Денсаулық басқармасы Ақтөбеде коронавирус табылған науқас туралы айтты
23 наурызда Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы бір күн бұрын коронавирус анықталған әйелдің жағдайы туралы айтты. Ол қазір Ақтөбедегі инфекциялық ауруханада арнайы бокста жатыр.
"Науқастың жағдайы тұрақты" деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиев.
Оның айтуынша, науқас 22 наурызда Мәскеуден ұшып келген. Келген соң бірден дәрігерлер бақылауына алынған. Науқаспен бірге Мәскеуден Ақтөбеге ұшып келген 57 жолаушының арасында Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Орал, Шымкент, Қызылорда қалаларының тұрғындары болған. Олар әуежайдан соң пойызға, самолетке, таксиге мініп, өз қалаларына кеткен. Сол жақта оқшауланған. Олардан коронавирус анықталмаған.
Жолаушылардың барлығы - Қазақстан азаматы. Науқас Ақтөбе қаласында тұрады. Басқарма дерегінше, экипаж мүшелері - Ресей азаматтары. Олар Ресейде карантинге жатқызылған.
Қазір Қазақстанда барлығы 60 адам Covid-19 дертіне шалдықты. Нұр-Сұлтанда - 31 адам, Алматы қаласында - 25 адам, Қарағанды қаласында - екі адам, Алматы облысында - бір адам, Ақтөбе облысында - бір адам коронавирус жұқтырды.
Германия канцлері Ангела Меркель үйден жұмыс істей бастады
Германия канцлері Ангела Меркель жексенбі, 22 наурызда үйде қалып, карантин режиміне көшті. Германия үкіметінің ресми өкілі Штеффен Зайберттің сөзіне қарағанда екі күн бұрын Меркель барған дәрігерден коронавирус табылған. Ол кезде дәрігер Меркельге пневмомок инфекциясына қарсы екпе салған.
Ангела Меркель бірнеше күн бойы коронавирус бойынша тестен өтпек. Ол қызметтік міндетін карантин жағдайында үйден атқара береді.
Канада Токио 2020 олимпиадасына спортшыларын жібермейді
Канаданың олимпиада комитеті Халықаралық олимпиада комитетін (ХОК) Токио ойындарын бір жылға шегеруге шақырды деп хабарлады Reuters агенттігі.
Коронавирус қаупіне байланысты спортшыларын Токио олимпиадасына жібермейтінін айтқан Канада бүкіл әлем "дағдарыста тұр, халық денсаулығы спорттан әлдеқайда маңызды" деді.
Мұның алдында Халықаралық олимпиада комитеті биыл жазға жоспарланған Токио олимпиада ойындарына қатысты шешімді төрт апта ішінде қабылдайтынын мәлімдеген. Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ алғаш рет "олимпиада ойындары шегерілуі мүмкін" деп мәлімдеді.
АҚШ-та бір күнде 8 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды
Бұл бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткіш. Бір күн ішінде 112 адам инфекциядан қайтыс болды. Елде вирусты жұқтырғандар саны 32 мың адамға жетті. Осылайша АҚШ вирус көп табылған әлемдегі үшінші мемлекетке айналды. Нью-Йорк, Вашингтон және Калифорния тұрғындарынан вирус көп табылып жатыр. Эпидемия басталған уақыттан бері елде 400-ден астам адам көз жұмған.
АҚШ-та соңғы күндері вирус жұқтырғандар саны күрт артқан. Бұл инфекцияның таралуымен қатар сынақтардың жиі өтіп жатқандығымен байланысты. Қазіргі кезде шамамен 200 мың Америка азаматы коронавирустан тексерілген. Президент Дональд Трамп, вице-президент Майк Пенс те тестен өткен. Олардан вирус табылмады. Коронавирус сенатор Рэнд Полд мен екі конгрессменнен анықталды.
Жексенбі, 22 наурызда Ақ үй баспасөз хатшысы Вашингтон штатын "ірі апат аймағы" деп тану туралы мәлімдеме таратты. Дональд Трамп штаттар мен муниципалитеттерге коронавируспен күрес бойынша көмек көрсетуді тапсырды.
"Америка дауысы" сайтының жазуынша, АҚШ-тың азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын санитарлық бақылау жөніндегі басқарма (FDA) короонавирусты 45 минуттың ішінде анықтайтын алғашқы жылдам тестті мақұлдаған.