Өзбекстан Франция, Испания және Ұлыбританияға қатынайтын әуе рейстерін тоқтатты
Өзбекстан Франция, Испания және Ұлыбританияға қатынайтын әуе рейстерін уақытша тоқтатты. Коронавируспен күрес аясында қабылданған шектеу 14 наурыздан бастап күшіне енеді.
Шектеу шарасы дипломатиялық және қызметтік төлқұжаты бар адамдарға, соңғы 14 күнде осы елдерде болмаған азаматтығы жоқ адамдарға жүрмейді.
Бұған дейін Өзбекстан Иран, Жапония, Ауғанстан, Италиямен әуе қатынасын үзген. Оңтүстік Кореяға ұшатын рейстер санын қысқартқан.
Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі азаматтарды Үндістан және Таиландқа бармауға шақырған.
Ақ үй дәрігері: Трамптан коронавирус табылмады
АҚШ президенті Дональд Трамптан коронавирус табылмады деп хабарлады Ақ үй дәрігері.
"Кешке жақын коронавирустың расталмағаны туралы дерек алдым" деді дәрігер Шин Конли 14 наурыз күнгі брифинг кезінде.
"Бір апта бұрын Мар-а-Лагода бразилиялық делегациямен ас ішкен президентке вирус жұқпаған" деді ол.
Бұған дейін АҚШ-тың Флорида штатында Трамппен кездесіп, ас ішкен бразилиялық президент делегациясының құрамындағы үш адамнан коронавирус анықталған еді. Бразилияның Вашингтондағы елшілігінің хабарлауынша, қабылдау кезінде Трамппен бірге үстел басында отырған уәкіл және президент көмекшісінен вирус табылған. Ал Бразилия президенті Жаир Болсонарудан коронавирус табылмаған.
Кореядағы қазіргі жағдай қалай? Сеулдегі қазақстандық студентпен сұхбат
Оңтүстік Корея - Қытайда тараған коронавирустан қатты зардап шеккен елдің бірі. Бұл елде 8 мыңнан астам адам зардап шегіп, 71 адам көз жұмды. Сеулде оқитын қазақстандық студент Азаттыққа осы елдегі қазіргі жағдай жайлы айтып берді.
- Авторы: Руслан МЕДЕЛБЕК
Испания бүкіл елде карантин жарияламақ
Испания 16 наурыздан бастап бүкіл елді карантинге жаппақ. Бұл елде вирус жұққан адам саны алты мыңнан асып кетті. 191 адам қайтыс болды. Бұған дейін Италия сәуірдің басынан дейін елде карантин жариялаған. Италияда, 14 наурыздағы дерек бойынша, 21 мың адам дертке шалдығып, 1441 адам қаза тапты.
Франция билігі 14 наурыз түнгі 11-ден бастап елде кафе, мейрамхана, кинотеатрлар, түнгі клубтар жабылатынын мәлімдеді. Үкімет жұртты ел ішіндегі сапарларын доғаруға шақырды. Францияда сенбі күні вирус жұқтырғандар 3661-ден 4499-ға жетті. 79 адам көз жұмды.
АҚШ Ұлыбритания, Ирландия және Еуропа одағы азаматтарын елге кіргізуге тыйым салды.