Accessibility links

Қырғызстандағы сайлаудың осы жолғы сипаты


Ерлер «Ата Мекен» партиясының сайлауалды насихат материалдарын қарап отыр.
Ерлер «Ата Мекен» партиясының сайлауалды насихат материалдарын қарап отыр.

Қырғызстандағы парламент сайлауы науқаны мәресіне жетіп қалды. Елдегі 5 миллион 800 мың халықтың жартысына жуығы қазанның 4-і күні дауыс беруге құқылы.

Совет Одағының сарқыншағы болған ескі үкімет биліктен кеткен «Қызғалдақ» төңкерісінен (2005) кейінгі 10 жыл ішінде қырғыз елі сан түрлі әлеуметтік-саяси қиындықтарды бастан кешірді. Дегенмен демократия мен сөз бостандығы бойынша ілгерілеген Қырғызстан авторитарлық басшылар мен әулеттер билеген Орталық Азия (ОА) аймағындағы «демократия аралы» атағын сақтап келеді.

Азаттық радиосының блогшысы Брюс Панниер екі апта бойы елдің түкпір-түкпірін аралап, сайлау қарсаңындағы халықтың көңіл-күйін бақылап қайтты. Ал сайлау күні ол ел астанасы – Бішкекте болмақ. Азаттық оның блогын ұсынады.

Сонымен, жексенбіде болатын парламент сайлауының ең маңызды тұстары қандай?

ҚАЙ ПАРТИЯНЫҢ АРЫНЫ БАСЫМ?

Бұл жолы Жогорку Кенештегі (Қырғызстан парламенті – ред.) 120 депутаттық орынға 14 саяси партия таласып жатыр. Қырғыз Республикасы парламенттік республика болғандықтан әрі заң шығарушы орган тек бір ғана палатадан тұратындықтан, бұл сайлау – ел өміріндегі ерекше маңызды оқиға.

Ел аралай жүріп жұрттан естіген әңгімемді қорытындыласам, әрі көшедегі баннерлеріне, постерлері мен көліктерге жапсырылған жарнамаларына қарасам, Қырғызстанның Социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) үлкен басымдықпен жеңеді деп ойлаймын.

Бір жағынан халық бұл партияны президент Алмазбек Атамбаевтың партиясы деп санайды, алайда ол заң талабы бойынша президент болып сайлана салысымен бұл саяси ұйымның қатарынан шығып кеткен.

Одан өзге «Ата Мекен», «Республика – Ата Журт», «Бир бол», «Қырғызстан» және «Бутун Кыргызстан - Эмгек» (Бүтін Қырғызстан - Еңбек) партиялары жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын. «Ар-Намыс» партиясы да бірнеше орынға ие болуы мүмкін.

Ал шет елдерде жұмыс істеп жүрген 500-800 мыңдай азаматтың азғантай бөлігі ғана дауыс бермек. Елде дауыс беретін 2 миллион 500 мыңдай сайлаушы бар екенін ескерсек, халықтың біраз бөлігі сайлауға қатыса алмайды деген сөз.

Бір адам бірнеше рет дауыс бермес үшін осы жолы алғаш рет биометрикалық мәліметтер қолданылмақ. Биометрикалық ақпараттар құзырлы орындардың қолына тиіп, пайдаланылуы мүмкін деп үрейленген кей азаматтар сайлауға қатыспауға, яғни дауыс бермеуге бекініп отыр.

ӘДІЛ САЙЛАУДАН ҮМІТ БАР МА?

Әзірге азаматтарға партиялар жайлы ақпараттар жетіп жатқанын, электораттың үгіт науқанына қатысу белсенділігін, саяси партиялар мен кандидаттардың өз ой-пікірлерін халық арасына таратуы кедергісіз болғанын ескерсек, сайлау науқаны демократия талаптарына сай өтіп жатыр деп айтуға болады.

Алайда соңғы пікірді сайлау күні дауыс берудің қалай өткеніне, жаңа биометрикалық жүйенің қалай жұмыс істегеніне, дауыстардың бұрмаланбай, ұрланбай дұрыс саналуына қарап қана айтуға болады.

Кейбір партиялар мұның алдындағы «сайлауда дауыстарды санау процесіне араласу, сайлау учаскелерінде заң бұзу фактілері болды» деп шағым айтқан. Бұдан біраз дау шыққан.

кандидаттар жөнінде ақпарат оқып тұрған әйел. Қырғызстан, 30 қыркүйек 2015 жыл.
кандидаттар жөнінде ақпарат оқып тұрған әйел. Қырғызстан, 30 қыркүйек 2015 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы бақылаушылары 2010 жылғы парламент сайлауына «демократиялық процестерді алға жылжытқан сайлау болды» деп оң баға берген еді. ЕҚЫҰ бақылаушылары бұл жолғы сайлауды да қадағаламақ.

САЙЛАУДАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР

Халықтың көбі экономикалық мәселелерді алдымен айтады. Елде жұмыссыздық бар. Әсіресе сайлаушыны шетелдерде қара жұмыс істеп жүрген қырғызстандықтар проблемасы алаңдатады. Тілдескен кісілердің көбі «жақсы жұмыс табу үшін азаматтарымыздың шетел асуы – бетімізге шіркеу» дейді.

Бұдан кейін көп қозғалатын мәселе – қымбатшылық. Бұлардың барлығы Қырғызстан үкіметі еш тоқтата алмайтын объективті құбылыстар. Олар – рубльдің, теңгенің және юаньның құнсыздануы. Бұл үш ел де Қырғызстанның басты сауда әріптестері.

Оның үстіне халықтың көбі бұрыннан келе жатқан саясаткерлерден жалыққан, олар үкіметке жаңа адамдардың келгенін қалайды.

«КҮНГЕЙ» МЕН «ТЕРІСКЕЙДІҢ» ҮМІТІ

Қырғызстан дегенде бұл елдің оңтүстік және солтүстік болып бөлінетінін естіп жатамыз. Мұның сайлауға әсері бола ма? Бұл – өте күрделі сұрақ. Елді Тянь-Шань тауы екіге бөліп жатыр. Қырғызстанның солтүстігінде өнеркәсіп жақсырақ дамыған болса, оңтүстігі ауыл шаруашылығына көбірек машықтанған. Оңтүстік өңірде кісі саны көбірек, әрі оларда ислам дінінің рөлі күштірек.

Менің байқауымша, оңтүстіктегі халық алдағы сайлауға көбірек үміт артады, жаңа үкіметтен тың жобалар күтеді.

Ал солтүстік тұрғындары науқан барысын жіті бақылап отырғанымен, бұл сайлаудан онша көп нәтиже күтпейді. Саяси партиялар оларға ақпаратты көбірек беріп, таңдау мүмкіндігін жасағанына қарамастан, солтүстіктегілер жаңа үкімет бірдеңені өзгерте қояды дегенге онша сенбейді.

МӘСКЕУ САЙЛАУДЫ БАҚЫЛАП ОТЫР МА?

Әрине. Бірақ Мәскеу дауыс берудің нәтижесінен онша қорқып отырған жоқ, себебі партиялардың барлығы Ресейді Қырғызстанның негізгі әріптесі деп мойындайды. Бішкек Кремль бастаған Еуразия экономикалық одағының құрамына өтіп жатқанда әрі жұрттың көбі бұл өзгеріс елдің экономикалық жағдайын түзетуге мүмкіндік береді деп үміттеніп отырғанда жаңа үкімет Мәскеуден іргесін аулақ сала қояды деуге еш негіз жоқ.

Діни экстремизм қаупі және бар. Мұндағылардың көбі егер Қырғызстанға бірдеңе бола қалса, ең алдымен Мәскеу көмекке келеді деп үміттенеді.

АЙМАҚТАРҒА ӘСЕРІ

Сайлаудың насихат плакаты жапсырылған көлік жанынан өтіп бара жатқан әйел. Бішкек, 1 қазан 2015 жыл.
Сайлаудың насихат плакаты жапсырылған көлік жанынан өтіп бара жатқан әйел. Бішкек, 1 қазан 2015 жыл.

Егер Қырғызстан ашық та әділ сайлау өткізсе, халық оның нәтижелерін қабылдаса және жаңа үкімет науқан кезінде берген уәделерін жүзеге асыратындай тиімді жұмыс істей бастаса, онда бұл басқаларға үлгі болатыны айқын.

Орталық Азиядағы басқа төрт елдің үкіметі ашық сайлауда жеңіске жетіп, басым көпшіліктің қолдауына ие болған үкіметке атқарушы биліктің ың-шыңсыз тапсырылғанын әрі оның жақсы жұмыс істеп кеткенін халық көргенін әсте қаламас еді.

Ал сайлау дұрыс өтсе, бұл елдердің халқы үшін Қырғызстан үлгі тұтатын аймақтық модель болмақ.

ИСЛАМ ФАКТОРЫ БАР МА?

Мұны байқамадым. Әрине, мұндағы мұсылмандар арасында сайлау – ең көп талқыланатын тақырыптың бірі. Оның үстіне кейбір партиялар қатарында консервативтік діни бағыт ұстанатын кісілер бар.

Дінбасылардың халықты сайлауға қатысуға үгіттеп жатқанын байқадым, бірақ «мына партияға дауыс бер» деп жол нұсқаған ешкімді көрмедім.

САЙЛАУ СОҢЫ ТҰРАҚСЫЗДЫҚҚА ҰЛАСПАЙ МА?

Қырғызстанда 2005 жылы «Қызғалдақ» төңкерісі сайлаудың нәтижесіне күдіктенген тараптардың дауынан басталған еді. Бұл сайлаудан соң да ондай қауіп туындауы мүмкін бе?

Меніңше, халықтың жаңа үкіметке тым көп үміт артып отырғаны – ең үлкен қауіп. Жаңа үкімет сайлау науқаны кезінде берген уәдесін орындай алмаса немесе сайлауға қатысты бір дау шығып, халық ол әңгімеге иланса, онда жағдай ушығып, әділ сайлау өткізбек болып жатқандардың еңбегі еш кетуі де ықтимал.

Қысқаша айтсақ, Қырғызстан қиын жағдайда тұр. Экономикалық мәселелерді былай қойғанда электр энергиясы және жылыту мәселелері, Өзбекстанмен және Тәжікстанмен арадағы шешілмеген шекара дауы, жемқорлық сияқты басқа да проблемалар бар. Әлемде ең таза, ең әділ сайлаудың өзі бұл мәселелерді бір күнде шешіп бере алмайды.

Сайлау қарсаңындағы Қырғызстан (репортаж орыс тілінде):

Кыргызстан накануне выборов
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:29 0:00

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG