Қазақстанда үш мыңнан астам адам карантинде
19 наурыздағы дерек бойынша, Қазақстанда қазір 860 адам ауруханада карантинде жатыр. 2611 адам үй карантинінде (барлығы 3471 адам). Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қазақстанда қазір 44 адамнан (Алматыда 19, Нұр-Сұлтанда 25 науқас) вирус табылған. Олардың арасында екі бала бар.
Маска киген не үшін маңызды? Маска вирустан қаншалықты қорғайды? Білу керек бес дерек.
Ондаған қазақстандық Мәскеу мен Омбы әуежайынан ұша алмай отыр
14 қазақстандық қазір Мәскеудегі Внукова әуежайынан елге орала алмай отыр. Олардың рейстері ұшпайтын болған. Қазақстандықтар Доминикан республикасынан, Германиядан, Үндістаннан және Шри-Ланкадан келе жатқан. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі Мәскеумен қазақстандықтарды қаладағы басқа әуежай арқылы ұшыру жағын ақылдасып жатқанын хабарлады.
Бұдан бөлек, 26 қазақстандық, оның бірі бала, Омбыдан Қазақстанға ұша алмай отыр. Қазақстан елшілігінің дерегінше, Омбыда қалып қойғандар – Нұр-Сұлтан, Павлодар, Петропавл тұрғындары. Олар транзит арқылы Вьетнамнан келе жатқан. Елшіліктің дерегінше, сегіз адам 20 наурызда соңғы рейспен Нұр-Сұлтанға ұшуға келіскен, қалғандары автокөлікпен қайтпақ.
Әлемде қанша миллион оқушы мектепке бара алмай отыр?
UNESCO дерегінше, қазір әлемнің 113-тен астам елінде коронавирус салдарынан мектептер жабылып, кем дегенде 849,4 миллион бала сабаққа бармай үйде отыр. Бұл елдердің қатарында Қазақстанда бар. Елде мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап ерте каникулға кеткен. Ал Түркия басылымдарының хабарлауынша, бұл ел 21-27 наурыз аралығында мектеп оқушыларына мемлекеттік TRT арнасының эфирі арқылы сабақ өткізбек.