Accessibility links

Өзбекстан телевидениесінде алғаш рет елдің тұңғыш президенті марқұм Ислам Каримовтың жүргізген саясаты сынға ілікті.

Өзбекстанда мемлекеттік ақпарат құралы елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтың жүргізген саясатын сынға алды деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы). Хабарда Каримовтың тұсындағы "[аймақта] лидер атану үшін үнемі көршілермен бәсеке жарыстырып, үстемдігін дәлелдеуге" тырысудың кесірінен шиеленіскен проблемаларды қазіргі таңда президент Шавкат Мирзияевке шешуге туралы келгені айтылды.

Аталған хабар жақында ғана, елдің қазіргі президент Шавкат Мирзияевтің туған күні – 24 шілдеде жұмысын бастаған, тәулік бойы ақпараттық-сараптамалық хабар тарататын "Өзбекстан 24" телеарнасының "Таҳлилнома" бағдарламасының алғашқы санында көрсетілген.

Шілденің 30-ы күні эфирден берілген телеабағдарламада Ислам Каримовтың аты-жөні аталмағанымен, оның тұсында жүргізілген саясат "кесек астында қалды" деп хабарлайды Озодлик.

Өзбекстан президенті Ислам Каримов Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінде сөйлеп тұр. Ташкент, 24 маусым 2016 жыл.
Өзбекстан президенті Ислам Каримов Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитінде сөйлеп тұр. Ташкент, 24 маусым 2016 жыл.

Өзбекстанды ширек ғасыр уақыт үздіксіз басқарған тұңғыш президент Ислам Каримовтың тұсында және былтыр ол дүниеден өткеннен кейінгі уақытта Каримов билігі кезінде жүргізілген саясат үкімет бақылауындағы ақпарат құралдарында ешқашан бұлайша ашық сыналмаған.

"Таҳлилнома" бағдарламасында қоғамның барлық саласы – экономикадан бастап әлеуметтік, рухани және ауыл шаруашылығы салаларындағы жағдайға талдау жасалған. Хабарда сөйлегендер Ислам Каримовтың билігі тұсындағы жіберілген қателіктерді сынға алған. Олардың айтуынша, мысалы, бұған дейін "сыртқы саясатта жіберілген кемшіліктердің шешімін табумен бүгінгі таңда жаңа президент Мирзияев айналысып жатыр".

"Өзбекстан 24" телеарнасы Каримов кезіндегі саясат туралы:

"Билікке келген сәттен бастап жақын көршілермен қатынас – үстемдік үшін күрес емес, керісінше, өзара сенім және адалдық екенін жариялауы Өзбекстанның орталықазиялық республикалармен қарым-қатынасын жақсартып, сенімнің нығаюына септігін тигізді. Шындығында, қордаланған проблемалар, әсіресе жылдар бойы бытысып келген шекара мәселелері бір-біріне кінәрат артып, талап қою және өз үстемдігін көрсетумен емес, жылы сөз және тәулік мезгіліне қарамай атқарылған тынымсыз жұмыстың арқасында шешімін тапты", - деді хабарды жүргізуші.

Телеарна бағдарламасында Каримов басқарған жылдары Өзбекстан барлық салаларда дағдарысқа кезіккені айтылды. Хабарға қатысушылардың пікірінше, жағдай сегіз ай бұрын билікке келген жаңа президент "Шавкат Мирзияевтің жүргізген реформаларының арқасында жақсара бастаған".

Өзбекстан полициясының "қара базардағы" ақша айырбастаушыларға қарсы операциясы. 16 наурыз 2017 жыл. (Әлеуметтік желідегі сурет.)
Өзбекстан полициясының "қара базардағы" ақша айырбастаушыларға қарсы операциясы. 16 наурыз 2017 жыл. (Әлеуметтік желідегі сурет.)

Сонымен бірге Ислам Каримов билігі кезіндегі қаржы саясаты да қатты сынға қалды.

"Жетекші экономикалық ұйымдардың Өзбекстанды жазғырып, мамандарымыздың кәсібилігіне шек келтірген барлық айыптаулар тек сол қаржы саясатының кесірінен. Бүгін біз бұл туралы ашық айтуға тиіспіз. Сонымен бірге, шетел валютасының төрт түрлі бағамы және "қара базар" тәрізді масқараның болуы экономиканы дамытуға тұсау келтіргенін де батылдықпен айтуға тиіспіз. Алайда президент бастаған реформалардың арқасында бұл проблемалардың барлығы да біртіндеп шешімін тауып келеді", - деген жүргізуші.

Өзбекстан қоғамында телебағдарлама түрліше реакция туғызды деп жазады Озодлик сайты. Кей көрермен "жұртқа белгілі жайтты жаңалық қылған" хабарды ашу-ызамен қабылдаса, кейбіреулерге марқұм Ислам Каримовтың атына сын айтылғаны ұнамай қалған.

"Каримовты үнемі көршілерінің алдында кеудесін керіп, үстемдік танытты деп айыптайды. Отбасымызбен телеарна хабарынан жиіркендік. Екіжүзділер саясаты деген осы" деп жазған бір көрермен Озодлик сайтына.

Осы телебағдарлама эфирден көрсетілерден екі күні бұрын, шілденің 28-і күні Өзбекстан бас прокуратурасы бұрынғы президент марқұм Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримова "ақша жымқыру" және "бопсалау" баптары бойынша айыпты деп танылып, 2015 жылғы тамызда сот үкімімен оның бас бостандығы бес жылға шектелгені туралы алғаш рет ресми жариялаған.

Оқыңыз: Каримованың бас бостандығы 5 жылға шектелген

2003 жылдың соңынан Өзбекстан үкіметін басқарған Шавкат Мирзияев былтыр күзде Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін әуелі ел президенті міндетін атқарушы болды, ал желтоқсанның 4-і күні өткен сайлауда, көпшілік күткендей, 90 пайызға жуық дауыс жинап оңай жеңіске жеткен.

Содан бергі уақыт ішінде жаңа президент қол қойып, бекіткен шешімге сәйкес, Ташкенттегі ең ұзын көше мен халықаралық әуежайға, жоғары оқу орны мен зауытқа Ислам Каримовтың есімі берілді, оның басына кесене тұрғызылып, Ташкент, Самарқан және Қаршы қалаларында тұңғыш президенттің ескерткіштері орнатылмақ.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG