Accessibility links

Қазіргі таңда Өзбекстанда фотоға және видеоға түсіруге тыйым салу - жазылмаған заңдардың біріне айналған. Елде фотокамера ұстаған әр тұрғын милиция қызметкері жетіп келіп: "Түсіруге кім рұқсат етті?" деген сұрақтың астына алады, суреттерді өшіруге мәжбүрлейді, ал ең сорақысы - милиция бөлімшесіне алып кетуі мүмкін деп қорқады.

Мұндай фотофобияның сыры неде? Тыйымды айналып өтудің жолы бар ма? "Осы шақ" тележобасы жағдайды жергілікті блогерлер мен фотографтардың көмегімен анықтап көрді.

Өзбекстанда әуесқой фотоға түсіруші кез-келген адам билік өкілдерінің тыйымына жиі тап болады. Ондай проблема әсіресе шығыс базарлары тәрізді орындарды фотоға түсіру кезінде, тіпті Ташкенттің жай көшесінде кезігуі әбден мүмкін.

Ташкенттік танымал блогер Бахтиёр Насимовты фотоға түсіргені үшін милиция талай мәрте ұстаған.

"Бірде International Tashkent қонақүйіндегі қолөнер бұйымдары көрмесінен шықсам, далада жауын құйып тұр екен. Аяғымды жылдам басып, аялдамаға бара жатқам. Жаңбыр суына шыланған асфальт жалтырап жатса, шынар ағашының асты тура қолмен сызған шеңбер сияқты құп-құрғақ екен. Апырай, мына шынар ағашы әдемі қолшатыр тәрізді ғой деген ой келіп, әлгі көріністі телефоныма түсіріп алдым. Әуелі тігінен түсіріп алып, экранға қарап едім - маңайы онша қамтылмапты. Сосын көлденеңінен түсірдім. Сол-ақ екен, "фотоға түсіруге кім рұқсат етті?" деп бір милиционер жаныма жетіп келді", - деп жазады Бахтиёр Насимов.

Биліктің мәлімдеуінше, Өзбекстанда фотоға түсіруге үзілді-кесілді тыйым салынған арнайы қауіпсіздік шаралары қарастырылған нысандар тізімі бар. Фотокамера, телефон ұстаған туристерді жиі ұстайтын Ташкент метросы да әлгі тізімге енгізілген делінеді.

Бірақ, фотоға түсіруге болмайтын нысандардың тізімі мемлекеттік құпия саналатын тәрізді, өйткені ол еш жерде ашық жарияланбайды. Жуырда ташкенттік блогер Никита Макаренко қандай нысандардың жанында фотоға түсіруге тыйым салынғаны жайлы жазған сауалын интерактивті мемлекеттік қызмет түрлерінің бірыңғай порталына жолдаған. Кейін оған ішкі істер министрлігінің заңмен қамтамасыз ету басқармасы бастығынан келген жауапта ешбір нақты атауы жазылмаған әлдебір нысандар жайлы айтылған әрі "оларды тізімге кіргізу тәртібін Өзбекстан республикасы министрлер кабинеті белгілейді" деп түсіндірген.

"Оларға ешкім ондай бұйрық берген жоқ деп ойлаймын. Бұл өздері шығарып алып, орнатқан тәртіп болуы керек. Турист үшін фотоға түсіру неліктен маңызды екеніне тағы назар аударғым келеді. Егер Tripadvisor сайтына кіріп, ондағы фотосуреттер саны бойынша Ташкентте қандай көрікті орындар бар деп қарасаңыз, туристердің бірінші кезекте баратын жері - метрополитен екенін көресіз. Ол жерде фотоға түсіруге тыйым салынған. Ал суретке түсіруге рұқсат етсе, оған тіпті көп адам барар еді ғой", - дейді Никита Макаренко.

"Және ең бастысы - әлгі тыйымдардың ешқандай мәні жоқ! Өйткені, Google-ге салып іздесеңіз, Ташкенттің кез-келген ғимаратының ондаған фотосуретін табасыз. Олардың бәрін баяғыда фотоға түсіріп қойған. Тіпті бірдеңені жасырғылары келсе де жасыра алмайды, ол мүмкін емес. Оның бәрі интернетте баяғыдан бар", - дейді блогер.

"Осы шақ" телеарнасы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің қоғамдық қабылдау қызметіне: "Қала көшелерінде қандай жағдайда фотоға түсіруге рұқсат берілген, ал қандай жағдайда суретке түсіруге болмайды?" деген жазбаша сауалмен жүгінген еді. Жедел қайтарылған жауап, неге екені белгісіз, тағы да ішкі істер министрлігінен келді.

"Отбасында көру мақсатында фото және видеоға түсіруге ешқандай шектеу жоқ. Бірақ, материалдарды кейін жұрттың назарына ұсыну мақсатымен фото және видеоға түсіру үшін тиісті құзырлы мекемелер мен хокимияттардан (жергілікті билік) рұқсат алған жөн", - делінген жауапта.

Жауап хатта шенеуніктер Өзбекстанда "тәуелсіз журналист" деген ұғым жоқ екенін, сондықтан әлгі ережені бұзған адамды жауапқа тартуға болатыны туралы сыпайы түрде ескерткен.

Милиция қызметкерлері ташкенттік журналист әрі фотосуретші Алексей Волосевичті де талай мәрте ұстаған. Соңғы рет ол биыл сәуірде Газли қаласында қарапайым адамдардың тұрмысын түсіріп жүрген кезде ұсталған. Волосевичтің пікірінше, Өзбекстанда фотоға түсіруге салынған кез-келген тыйым ойдан шығарылған. Ал адам фотоны отбасылық альбом үшін бе, жоқ әлде блогында жариялау мақсатымен түсірді ме - ол жағы маңызды емес.

"Мұның жалғыз ғана себебі бар, ол – ел билігінің арқасында Түркіменстандағы тәрізді "алтын ғасыр" дәуірі туған мемлекеттің беделіне әлдебір фото және видеожурналистер нұқсан келтірмесін деген үрей. Ал фотоаппарат асынған әлдебір жексұрындар ел өмірінің сұрықсыз жағын көрсетіп, әлемге жар сала насихатталатын "алтын ғасырдың" абыройын төгеді. Аймақтардың көбінде су, газ жоқ екенін, тұрмыс сүреңсіз, ел күтімсіз екенін көрсетіп қояды ғой", - дейді Алексей Волосевич.

"Мемлекет қолындағы бар амал-айланы пайдаланып, ондайларды абақтыға тығуға және пасық ниеттерін іске асыруына жол бермеуге пәрмен берілген", - деп мысқылдайды фотограф.

Өзбекстан - туризмді дамыту мүмкіндігі зор ел. Бірақ бұл елде фотокамераны қолданбаған дұрыс деген ескерту қазіргі таңда жол сілтегіш кітапшалардың бәрінде кездеседі. Кейінгі кезде Өзбекстан билігі туристік климатты жақсарту жөнінде бірқатар шаралар қарастырып жатыр. Мысалы, тамыздың ортасында президент Шавкат Мирзияев "Туризм саласын дамытудың 2018-2019 жылдарға арналған бірінші кезектегі шаралары туралы" қаулыға қол қойған. Бірақ ол құжатта жергілікті билік пен милиция қызметкерлерінің фотодан "шошымалдылығы" және оны жою жоспары жайлы бір де сөз жоқ. Ал, сайып келгенде дәл осы тыйымның кесірінен туристер Өзбекстанға барудан тартынады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG