- Авторы: Елена ВЕБЕР
Қарағанды облысындағы төрт қалада балабақшалар жабылады
26 наурыздан бастап Қарағанды облысындағы төрт қалада – Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқашта коронавирустың тарауын алдын алу үшін жарияланған карантинге байланысты балабақшалар жабылады. Бұл туралы 21 наурызда облыстық білім басқарамасының жетекшісі Есенғазы Иманғалив онлайн брифинг кезінде хабарлады.
Балабақшалар жұмысы қашан жалғасатыны белгісіз. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, балабақша жұмысы аймақтағы эпидемия ахуалына байланысты болмақ.
Онлайн-брифинг кезінде Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ержан Нұрлыбаев мессенджерлерде тараған “Теміртауда екі адам Covid-19 дертіне шалдығыпты” деген ақпаратты жоққа шығарды.
21 наурыздағы дерек бойынша, Қарағанды облысында 124 адам ауруханада карантинде, 31 адам үй карантинінде жатыр. Нұрлыбаев брифинг кезінде жұртты мереке күндері үйде қалуға, көшеге шықпауға шақырды.
Қарағанды облысында 48 және 49 жастағы екі адамнан вирус табылған. Жергілікті биліктің дерегінше, олар 18 наурызда Минск – Нұр-Сұлтан рейсмен ұшып келген. Олар Қарағанды облысының тұрғындары емес. Билік Нұр-Сұлтанға адамдарды карантинге жатқызу қиын болғандықтан ұшақ Қарағандыға қонғанын мәлімдеді. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, екі науқас қазір инфекциялық бөлімшеде жатыр. Жағдайы орташа.
Облыста коронавирус табылған соң қауіпсіздік шаралары күшейді. 20 наурыздан бастап ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары жабылды. Азық-түлік дүкендері мен дәріханаларда кезекте тек бес адам тұруы тиіс.
Қырғызстан 22 наурыздан бастап төтенше жағдай жарияламақ
Қырғызстан премьер-министрі Мұхаммедкали Абылгазиев бүкіл елде 22 наурыздан бастап бір айға төтенше жағдай жарияланатынын мәлімдеді.
Төтенше жағдай кезінде ішкі әуе рейстерінің ұшуы қайта қаралып, адамдар көп жиналатын орындардың жұмысы шектелмек. Елде тек дәріханалар мен азық-түлік сататын орындардың жұмысы жалғасады.
Бішкек әкімдігі 22 наурыздан бастап қалада қоғамдық автобустар тоқтап, тек троллейбустар жүретінін мәлімдеді.
21 наурыз таңертеңгі дерек бойынша, Қырғызстанда 12 адамнан вирус табылған. Оның сегізі – Жалал Абад облысы Сузак ауданында, үшеуі – Ош облысы Ноокат ауданында, бір адам – Баткен облысы Баткен ауданында. Бұл аймақтарда төтенше жағдай.
Әлемде коронавирустан қаза болғандар 11 мыңнан асып кетті
Әлемде коронавирустан қаза болғандар саны 11399 адамға жетті. Ал дертке шалдыққандар 275 мыңнан асты. Бұл туралы АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университеті мәлімдеді. Дәр қазір Еуропа елдері Covid-19 пандемиясынан көп зардап шегіп жатыр.
21 наурыздағы дерекке сай, Италияда 4032 адам көз жұмып, 47 мыңнан аса адам вирус жұқтырған. Вирус тараған Қытайда қазірге дейін 3259 адам қайтыс болды.
Одан кейінгі орында Иран тұр. Бұл елде, ресми дерек бойынша, 1433 адам қаза тауып, 19620 адамнан вирус табылды. Ал Испанияда 1093 адам қаза болып, 21570 адам коронавирус жұқтырған.
21 наурыздағы дерекке сай, Францияда 12630 адам ауырып, 450 адам опат болды. Германияда дертке шалдыққандар 20 мыңға жуықтады. Бұл елде 68 адам өмірден өтті.
АҚШ-та 19600 адамнан вирус табылып, 260 адам көз жұмды.
Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, Ұлыбританияда 178 адам қаза тапқан. 21 мың адам дертке шалдықты.
Иран жұрты коронавирусқа қарсы күреске қалай бірікті?
Коронавирустан қатты зардап шегіп жатқан Иран халқы бір біріне көмектесіп, індетке қарсы жұмыла күресіп жатыр. Еріктілер мұқтаж жандарға азық-түлік апарып береді, қоғамдық орында дезинфекция жасайды, студенттер маска тігеді.