Accessibility links

«ОА-дағы экономикалық дағдарыс кесірі демократияға тиді»


Солдан оңға қарай: Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.
Солдан оңға қарай: Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Өзбекстан президенті Ислам Каримов, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.

Жақында Freedom House өтпелі кезеңдегі 29 мемлекеттің адам құқықтары ахуалын талдаған есебін жариялады. Бұл есепке Орталық Азиядағы бес мемлекет те кірген.

Жыл сайын дайындалатын бұл есепте адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтау көрсеткіштері бойынша мемлекеттердің рейтингі түзіледі.

Орталық Азиядағы бес елдің екеуі – Түркіменстан мен Өзбекстан жыл сайын тізімнің ең соңында болса, биыл Қазақстан мен Тәжікстанның көрсеткіштері күрт төмендеп, олар да төмен сырғыған.

Freedom House-тың биылғы есебінің жай-жапсарын талдап, Орталық Азия (ОА) елдерінің көрсеткіштеріне тереңірек үңілу үшін Азаттық радиосының Түркімен қызметі арнайы талқылай (дөңгелек үстел) өткізді.

Әдеттегідей Азаттықтың Түркімен қызметінің жетекшісі Мухаммад Тахир жүргізген пікірталасқа Freedom House ұйымының өтпелі кезең елдері рейтингі жобасы директоры Нейт Шенккан (Вашингтон) және Экзетер университетінің ғалымы, Тәжікстан туралы биылғы есептің авторы Эдвард Лемон (Лондон) және мен (мақала авторы Брюс Панниер) қатыстым.

- Мұнайдың бағасы құлдырап, Ресейге салынған санкциялар күшіне ене бастағанда ОА сарапшылары «бұл оқиғалар аймақ елдеріне ауыр зардабын тигізеді» деп болжаған. Былтырдан бері сол зардаптарды көзбен көріп отырмыз, - дейді Шенккан.

Эдвард Лемон Тәжікстанның рейтингі неліктен былтырғымен салыстырған биыл тым қатты құлдырап кеткенін түсіндірді.

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевты сотқа әкеле жатқан полицейлер. Қазақстан, Алматы, 29 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевты сотқа әкеле жатқан полицейлер. Қазақстан, Алматы, 29 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

- Бір жағынан саяси партияларға қысым күшейді, заңгерлерді, соның ішінде адам құқықтарын қорғап жүрген белгілі адвокаттарды, Тәжікстандағы [оппозициялық] Ислам өркендеу партиясы мүшелерін, беделді оппозициялық ұйым – «24 тобы» мүшелерін тұтқындады, бұл ұйымның басшысына [2015 жылғы] наурызда Стамбулда қастандық жасалды, - деді сарапшы.

Мұнымен қоса, «[Тәжікстан президенті] Эмомали Рахмонның билігі нығая түсті, оған «ұлт көшбасшысы», «бейбітшілік ұйытқысы» деген атақтар берілді. Бұл елдегі адам құқықтары саласында былтыр өте үлкен [жағымсыз] өзгерістер болды» деді Лемон.

Көмірсутегі шикізаты бағасының күрт құлдырауы Қазақстанға да көп залалын келтірді. Бұл елдің ұлттық валютасы (теңге) 2015 жылғы шілде мен 2016 жылғы қаңтар аралығында екі есе құнсызданды,

ӘДІЛЕТСІЗ САЙЛАУ

- Қазақстанда 2015 және 2016 жылдары жалған сайлаулар өтті, бұлар азаматтардың саяси процеске қатысуы немесе биліктің есеп беруінен гөрі қазіргі режимді қайта заңдастыру науқаны рөлін атқарды, - деді Шенккан.

Қазақстанда 2015 жылғы сәуірде өткен ерте президент сайлауы мен 2016 жылғы наурызда өткен ерте парламент сайлауында президент Нұрсұлтан Назарбаев пен ол басқаратын «Нұр Отан» партиясы жеңіске жетті. Сарапшылардың көбі «Назарбаев экономикалық дағдарыстың салдарынан президенттің және ол басқаратын партияның ықпалы төмендеп кетпей тұрғанда сайлау өткізіп алғысы келді» деген тұжырым жасады.

Онсыз да аз қалған тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым жасалды, тіпті блогшылардың үстінен іс қозғалды, олардың кейбірі «әлеуметтік, ұлттық, тектік, нәсілдік, топтық және діни араздықты қоздырды» деп айыпталды.

Красноярск өңірінде жұмыс істеп жүрген өзбекстандық мигранттар. Ресей, 7 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Красноярск өңірінде жұмыс істеп жүрген өзбекстандық мигранттар. Ресей, 7 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейде маусымдық жұмыс істеп жүрген Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан азаматтарының елге жіберетін ақшалары да күрт азайып, мұның кесірі осы елдердің экономикасына тие бастады.

Тәжікстан мен Өзбекстанда және ірі газ экспорттаушы ел – Түркіменстанда биліктің ресми идеологиясына сәйкес «гүлденген елде өмір сүріп жатырмыз» дегенге сенбейтіндерге қысым күшейді.

Сарапшылардың пікіріне қарағанда, мұның барлығы – осы елдердің үкіметтерінің қателіктері нәтижесі. Шенкканның айтуынша, үкіметтер мұндай өзгерістерге төтеп беріп, экономиканы түзете алатындай механизмдер жасамаған. Экономикалық мәселелерді шешудің орнына ОА елдері сын пікірлерді басып-жаншып, оппозицияны тұншықтыру әдістерін күшейткен.

ҚАРЖЫЛАЙ КӨМЕК ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Дегенмен, ОА елдері негізгі сауда әріптестері саналатын екі мемлекет – Ресей мен Қытайдағы экономикалық жағдайға да, әлемдік нарықтағы мұнай мен табиғи газ бағасына да әсер ете алмайтыны түсінікті. Аймақтағы бес ел де дағдарыстан шығу үшін сырттан келетін қаржыға мұқтаж.

Сондықтан пікірталасқа қатысушылар Батыстың ОА елдеріне қаржылай көмек беру мүмкіндігін де талқылады. Аймақ елдеріне жәрдем бере алатын халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер көп. Бірақ ОА елдерінде жемқорлық деңгейі жоғары болғандықтан, кез келген қаржылай көмек халыққа жетудің орнына адамдардың құқықтары мен бостандықтарына аз көңіл бөлетін автократиялық режимдерді нығайтуға жұмсалуы мүмкін.

Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Барак Обама. Нью-Йорк, 29 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Солдан оңға қарай: Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Барак Обама. Нью-Йорк, 29 қыркүйек 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Лемонның айтуынша, Ауғанстандағы террорға қарсы соғыс барысында Батыстың ОА елдеріне қатысты стратегиясы да, қаржылай көмек нысаны да өзерген. Сарапшы «Батыс мемлекеттері мен халықаралық қаржы ұйымдары қауіпсіздікті саяси реформадан және адам құқықтарынан жоғары қойып отыр, сол арқылы олар аймақ үкіметтеріне «керітартпа әрекеттеріңді жалғастыра беріңдер, біз қорғаныс саласын қолдап, дамуларыңа ақша бөлеміз» дегенді аңғартып отыр» дейді.

Шенкканның сөзіне қарағанда, «Батыстың мұндай біржақты саясатының кесірінен әлі де бір саты жоғары тұрғанына қарамастан, Қазақстан да тізім соңындағы Өзбекстан мен Түркіменстанға жақындап қалды, Тәжікстан да тездетіп сол қатарға құлдилап барады».

Биылғы есепте тек Қырғызстан ғана былтырғыдан жақсы нәтиже көрсетіп, рейтингте жоғары көтерілген. Оның бір себебі - 2015 жылдың қазан айында өткен парламент сайлауы. Бұл науқанды ОА-да өткен әділ әрі демократиялық сайлау деп бағалауға болады. Дегенмен пікірталасқа қатысушылар Қырғызстанда да адам құқықтарына қатысты мәселелердің бар екенін айтты.

Талқылаудың ағылшын тіліндегі толық аудио нұсқасы:

Majlis Podcast: Freedom House Report
please wait

No media source currently available

0:00 0:38:00 0:00
Жүктеп алу

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG