Accessibility links

Өзбекстанның негізгі ресми жаңалықтар ресурсы – УзА ұлттық ақпараттық агенттігі ел президентінің суреттерін фотошоп жасап қана қоймай, мемлекет басшысы туралы өздері жазған мәтінді үнемі көшіріп басады, айырмасы – олар президенттердің фамилиясын ғана ауыстырады.

Екі жыл ішінде мемлекетте көп нәрсе өзгерді. Президент Ислам Каримов дүние салды, оның орнын бұрынғы премьер Шавкат Мирзияев басты. Бірақ УзА ақпарат агенттігі президенттер туралы мәтінді бір сарында жазады, олардың аты-жөнін ғана өзгертеді. Мәтіннің қалған тұстары өзгеріссіз қалады.

Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Сирожиддин Толибов «Журналистік жауапкершілік жоқ. Адамдар бұған мән бермейді деп ойлайды. Онысы рас: адамдар жиі қайталанатын, советтік клишеге толы көңілсіз мәтіндерді оқымайды» дейді.

УзА сұрақтарға телефонмен жауап беруден бас тартты, агенттікке жазбаша хабарласуға кеңес берді. Маусымның 29-ы күні жіберген сұрақтарға шілденің 8-іне дейін жауап бермеді. "Настоящее Время" УзА-ның қайталама мәтіндерін сұрыптап шықты.

№ 1. Сапарлар туралы

Бірінші мәтін агенттік сайтына 2014 жылы қазан айында жарияланған. Онда Ислам Каримовтің Ташкенттегі Минор жаңа мешітіне барғаны туралы айтылады. Екінші материал екі жарым жылдан соң жарық көрді, онда Шавкат Мирзияевтің астанадағы Сузук-ота мешіті мен кесенесіне сапары баяндалған.

Мәтіннің аудармасы:

«Тәуелсіздік жылдарында елімізде ар-ұждан еркіндігі, толеранттылық, осы жұмыстың заңдық негізін дамытуды қамтамасыз ету мәселелеріне басым мән беріліп келеді. Сенім мен наным, мейірімділік пен қайырымдылық, жомарттық пен мәрттік халқымыздың рухани өмірін байытудың маңызды негізіне айналды.

Еліміздің президенті [Ислам Каримовтің/Шавкат Мирзияевтің] басшылығымен ұлттық салт-дәстүр, құндылықтарды өркендету, ұлы ойшылдарымыздың бай мұрасын зерттеу, олардың жерленген жерін абаттандыру және тарихи ескерткіштерді сақтау бойынша үлкен жұмыс жасалды».

№2. Төзімділік туралы

Бұл мәтін араға бір жарым жыл салып қайталанып отыр. Айтары бір: екі материалдың да авторлары Өзбекстандағы мультикультурализм мен төзімділікті мақтайды. Бірінші мәтінде ол «Ислам Каримовтің дана басшылығының» арқасы делінсе, екіншіде бұл жетістік – Шавкат Мирзияевқа телінеді.

Мәтіннің аудармасы:

«Президенттің басшылығымен [Ислам Каримов] елімізде бейбітшілік, тұрақты әлеуметтік-рухани жағдайды сақтау, түрлі ұлт өкілдері, діни конфессиялар арасындағы жомарттық, достық пен келісім атмосферасын нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді».

№3. Оқытушылар туралы

Ұқсас оқиғалар қайталанып жатса, жаңа мәтін жазудың керегі не? Өзбек педагогтарының біліктілігін көтеру жүйесін жетілдіру тақырыбындағы баспасөз мәслихаты мәтіндері арасында (бірінші және екінші) – бір жарым жыл уақыт жатыр. Бірақ президенттердің аты-жөнінен басқа өзгеріс жоқ.

Мәтіннің аудармасы:

«Президенттің басшылығымен [Ислам Каримовтің/Шавкат Мирзияевтің] білім беру саласында терең реформалар жасалып жатыр, білікті кадрлар дайындап, оқыту сапасы мен мазмұнын жаңа деңгейге көтеруге заманауи тетіктерді жасау үшін белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр».

№ 4. Тағы да сапар туралы

Жоғарыдағы мәтіндердің арасында үш жылдай айырма бар. Бірінші мақалада Ислам Каримовтің Ферғана облысына барып, аймақтың «экономикасын бірізді дамытқаны» туралы жазылған. Екіншісінде Шавкат Мирзияевтің Сырдарияға барғаны және осы облыстағы «экономиканың тұрақты даму қадамдары» туралы айтылады.

Мәтін аудармасы:

«Республика президенті [Ислам Каримов/Шавкат Мирзияев] жасампаз және абаттандыру жұмыстары арқылы жүзеге асып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысымен, аймақтардағы ірі жобалармен танысу және халықпен сөйлесу үшін [маусымның 26-сы күні Ферғана облысына келді/мамырдың 17-сі күні Сырдария облысына келді]».

№ 5. Мейрам туралы

Бірінші мәтін УзА сайтында 2014 жылы жарияланған, екіншісі – үш жылдан соң жарық көрген. Олар Ташкенттегі Наурыз мерекесін атап өтуге арналған. Копипасттың бір-бірінен айырмасы – екінші мақаланың авторы кейбір сөздер мен сөйлемдердің орнына синонимдерін берген.

Мәтіннің аудармасы:

«Президент [Ислам Каримовтің/Шавкат Мирзияевтің] басшылығымен жүзеге асқан рухани-ағарту реформалары кезінде жүздеген жылдар бойы жарқырап тұрған ұлттық құндылықтарды сақтау, жас буынды дәстүрді құрметтеуге үйретуге ерекше көңіл бөлінеді».

Азаттықтың өзбек қызметінің тілшісі Сирожиддин Толибов «УзА өз мәтіндерін көшіреді, БАҚ УзА-ның мәтіндерін көшіріп басады. Сондықтан көптеген өзбек газеттері мен сайттарында ресми ақпаттар бір-бірінен аумайды, өте тартымсыз. «Тұрақты даму» мен «мақта жинау жоспарын уақтылы жүзеге асыру» туралы үнемі оқи берген кімге ұнасын» дейді.

Шавкат Мирзияев президент болғалы Өзбекстан бұқаралық ақпарат құралдарында біраз өзгерістер болды. Телеарналар бұрын тыйым салынған тақырыптарға пікірталас өткізетін болды (бірақ елдің жоғарғы басшылығына қатысы жоқ). Өзбек медиа нарығына британдық ВВС радиотарату корпорациясы оралды, оның Ташкенттегі кеңсесі 2005 жылғы Әндіжан оқиғасынан кейін жабылып қалған еді.

«Жаңа президент оң әрекеттер жасап жатыр, бірақ өзбек медиа әлемінде нақты өзгерістер болды деуге әлі ерте» дейді Толибов.

XS
SM
MD
LG