Алматы әкімдігі митингіге рұқсатты қайтарып алды
Алматы әкімдігі 15 наурызда белсенділер өткізейін деп отырған бейбіт митингіге рұқсатты қайтарып алды деп хабарлады дәрігер Қайырғали Конеев Facebook-тағы парақшасында. Бұған дейін белсенділер Денсаулық кодексі жобасындағы даулы жайттарға байланысты митинг өткізу үшін қала билігінен рұқсат алған еді. Әкімдік коронавирус тарап жатқан шақта қоғамдық шараларға тыйым салынғанын айтқан.
Былтырдан бері Қазақстанның түрлі аймағында белсенділер Денсаулық кодексі жобасына қарсы онлайн-петиция құрастырып, ондағы бірқатар жайттармен келіспейтінін айтып келеді. Белсенділер жобадағы балаларға екпе салдыруды міндеттеу, адам көз жұмғаннан кейін туыстарының рұқсатынсыз адам ағзасын шетелге шығаруға рұқсат беретін өзгерістерге қарсы.
"Алматыдағы бір науқастың жағдайы - орташа ауыр"
Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев коронавирус табылған төрт адамның үшеуінің жағдайы - қалыпты, біреуінің жағдайы - орташа ауыр деп хабарлады. Науқас ер адам 12 наурызда Германиядан ұшып келген.
"Барлығы хаттамаға сай емделіп жатыр. Вирусқа қарсы және симптомдық терапия өз уақытында басталды. Стационарда қажетті дәрі-дәрмек, қорғану құралдарының бәрі бар" деді Тілеухан Әбілдаев.
Оның айтуынша, Алматы қаласында науқастарды оқшауландырып емдейтін үш медициналық мекеме бар.
"Варшавадан келген коронавирус табылған әйелдің жағдайы - орташа"
"Қазіргі кезде оның жағдайы орташа. Ол Варшавадан ұшып келгенмен Германияда болған. Сондықтан оны ауруханаға жатқыздық. Ол мінген ұшақ бортында 86 жолаушы болған. Алгоритмге сәйкес, онымен байланысқан адамдарды табу және олармен жұмыс істеу шаралары жүріп жатыр" деді Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының төрайымы Сәуле Қисықова.
Денсаулық сақтау министрлігі 10 наурыз күні сол әйелмен бірге Варшавадан Нұр-Сұлтанға ұшып келген жолаушыларды іздеп жатқанын да хабарлады.
"10 наурызда Варшава - Нұр-Сұлтан бағыты бойынша астанаға ұшып келген N195 рейстің жолаушыларын 1406 немесе 103 нөміріне хабарласуларын сұраймыз. Науқастардың саны - бір адам" деді министрлік өкілдері.
Қазақстанда тағы екі адамнан коронавирус табылды
1958 жылғы ер адам 10 наурызда Мәскеуден Алматыға ұшып келген. Қазір стационарда ем қабылдап жатыр деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Коронавирус сонымен бірге Варшавадан Нұр-Сұлтанға ұшып келген бір әйелден анықталды. Министрлік оның қашан ұшып келгенін айтпады.
Осылайша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны алтыға көбейді.
"Оның төртеуі - Алматы қаласында, екеуі - Нұр-Сұлтан қаласында" деді Диас Ахметшәріп.
Министрлік дерегінше, қазір Қазақстан бойынша стационарлық карантинде 1090 адам жатыр. 452 адам үй жағдайында карантинде отыр.