Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар 13 адамға жетті
18 наурызда Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі елде тағы бір әйелден Covid-19 табылған туралы хабарлады. Бұған дейін оның Лондоннан оралған күйеуінің де вирус жұқтырғаны анықталған деп хабарлайды Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосы.
Сонымен бірге Ташкентке Стамбулдан ұшақпен келген тағы бір өзбек азаматының вирус жұқтырғаны анықталды. Бұл азаматтардың барлығы осыған дейін дәрігерлердің бақылауында болған деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі өкілдері.
Өзбекстанда Covid-19 алғаш рет Франциядан оралған өзбекстандық әйелден табылған 15 наурыздан бері вирус жұқтырғаны анықталғандар 13 адамға жетті.
Қазақстанда - 35, Қырғызстанда 3 адамнан коронавирус табылған.
Қазақстан коронавирусқа байланысты шетелден туристерді қайтарып жатыр
18 наурызда Үндістанның Гоа аралынан қазақстандық 235 турист елге жеткізілді деп хабарлады Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі. Ресми ақпаратта бұлар қазір шетелде жүрген 4 мыңнан астам қазақстандық туристердің алғашқы тобы екені айтылған.
"Туризм және спорт комитеті туристер құқықтарына кепілдік жүйесі администраторымен бірлесе отырып [шетелде жүрген қазақстандық] туристердің барлығын Қазақстанға қайтару процесін бастау туралы шешім қабылдаған. Қазақстан азаматтарын елге жеткізу үшін кезектен тыс 17 әуе рейсі ұйымдастырылды. Алғашқы ұшақ 17 наурызда Гоаға ұшып шықты" деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің хабарлауынша, қазіргі кезде әлемнің 13 елінде 4 мыңнан астам қазақстандық турист жүр.
18 наурыздағы таңертеңгі мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған 35 адам бар. Елде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланған. 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин енгізіледі. Бұл екі қалаға көліктің кіріп-шығуына шектеу қойылады.
Коронавирус бойынша әлемдегі жағдай
Әлем бойынша COVID-19 вирусын жұқтырғандар 200 мың адамға таяды. Ең алғаш рет өткен жылдың соңында Қытайда анықталған коронавирустан осы кезге дейін жер бетінде сегіз мыңға жуық адам қаза болды.
Қазір Еуропада вирус Италияда өршіп тұр, бұл елде осы кезге дейін 28 мыңға адам вирус жұғып, 2,5 мыңнан астам адам көз жұмған.
Испания вирус 11 мыңнан астам адамға жұққан, 178 адам опат болған.
Қытайда бұл вирус 3 мыңнан астам адамның өмірін қиды. Қазір бұл елде вирус бәсеңдей бастаған.
Еуропа одағы жетекшілері 17 наурызда одақтың сыртқы шекарасын 30 тәулікке жабу туралы ұсынысты мақұлдады.
Сейсенбі күні АҚШ-та Батыс Вирджиния штатында коронавирус жұққан науқас тіркелді. Батыс Вирджиния осыған дейін АҚШ-тағы коронавирустан аман жалғыз штат болып келген еді.
18 наурыздағы түске дейінгі мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған 35 адам бар.
Бас прокуратура төтенше жағдай кезіндегі талаптар жайлы ескертті
18 наурызда Қазақстан бас прокуратурасы төтенше жағдай кезінде заң талабына мойынсұнбағандар жауапқа тартылатыны туралы мәлімдеме таратты.
Прокуратура елде коронавирусқа байланысты бірқатар шектеу енгізілгені, оны орындамағандар әкімшілік (10 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамау жазасы) және қылмыстық жауапкершілікке (айыппұл немесе бостандығынан айыру жазасы) тартылуы мүмкін екенін ескертті.
Бас прокуратура эпидемиологиялық жағдайы нашар елдерден келген азаматтардың міндетті "карантиннен жалтару, шетелге барғаны туралы және араласқан адамдар жайлы деректі жасыру фактілері" болғанын айтты.
"Санитария-эпидемиологиялық қадағалау органдарының нұсқауын орындамағаны (500 АЕК-ке дейін айыппұл) және санитария ережелері мен гигиена нормаларын бұзғаны үшін (5 миллион теңгеге дейін айыппұл) әкімшілік жауапқа тарту қарастырылған... Егер мұндай әрекеттер абайсызда адамдарды жаппай жұқтыруға немесе адам өліміне әкеп соқса, онда қылмыстық жауапкершілік артылады (Қылмыстық кодекстің 304-бабы – 2 мың АЕК айыппұлдан 10 жылға бостандығынан айыруға дейін жаза)" делінген бас прокуратура мәлімдемесінде.
Соңғы ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырған 35 адам анықталған. 17 науқас - Алматыда, 18 адам Нұр-Сұлтанда емделіп жатыр. 19 наурыз түнгі сағат 00.00-ден бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин енгізіледі. Қалаларға көліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылады.
Жергілікті кей басылымдар Алматы қаласының полиция департаменті карантин уақытындағы қала ішіндегі қозғалыс туралы әлі нақты түсініктеме бермегенін жазды.