Accessibility links

Қытай шетелде жүрген ұйғырларды аңдуда бұрын-соңды болмаған тетікке ие болды. Зерттеу авторымен сұхбат


Пекин ислам экстремизмін желеу етіп Шыңжаңда бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ пен басқа да мұсылмандарды лагерь мен түрмеге қамады.
Пекин ислам экстремизмін желеу етіп Шыңжаңда бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ пен басқа да мұсылмандарды лагерь мен түрмеге қамады.

Қытай мен АҚШ жөніндегі Киссинжер институты Қытайдың шетелдегі ұйғыр мен басқа да мұсылман азшылықтарының соңына түсіп, оларды еліне қалай қайтарып жатқанын зерттеді. Баяндама авторлары Қытай трансұлттық науқан барысында Еуропада кибершабуыл жасап, Оңтүстік және Орталық Азияда жүрген азаматтарын экстрадициялап жатқанын айтады. Азаттық радиосы зерттеу авторынан сұхбат алды.

Қытай Таяу Шығыс, Оңтүстік және Орталық Азия елдерінің билігімен тығыз әріптестігіне сүйеніп ұйғыр мен басқа да мұсылман азшылықтарының соңына түсіп жатыр.

Қорқыту, аңду, ізіне түсу, қамауға алу, экстрадициялау секілді амалдарды қолданатын Пекиннің трансұлттық науқаны бұрын-соңды болмаған ауқымға жетті. Бұл жайлы Қытай мен АҚШ-тағы Уилсон орталығының Қытай мен АҚШ жөніндегі Киссинджер институты жариялаған Great Wall Of Steel дейтін зерттеуде айтылған.

Зерттеу авторлары Қытайдың жаһандық ықпалы артып, Пекин сол арқылы басқа елдердің билігіне қысым көрсетуге мүмкіндік алғанын, сөйтіп оларды да репрессия жасаудағы серіктесіне айналдырғанын айтады. Қытай "Бір белдеу – бір жол" секілді миллиардтаған долларға бағаланған жоба арқылы өте үлкен экономикалық ықпалға ие болып отыр.

Бұл зерттеуде 5532 қорқыту, 1150 қамау оқиғасы тіркелгені, ал 1997 жыл мен 2022 жылғы қаңтар аралығында 424 депортация болғаны дәлелмен келтірілген.

Зерттеу авторлары Қытай этникалық ұйғыр, қазақ, қырғыз бен басқа да мұсылмандар көп тұратын және оларды қамауға алуға немесе ұстап беруге қарсы шыға алмайтын он елдің бесеуіне өте көп несие беріп отыр дейді. Бұл елдер қатарында Пәкістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Камбоджа мен Мьянма бар. Баяндама авторлары бұл елдердің билігі "экономикалық мүмкіндіктер үшін адам құқықтарын саудаға салады" деп жазған.

Пекин ислам экстремизмін желеу етіп Шыңжаңда бір миллионнан астам ұйғыр, қазақ пен басқа да мұсылмандарды лагерь мен түрмеге қамады. Халықаралық қауымдастық Қытайды сол жерде оларға мәжбүрлеп жұмыс істетіп, жаппай тұтқынға алып жатыр, ұйғырлардың мәдениеті мен діни ерекшеліктерін жоюға тырысып, "геноцид" жасап жатыр деп айыптады.

Азаттық радиосы Уилсон орталығының ғылыми қызметкері, 25 сәуірде жарияланған зерттеу авторы Брэдли Джардиннен сұхбат алды.

Азаттық: Қытайдың ұйғыр мен басқа да топтарға қарсы трансұлттық науқаны қалай кең тарады? Пекин қандай негізгі құралдарды қолданады?

Брэдли Джардин: Ұйғырларды қарсы науқанның жүріп жатқанына көп болды. 1997 жылдан бергі деректердің көбін қарап отырамын. Сол кезде Пәкістаннан жасалған алғашқы депортацияға куә болған едік. Бұл Шыңжаңның Барен қаласындағы оқиғаға жауап болды және Қытай ұйғыр диаспорасына назар аударуды сол жерден бастады. Содан бері процесс жылдамдады.

Бұған екі негізгі фактор себеп болды. [2001 жылы Америкамен] соғыстың басталуы Қытайға ұйғыр диссиденттері мен диаспорасының соңына түсу үшін жаңа альянстар мен коалициялар құруға жаңа мүмкіндік берді. Сосын 2017 жылы Шыңжаң жаппай түрмеге қамау бағдарламасын қабылдар, Қытай [өлке бойынша] бақылауды күшейте бастады.

Бұл Қытай қауіпсіздік қызметінің ұйғырларды аңдуына [көбірек назар аудартты]. Бүгінгі масштабқа келетін болсақ, мен Сауд Арабиясы немесе Египетте қамауға алынған немесе Тәжікстан секілді елдерден экстрадицияланған 1500 ұйғырдың жағдайын бақыладым. Сондықтан мұның масштабы үлкен деуге болады. Қамауға алу мен ұстап беру бір ғана мысал. Қытай қазір жақсы меңгерген кибершабуылдарды немесе отбасы мүшелеріне қоқан-лоқы жасауды ескерсек, тіркелген жағдайдың өзі 7 мыңнан [асатынын] көруге болады.

Сондай-ақ, мендегі деректер көбіне БАҚ-тағы хабарламалардан алынған. Сондықтан [нысанаға ілінген] ұйғырлардың көбінің атын атадық немесе олар туралы баяндаманың нақты оқиғалар жайлы бөлігінде айтылды. Жеті мың – бұл базистік дерек. Белгісіз жағдайларды ескерсек, бұл – айсбергтің шыңы ғана.

Азаттық: Ұйғырларға Шыңжаңдағы қудалаудан қашу және басқа жерлерге кету қиындап барады. Орталық және Оңтүстік Азия бұрындары бас сауғалайтын негізгі жер болған еді, бірақ аймақтағы билік Пекинмен байланысын нығайтқан соң жағдай өзгерді. Қазір шетелге кеткен ұйғырлар бара алатын Түркияның өзі экстрадцияға қатысты саясатын өзгертіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл ұйғырларға қалай әсер етеді?

Брэдли Джардин: Ұйғырлар бара алатын жерлер азайып жатыр. Олар Орталық және Оңтүстік Азия, оңтүстік-шығыс Азия, Таяу Шығыс пен Түркия секілді жерлерді паналау мүмкіндігінен айырылып жатыр. Түркияда президент [Режеп Тайып Ердоған] қытайлық әріптесімен екі мемлекет арасындағы экстрадиция туралы келісімге қол қойды. [Бұл құжатты 2020 жылғы желтоқсанда ратификациялады]. Содан бері Түркиядағы ұйғыр диаспорасында үрей пайда болады [және] олардың көбі Еуропаға немесе Солтүстік Америкаға кетіп жатыр. Жапония да ұйғырлар бас сауғалайтын жерге [айналып барады].

Түркияға баратындар әлі де көп. Бірақ АҚШ-қа көшкен қазақ белсендісі Серікжан Біләш секілді белсенділердің елден кетіп жатқаны байқалады. Сондықтан қазір олар баратын жер жоқтың қасы. Батыстың [босқындар] квотасын арттыруға саяси ерік-жігері жетсе, сол жақта оларға қауіп төнбейді.

Әрине, зерттеу көрсеткендей, ол жерлер толықтай қауіпсіз деп айта алмаймыз, себебі демократиялық елдерде ұйғырлардың көбі кибершабуылға ұшырап жатыр және олардың отбасы әлі де Шыңжаңда қауіпті жағдайда қалған. Диаспора отбасы мүшелерімен сөйлесу үшін веб-сайттар мен Қытайдың әлеуметтік медиа платформаларын пайдаланады. Осылайша, WeChat ұйғырлар жайлы ақпарат жинау құралына айналды. Шыңжаңдағы қауіпсіздік қызметі сол арқылы олармен байланысып, белсенділігін шектеп жатыр.

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүргендердің наразылығына тоғыз ай болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:26 0:00

Азаттық: Баяндамада шетелде осы репрессияларды жүзеге асыру үшін Қытайға көмектесетін институттар мен құрылымдарға назар аударғансыз. Еуразияға келетін болсақ, мұнда Шанхай ынтымақтастық ұйымы маңызды рөл атқарады. Осы блок аясында Пекинде қандай тетіктерге ие болып отыр?

Брэдли Джардин: Орталық Азия бірегей жағдай болып отыр, себебі бұл [аймақ] алғашқыларды бірі болып Қытаймен трансұлттық репрессиялар мен ұйғыр диаспорасын бақылауда тығыз әріптестік орнатты.

Қытай [аймақтағы] диаспораға ерекше назар аударды және оны қауіпті немесе тұрақсыздандыратын күш деп қарастырды. Мұның бәрі Қытайдың [Орталық Азияда] біз еш жерде көрмеген тетіктер жасағанын білдіреді.

Соның бірі – Шанхай ынтымақтастық ұйымы. Бұл көпжақты құрылым арқылы Қытай Орталық Азия мен Ресей секілді әріптестерімен байланысын реттеп отырады. Бұл блок негізінен Совет одағы [ыдыраған] соң пайда болған шекараны межелеу мәселесін шешу үшін құрылған. Содан кейін терроризм, сепаратизм, экстремизм деген "үш қауіппен" күреске [назар аударды]. [Бұл] Қытайға Орталық Азия елдеріне экстремизмге қарсы риториканы қабылдатуға, соны елдегі және шетелдегі ұйғырларға қолдану тетігіне айналды. Орталық Азиядағы совет режимі бұған дейін де диссиденттерді қудалап, оларды діни экстремистер деп айыптайтын еді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында оған мүше мемлекеттер арасында өзара депортациялау келісім бар. [Елдер арасында] терроризмге қарсы әріптестік те орнаған. Мысалы, көп жағдайда еш дәлел сұрамастан террорист деп танылған адам жайлы тергеу деректерін беру қарастырылған. [Әріптестіктің] бұл түрі расымен жағдайды жылдамдатып, аймақты [ұйғырлар] үшін өте қауіпті және өшпенді етті. Диаспора өкілдерінің көбі Ауғанстан, Пәкістан, Түркия секілді салыстырмалы түрде қауіпсіздеу көрінген елдерге қашты.

Қазір де солай: [Орталық Азия] депортация келісімдері арқылы ұйғыр белсенділері үшін ең қауіпті елдердің бірі болып отыр.

Сұхбат ықшамдалып, өңделді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG