Дәрігерлер Алматыдағы науқастардың жағдайы туралы айтты
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, 22 наурызда коронавирус табылған әйел бір апта бұрын Стамбул - Алматы бағыты бойынша ұшып келген бұған дейін вирус табылған жолаушымен байланыста болған. Сол себепті қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында карантинде жатқан. Бұған қоса, әйелде жедел респираторлық вирус инфекциясының белгілері болған. Қазір жағдайы орташа деді Тілеухан Әбілдаев.
Қазір Алматыда коронавирус табылған 20 науқас - қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында, 2 адам және бір сәбидің анасы (одан да коронавирус табылған) балалар жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр.
"Қазір екі науқастың жағдайы - орташа ауыр, бірте-бірте айығып келеді. Қалған науқастардың жағдайы - орташа" деді Тілеухан Әбілдаев.
Оның айтуынша, қазір қаладағы төрт провизорлық ауруханада 631 адам карантинде жатыр. 1243 адам - үй карантинінде.
Соңғы ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус жұққан науқастар саны 57-ге жеткен. Алматыда - 23 адам, Нұр-Сұлтанда - 31 адам, Қарағандыда - 2 адам, Алматы облысында 1 адам емделіп жатыр.
Қазақстанда қалған шетел азаматтарының виза мерзімі ұзартылады
Коронавирусқа байланысты енгізілген шектеу шараларына байланысты Қазақстанда 20 сәуірге дейін қалған шетел азаматтарының визасы ұзартылады. Бұған қоса, 57 елмен жасалған визасыз режим туралы келісім аясында келген шетел азаматтарының Қазақстан аумағында қалу мерзімі 30 күнге ұзартылады деп хабарлады президент жанындағы төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссиясы.
Сәйкесінше визасы немесе жұмыс істеу рұқсат қағазының мерзімі өтіп кеткендерге айыппұл салынбайды дейді комиссия.
Алматыда "блокбекеттерді айналып өтпек болған" таксистер ұсталды
Алматыда "блокбекеттерді айналып өтіп, жолаушы тасуға тырысқан" бес ер адам ұсталды деп хабарлады Polisia.kz.
"Олар сол үшін адам басына үш мыңнан бес мың теңгеге дейін ақша сұраған. Олар Әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша ("Төтенше жағдай режимін бұзу") жауапкершілікке тартылды. Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты айыппұл салды" деді Наурызбай аудандық ішкі істер басқармасының жетекшісі Дидар Аханов.
Италия билігі "экономикалық төтенше жағдай" туралы айтты
Коронавирус жұқтырғандар мен вирустан қаза болғандар саны жағынан әлемде бірінші орында тұрған Италияда билік эпидемиямен күрес шараларын күшейтті.
Италия үкіметінің жетекшісі Джузеппе Конте сенбі күні кешке ең маңызды мекеме мен ұйымдардан басқа барлық кәсіпорын, нысандарды жабу туралы шешім қабылдады. Дүкен, дәріхана, банк, поштадан бөлек, қоғамдық көліктер, хат-хабар жеткізу қызметі, ең қажетті азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жұмыс істей береді. Премьер-министр эпидемияға байланысты Италия "өндіріс моторын" бәсеңдетеді, бірақ толық тоқтатпайды. Конте "экономикалық төтенше жағдай" туралы айтты.
Италияда соңғы тәулікте коронавирустан 793 адам қайтыс болған. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда шамамен 20 пайызға көп. Эпидемия басталғаннан бері 4825 адам көз жұмған. Вирусты жұқтырғандар саны 53,5 мыңнан асты. Бір тәулікте 6557 адамға вирус жұққан.