Accessibility links

Орталық Азияның мұнайлы тұсында тұщы су тапшы


Каспий теңізі Қашаған кен орнындағы жасанды D аралы. 21 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Каспий теңізі Қашаған кен орнындағы жасанды D аралы. 21 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Орталық Азиядағы 68 миллионға жуық тұрғынның басым көбі аймақтың шығысында тұрады. Себебі өлкенің батысын екі ірі шөл дала – Қызылқұм мен Қарақұм алып жатыр.

Орталық Азияның көмірсутек кені батыс бөлігінде жатыр. Аймақты жандандырып, мұнай мен табиғи газдың мол қорын игеру үшін ондағы мемлекеттер әрқилы әрекет жасап көрді. Бірақ Батыс Қазақстан мен Түркіменстан билігі тұрғындарды судың жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз ету әдісін таппай келді. Енді осы мәселенің шешімі табылған тәрізді. Қазақстанның оңтүстік-батысындағы Маңғыстау облысының шенеуніктері су тазалайтын зауыт салуға Каспий теңізін пайдаланбақ.

МАҢҒЫСТАУҒА ЗАУЫТ САЛУ ЖОБАСЫ

Облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев қыркүйектің соңында зауыт құрылысына қатысты жоспарымен бөлісті. Қазақстандық Kursiv.kz сайтының жазуынша, Қарасаев зауыттың Маңғыстау облысындағы Қарақия ауданында салынатынын айтқан. Бұл – облыстың ең оңтүстік ауданы. Қарақияның батысында Каспий теңізі, оңтүстігінде Түркіменстан, ал шығысында Өзбекстан тұр.

Маңғыстау облысы – Қазақстанның ең ірі мұнай өндіруші аймақтарының бірі. Сондықтан су тұщыту зауытына мемлекеттік мұнай және газ компаниясы «ҚазМұнайГаздың» қосалқы демеуші болары таң қалатын жайт емес.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Техникалық қосымша демеушісі «ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы «ӨзенМұнайГаз» болмақ. Қарасаевтың айтуынша, зауыт алдымен «ӨзенМұнайГаз бен тұрғындардың қажетін өтеу үшін және тұщы су тапшылығын азайту үшін» салынбақ.

Маңғыстау облысы тек мұнайымен ғана маңызды емес, Қазақстандағы екі ірі Каспий порты Ақтау мен Құрық та осында орналасқан. Құрық порты – Қарақия ауданының әкімшілік орталығы. Қазір ондағы нысандар салынып жатыр. Сондықтан қалаға танкерлерді тиеу үшін жаңа мұнай терминалы керек. Бұл жер Қазақстанның теңіздегі кен орны Қашағаннан мұнай әкелетін Ескене-Құрық құбырының соңғы нүктесі болады деп бекітілген. Құрықтан Әзербайжанның астанасы Бакуге апаратын құбырды жалғау үшін Транскаспий құбыр желісін салу жоспары да бар. Мұны Әзербайжанның энергетика министрі хабарлады.

Каспий теңізі Қашаған кен орны маңындағы жайылма су. (Көрнекі сурет)
Каспий теңізі Қашаған кен орны маңындағы жайылма су. (Көрнекі сурет)

Маңғыстау облысында қазір 500 мыңға жуық тұрғын бар. Мұнай өндіру және кеме жасау кәсіпорындары артса алдағы жылдарда бұдан да көбейері анық. Демек суға сұраныс та артады.

Облыстағы әлеуметтік жағдайды да айтпай кетуге болмайды. 2011 жылдың желтоқсанында полиция шеруге шыққан мұнайшыларға оқ атқан, сол кезде кем дегенде 16 адам (ресми есеп) қаза тапқан Жаңаөзен қаласы да осы Маңғыстау облысында.

Әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт арзандауы Қазақстандағы өндіріс деңгейіне үлкен сынақ болды. Қазақстанның мұнай компаниялары түсімі азайғандықтан жұмысшыларды да қысқартып жатыр, бірақ Жаңаөзендегі жағдайды ұмытпаған билік еппен қимылдап отыр.

Бірақ алдағы уақытта көптеген қысқартулар болатыны жайлы айтылып жатыр – одан Маңғыстау мұнайшылары да тыс қалмайды деседі. Ауыз судың көбейгені мұнай саласындағы қысқартуға кедергі жасай алмайды, бірақ әлеуметтік жағдайды жақсартуға себі тиеді. Себебі аймақтағы ең маңызды мәселе – ауыз су проблемасы. Мәселе оңтайлы шешілсе, суды тұщыту зауыты Каспий теңізінің шығыс жағалауына жаңа мүмкіндік береді, мысалы, ауыл шаруашылығы дамуы мүмкін.

ТҮРКІМЕНСТАННЫҢ МӘСЕЛЕСІ

Түркіменстан Каспий теңізі жағалауына су тұщыту қондырғыларын салу туралы он жылдан астам бойы айтып келеді. Бірақ билік ел ішіндегі су тазалау құрылғылары мен мелиорация бағдарламасына баса мән берді.

90 пайызға жуық аумағын шөл алып жатқан елде суды көбірек пайдалануға болатын еді. Түркіменстанның Балқан облысы Каспий теңізімен шектеседі, ол – елдегі ең ірі мұнай өндіруші аудан. Бірақ облыстың бас қаласы Балқанабатта тәулігіне төрт сағат қана су беріледі.

Түркіменстанның мұнайлы Балқан өңіріндегі лас су. 15 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Түркіменстанның мұнайлы Балқан өңіріндегі лас су. 15 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Орталық Азияда суды ысыраптау өте қауіпті, тіпті тауға жақын орналасқан шығыстағы тұрғындар да бұндай әрекетті жақтырмайды. Арал теңізінің қайғылы тарихын өлке халқы естен шығармайды. Мақтаны шектен тыс егу, 100 жыл бұрынғымен салыстырғанда халық санын 10 есе арттыру ол теңіздің суалына ықпал етті.

Қарақия зауыты осындай мәселелерге жауап берсе керек. Каспий теңізінің суы 1970 жылдардың соңынан бастап артып, 2 метрден астам көтерілді. Каспий теңізіне 130-ға жуық өзен құяды, бірақ одан ешбір өзен ағып шықпайды, сондықтан су тек буланып ұшып кетеді. Демек «артық» суды тазалай алса, Қазақстан мен Түркіменстанның жағалаудағы аудандарына өте тиімді болар еді. Бірақ бұл оңай жұмыс емес. Каспий теңізіндегі суды тұщыту керек.

65 миллион жыл бұрын Каспий теңізі Паратетис теңізі деп аталып, Атлант, Үнді және Тынық мұхиттарын жалғайтын еді. Қазір Каспийде таза су ағады, бірақ ондағы тұз мөлшері көп. Орташа есеппен алғанда, судың тұздылығы мұхитпен салыстырғанда үш еседей аз. Ал Каспийдің оңтүстігіне тұз концентрациясы көбейе түседі.

Тек бір ескеретіні, Түркіменстанның солтүстік-батысына қарай орналасқан үлкен шығанақ Қарабұғазда судың тұздылығы теңізден он есе көп. Құрықтың оңтүстігінде де де осы сияқты.

Қарақияға салынғалы жатқан су тазарту зауыты - кедергісі көп болса да, қажетті дүние. Мәселесі көп аудан үшін бұл жоба негізгі мұқтаждықты өтеудің бір амалы болып тұр.​

Брюс Панниердің блогын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG