Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

13:25 16.3.2020

Президент Тоқаев коронавирусқа байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

16 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телеарна арқылы халыққа үндеу жасап, коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында бүкіл ел аумағында төтенше жағдай енгізілгенін хабарлады.

"Төтенше жағдай режимі 16 наурыздан бастап отыз тәулікке енгізілді, қажет болған жағдайда одан кейін де ұзартылатын болады" деді ол. 

Тоқаев коронавирусқа байланысты мемлекеттік комиссия құрылғанын, оны премьер-министр басқаратынын айтты.  Тоқаев елде қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынып, көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылатынын хабарлады.

"Ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге мәжбүрміз. Бірақ азық-түлік дүкендері мен базарлар жұмысын жалғастыра береді" деген президент елде "азық-түлік қоры жеткілікті екенін" және күнделікті тұтынатын тауар бағасын "негізсіз қымбаттатуға жол берілмейтінін" айтты.

 

12:45 16.3.2020

Өзбекстанда COVID-19 жұқтырғандар саны өсті

Ташкент метросында. Көрнекі сурет.
Ташкент метросында. Көрнекі сурет.

Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны алты адамға жетті деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосы.

Бұған дейін 11 наурызда Парижден оралған әйелдің COVID-19 жұқтырғаны анықталып, онымен байланыста болған 230 адам карантинге жатқызылғаны хабарланған еді. Енді оның екі баласынан, немересі мен жұбайынан және 15 наурызда Стамбулдан Ташкентке ұшып келген тағы бір жолаушыдан COVID-19 табылған деп хабарлады Озодлик.

16 наурыздан бастап Өзбекстанда карантин басталды, елдегі оқу орындары жабылып, мемлекеттік органдардағы жиын-кездесулер өтпейтін болды. Елге кіру және шығуға шектеу қойылды. Оның алдында Өзбекстан Франция, Испания, Ұлыбритания, Иран, Жапония, Ауғанстан, Италия және Оңтүстік Кореямен ұшақ қатынасын тоқтатқан.

Қазіргі кезде Covid-19 коронавирусы әлемде 170 мыңға жуық адамға жұғып, 6,5 мыңнан астам адам көз жұмды. Вирус 140-тан аса елге тарады.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған 9 адам анықталды. Оның жетеуі Алматыда, екеуі Нұр-Сұлтандағы ауруханада жатыр. Елде 1921 адам (1425 адам – ауруханада, 496 адам - үйде) карантинде.

12:03 16.3.2020

БАҚ: Ресейде коронавирус зардабына байланысты арнайы қор құрылуы мүмкін

Ресей ақшасы. Көрнекі сурет.
Ресей ақшасы. Көрнекі сурет.

Ресей билігі ел экономикасы мен жеке азаматтарды қолдау үшін 300 миллиард рублі бар (4 миллиард АҚШ долларына жуық) қор құруы ықтимал деп хабарлады "Ведомости" газеті.

Аты-жөнін атамаған жоғары лауазымды екі шенеуніктің сөзіне сүйенген басылым Мәскеу осы аптада жариялауы мүмкін бұл шара арқылы коронавирусқа байланысты карантинде болған адамдарға өтемақы және әуе тасымалы мен туризм саласындағы индустрияға салық жеңілдігін беруді көздейді деп жазады. Сонымен бірге бизнестің өзге салаларына да жеңілдік берілуі мүмкін.

Газеттің жазуынша, Ресейдің "Газпром" және "Роснефть" сияқты мемлекеттік компаниялары да дивиденд төлемін алты айға дейін шегере тұруға мүмкіндік алады. 2020 жылға арналған федералды бюджетке жоспар бойынша мемлекеттік компаниялардан жыл ортасында 7,4 миллиард доллар дивиденд түсуі тиіс.

Қазіргі уақытта Ресейде 63 адамның коронавиурс жұқтырғаны анықталған.

6 наурызда мұнай өндіруші елдер ұйымы (ОПЕК) және Ресей мұнай өндіруді азайту бойынша келісімге келе алмай халықаралық нарықта мұнай бағасы құлдыраған. Соның салдарынан Ресей рублі мен Қазақстан теңгесі құнсызданды.

11:48 16.3.2020

Төтенше жағдайдың алғашқы күні теңге тағы құнсызданды

Кей ақша айырбастау орындарында 1 АҚШ доллары 445 теңгеден сатылып жатыр. Алматы, 16 наурыз 2020 жыл.
Кей ақша айырбастау орындарында 1 АҚШ доллары 445 теңгеден сатылып жатыр. Алматы, 16 наурыз 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі күшіне енген 16 наурызда Алматыдағы кейбір ақша айырбастау орындары 1 АҚШ долларының сату бағасын 440-445 теңгеден қойды деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Kurs.kz сайтындағы ақпаратта валюта айырбастау орындарының кейбірі доллар сатып алғанымен, сатуды тоқтатқаны айтылады.

Қазақстан қор биржасы 16 наурыз күні таңертеңгі сессиясында АҚШ доллары бойынша бірде бір келісім жасалмағанын хабарлады.

Дүйсенбі күні Қазақстан Ұлттық банкінің "ішкі нарықты жаңа макроэкономикалық жағдайларға бейімдеу туралы" ресми мәлімдемесінде "қазіргі жағдайды ескере отырып, бүгіннен бастап Ұлттық банк еркін бағам белгілеу және инфляциялық таргеттеу саясатына сәйкес тепе-тең бағамның қалыптасуына ықпал етуге ниеттеніп отыр" деп жазылған.

Кей сарапшылар бұл – Ұлттық банктің бұдан былай қаржы нарығына араласуды доғарып, белгілі бір шамада теңгенің құнсыздануына кедергі жасаудан бас тартқанын білдіреді деп санайды. "Орталық банк теңгенің шынайы курсын нарықтың өзіне анықтауға мүмкіндік беріп жатыр" деп жазды экономист Олжас Төлеуов.

6 наурызда Венада әлемдік нарықта мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті азайту жайлы келіссөз жүргізген ОПЕК, Сауд Арабиясы мен Ресей өзара келісімге келе алмаған соң мұнай бағасы күрт құлдырап, салдарынан теңге де құнсызданған. Өткен аптада АҚШ долларының сату курсы алғаш рет 400 теңгеден асқан болатын.

Тағы

XS
SM
MD
LG