- Авторы: Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ
Төтенше жағдай кезінде той жасауға бола ма?
Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғаннан кейін адам көп жиналатын сауда орталықтарын жабуға тапсырма беріліп, той мен ас өткізуге шектеу қойылды. Бұған жұрт пікірі әртүрлі. Өнерпаздар тойсыз табыстан қағылатынын айтады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "отбасылық шараларды өткізбеген дұрыс" дейді.
Қазақстанда 10 адамнан вирус табылды
16 наурызда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елде оныншы адамнан коронавирус табылғанын хабарлады.
"1986 жылы туған әйел адам 15 наурызда Стамбул-Алматы рейсмен ұшып келген" деді министрлік өкілі Диас Ахметшәріп.
Сонымен, қазір Алматыда сегіз, Нұр-Сұлтанда екі адамнан вирус табылды. Германияда бір қазақстандыққа вирус жұққан.
Италия жұрты карантинді қалай өткізіп жатыр?
Италия – коронавирустан қатты зардап шегіп жатқан елдердің бірі. Бүкіл ел аймағында карантин. Дертке шалдыққандар мен көз жұмғандар саны өсіп келеді. Бірақ жұрт бұл қиындық та аяқталады деп үміттенеді.
Вирус жұққан 12 жасар баланың жағдайы қалай?
Коронавирус жұқтырған 12 жасар қыз Алматыға келе сала оқшауланған. Бұл туралы 16 наурызда Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Дәрігерлердің сөзінше, 12 жасар қыз бала Қазақстанға жеке ұшақтың басқа жолаушыларымен бірге Германиядан 13 наурызда ұшып келген, жағдайы бірқалыпты.
13 наурызда Денсаулық сақтау министрлігі осы жеке ұшақпен келген ер адамнан коронавирус табылғанын хабарлап, оның жағдайы орташа ауыр деп мәлімдеген.
Бұған дейін әлеуметтік желіде сот жүйесінің жоғары лауазымды қызметкері жеке бизнес-джетпен Германияда дипломатиялық қызметте істейтін ұлына ұшып барғаны жайлы ақпарат тараған. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарған жоқ я растамады.
Ресми дерек бойынша, қазір Қазақстанда 9 адам (жетеуі – Алматыда, екеуі – Нұр-Сұлтанда) коронавирус жұқтырған. Елде 1641 адам ауруханада, 981 адам үйде карантинде.