЫМ КӨП»

Тәжікстан - Орталық Азияда Ауғанстанмен іргелес ең ұзақ шекараға ие ел. Бұл шекараның ұзындығы 1400 км жерге созылып жатыр. Айтылған дипломатиялық дау Ауғанстанда бітім орнату үшін тәліптерді келіссөзге тарту мәселесі талқыланған кезде өріс алып отыр. Қазір Ауғанстан аумағының үштен бірін бақылап отыр деп саналатын тәліптер Кабулдағы орталық үкіметпен келіссөздің шарты ретінде елдегі НАТО әскерінің шығарылуын талап етіп келеді.

Ауғанстанның Кундуз қаласы, 4 қазан 2016 жыл.
Ауғанстанның Кундуз қаласы, 4 қазан 2016 жыл.

Қазақстандық сарапшы Сұлтан Әкімбеков Азаттық радиосына берген сұхбатында ауған бітімі мәселесінде мынандай жайларды ескеру керектігін айтады.

- Қазір Ауғанстанда билік жергілікті жерде әртүрлі топтардың: жергілікті қауымдар, тайпалар мен дала командирлерінің қолына шоғырланған. Олардың кейбірі орталық билікке бейілді. Кейбірі Иранға, кейбірінің Пәкістанға іші бұрады. Біреулер Талибанға іш тартады. Мәніс мынада – ауған проблемасында субъектілер тым көп. Олардың әрқайсысы өз мүддесіне сай қимылдағысы келеді, - дейді Сұлтан Әкімбеков.

Оның айтуынша, Талибанды Ауғанстандағы субъектінің бірі ретінде ғана танып, келіссөз жүргізудің мүмкіндігі бар.

- Мәселен, «Хизб-и ислами» («Исламдық партия» - Азаттық) партиясының жетекшісі Гүлбеддин Хекматьярмен келіссөз болды ғой. Бұл да кезінде айтарлықтай қаһарлыұйым болатын. Оны кезінде көбі террористік радикалды ұйым деп санаған еді, - дейді сарапшы.

Сұлтан Әкімбеков Ауғанстанда әртүрлі мемлекеттердің мүддесі тоғысып жатқанына да назар аудартады.

- Америкалықтар біресе Ресей Талибанмен байланысты қолдайды десе, біресе Иран Талибанды қолдап қару береді дейді. Мұның қаншалықты шындыққа жанасатынын біз білмейміз. Осының бәрі сыртқы елдердің араласуымен ауғанішілік реттеу барысында болып жатқан жағдайлардың көрінісі. Талибанның пайда болуы, жоғалуы, қайтадан пайда болуынан берменгі жағдайды қарасақ, мәселенің бір ұштығы Пәкістанмен жалғасады. Генерал Николсон (АҚШ-тың Ауғанстандағы күштерінің қолбасшысы Джон Николсон – Азаттық) конгрессте ауған бітімі үшін Иран және Пәкістанмен мәмілеге бару мәселені көбейтеді деп жариялады ғой. АҚШ-тың Иранмен және Пәкістанмен қатынасы да күрделі болып келеді. Дегенмен бұл мәлімдемелер державалардың бәсекелестігінен шығып отыр ма, әлде шынымен Ауғанстанның ішкі жағдайын реттеуден туындап отыр ма – белгісіз, - дейді ол Азаттыққа.

Қазақстандық сарапшы бітім келіссөзінің өткізілуін оң қадам деп бағалайды.

- Келіссөзде тараптардың пікірлері ескерілуі керек. Талибан да пуштун тұрғындарының бір бөлігін танытатын тарап. Орталық Азия үшін, әсіресе, Тәжікстан үшін Ауғанстанда тыныштық орнағаны керек. Орталық Азияда шекаралық елдер үшін қауіпсіздік мәселесі маңызды. Ауғанстан - Орталық Азия елдері үшін оңтүстік теңіздері мен порттарына шығатын қолайлы бағыт. Бұл экономикалық жағдайды жеңілдетуі керек. Ал келіссөзде сыртқы державалар мен ішкі субъектілер арасында тепе-теңдік орнауы маңызды, - дейді Сұлтан Әкімбеков.

«ТӘЛІПТЕР ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ»

Тағы бір қазақстандық сарапшы Расул Жұмалы Талибанмен келіссөзге күманмен қарайды.

- Талибанның радикалды діни бағыттағы ұйым екенін ескеру керек. Тоқсаныншы жылдары билік басында болған Талибанның мемлекеттік құрылымға деген көзқарасы айтарлықтай өзгерген жоқ. Талибанмен келіссөз өткен күннің өзінде Ауғанстандағы басқа күштер оны мойындай ма? Тәліптердің мақсаты – біреу: билік басына келіп ислам халифатын орнату. Келіссөз бола қалса, тәліптер тарапынан барлық топ бірдей қатысады деуге тағы негіз жоқ. Бірлі-жарым тәліптік топтар өкілдері қатысқан келіссөз жемісті болмайды, - дейді Расул Жұмалы.

Тәжік-ауған шекарасындағы Тәжікстан әскері. 7 наурыз 2016 жыл.
Тәжік-ауған шекарасындағы Тәжікстан әскері. 7 наурыз 2016 жыл.

- Қазір Ауғанстанда өзара қырқысып жатқан топтардың басқаларға қауіп төндіруі төмен дәрежеде. Дегенмен тәліптер әскери ықпалын кеңейтетін болса, көршілес жатқан Орталық Азияға қатер төндіруі мүмкін, - дейді сарапшы.

Расул Жұмалы Ресейдің Ауғанстандағы жағдайды реттеуге қатысты аймақтық мәселелерге араласуын «ықпал жинау дәмесі» ретінде таниды.

- Ресейдің тиісті саяси, әскери әлеуеті, қаржылық мүмкіндіктері шектеулі. Мұндай бастамалар таза дипломатиялық деңгейде қалуы әбден мүмкін. Іс жүзінде Ауғанстандағы күштерді бір-бірімен татуластыруға, сол арқылы Ауғанстанда өзінің ықпалын орнатуға Ресейдің мүмкіндігі жоқ. Бұл көбіне декларация деңгейінде қалатын шаралар,- дейді Расул Жұмалы Азаттық радиосына.

Еске сала кетсек, 15 ақпанда Ресей, Ауғанстан, Пәкістан, Қытай, Иран және Үндістанның арнайы өкілдері Ауғанстандағы бітім мәселесі бойынша Мәскеуде арнайы кездесіп пікір алмасқан. Жиналғандар Ауғанстандағы бітім мәмілесіне алдағы уақытта Орталық Азия елдерін де тартуды ұйғарған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG